Жиынға Ұлттық комиссияның тұрақты мүшелері, мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары, білім, ғылым және мәдениет қайраткерлері қатысты. Шараның алғысөзін Мәдениет және спорт министрі алып, еліміз егемендікке қол жеткізгелі бері Елбасы басшылығымен Қазақстанның әлем алдындағы беделін көтеру бойынша жүргізген жұмыстар туралы айтты. – Қысқа мерзімнің ішінде Қазақстан сыртқы саясатын белсенді жүзеге асырып отырған тұрақты, серпінді дамушы мемлекетке айналып отыр. 25 жыл ішінде Қазақстан ЮНЕСКО-ның Атқарушы кеңес, Бүкіләлемдік мұралар комитеті, ЮНЕСКО Халықаралық гидрологиялық бағдарламасы бойынша Үкіметаралық комитеті, сондай-ақ бірқатар сайлау бөлімдері секілді жұмыс органдарына белсенді қатысты. Ұйымның беделді тізімдеріне еліміздің материалдық емес мәдени мұра элементері, мәдени және табиғи мұра объектілері, Қазақстанның биосфералық қорлары енгізілді, – деді Мәдениет және спорт министрі. Сонымен қатар, ведомство басшысы Ұлттық комиссияның құрылуына атсалысқан ғалым Мұрат Әуезовке, ақын Олжас Сүлейменовке, Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетовке алғыс білдірді. Шараның салтанатты бөлігінде Қазақстанның төрт жаңа элементтері, яғни «Наурыз», «Аңшы құстармен аң аулау», «Жұқа нан дайындау дәстүрлері: лаваш, қатырма, жұпқа, юфка», «Қазақ күресі» ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұра Репрезентативтік тізіміне енгізілгені жөнінде сертификаттар тапсырылды. Сонымен қатар, Ұлттық комиссияның өткен жылғы жұмысы қорытындыланып, 2017 жылғы қызметінің негізгі бағыттары анықталды.
Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»