• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Мамыр, 2017

Жылдың үздік отбасы анықталды

409 рет
көрсетілді

«Мерейлі отбасы» ұлттық бай­­қауының аймақтық кезеңінің қоры­тындысында жеңімпаз деп таныл­ған жетісулық екі отбасының әрқайсысы 1 млн теңгенің сертификатын, I дәрежелі диплом иеленді.

Көжекбаевтар әулетінің ақсақалы 105 жастағы қария Күрішбек Көжекбаев пен Жарасовтар отбасының отағасы Мақсымжан Жарасов марапаттарын облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың қолынан алды.   Облыстық байқаудың салтанатты жиынында облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар құттықтау сөз сөйледі.  – Өз мәресіне жетіп отырған «Мерей­лі отбасы» байқауының облыс­тық кезеңі құтты болсын! Ел ір­ге­сінің берік ұстыны саналар әрбір шаңыраққа береке-бірлік, бақыт пен шаттық тілеймін! Елбасы­мыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен қолға алынып отыр­ған байқаудың мақсаты – отбасы­лық құнды­лықтарды нығай­ту, тату-тәтті, тәрбиелі шаңырақ мүше­лерін көп­шілікке таныстыру. Ел ішін­де ауы­лдастарының құр­ме­тіне бө­лен­ген, ардақты, берекелі әулеттер,  өнегесі мол отбасылар бар­шылық. Сондықтан жыл өткен сайын «Мерейлі отбасы» бай­қауы­ның мәні артып, қатысқысы келетін­дердің қатары ұлғайып келеді. Мерейлі отбасыларды үлгі-өнеге ету арқылы өскелең ұрпақты ізгілікке тәрбиелей аламыз. Бүгінгі байқау жеңімпаздарын шын жүректен құт­тықтаймын! – дей келе Ж. Омар жүл­дегерлерді марапаттап, сый-сия­паттар тапсырды.  I дәрежелі дипломмен екі отбасы – Жамбыл ауданынан келген Жарасовтар мен Ұйғыр ауданының тұрғындары Көжекбаевтар отбасы марапатталды.  Жарасовтар отбасы – «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасын жүзе­ге асыруға ауқымды үлес қос­қан әулет. Отағасы Мақсымжан Жарасов миллионнан астам ағаш отырғызған. Мемлекет басшысының Жарлығымен «Құрмет» орденін иеленіп, «Экология саласының үздігі» төсбелгісін алған. 8 баланы аяқтандырып, 40 немере, 21 шөбере көріп отыр. Көжекбаевтар отбасының да үлгісі ерен. Күрішбек Көжекбаев – Ұлы Отан соғысының ардагері, соғыстан кейін де елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосты. Бірнеше мемлекеттік наградаларға ие болған, соның ішінде «Құрмет» ордені де бар. Қазіргі кезде 105 жастағы ардагер 4 баладан 25 немере, 30 шөбере, 15 шөпшек сүйіп отыр.   Екі отбасы да елордада өтетін республикалық байқауда бақ сынап, облыстың намысын қорғайтын болады.  Екінші орынды Ұйғыр ауданы­ның тұрғындары Хамраевтар отбасы мен талдықорғандық Мырза­таев­тар және Ескелді ауданы­нан Тайжановтар иеленіп, 300 мың тең­генің сертификатын алды. Үшін­ші орынға лайық деп танылған алакөлдік Қожабековтер отбасы, Еңбекшіқазақ ауданынан Қартбаевтар және Қарасай ауданынан келген Жанғұттылар отбасына III дәрежелі диплом мен 250 мың теңгенің сертификаты берілді. Бұлар облыстың сауда, шығармашылық, ауыл шаруашылығы, әскери қызмет салаларында еңбек етіп жүрген өнегелі отбасылар. Байқауға қатысқан басқа 30 отбасына да облыс әкімінің алғыс хаттары мен ақшалай сыйлықтар ұсынылды. 

Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы