• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Мамыр, 2017

Астанаға жаяу аттанды

170 рет
көрсетілді

Өскеменнің тұрғыны Ғалым­жан Тоқтар 26 мамыр күні сағат 9-да қала іргесіндегі Қабанбай батыр ескерткіші алдынан мың шақырым жердегі елордаға қа­рай жаяу аттанып кетті. Күннің ыс­тығына қарамастан Арқа төсін бетке алған жігіт 16 маусым күні Астанадағы «Мәңгілік Ел» монументіне жетуді межелеп отыр. Ғ.Тоқтардың өзі жол үстінде болғандықтан, ұялы телефон арқылы зайыбы Еркегүл Мұқиятқызымен аз-кем тілдестік. 

«Ғалымжанның бұл сапары­ның мақсаты – елімізде өткізілгелі жатқан халықаралық ЭКСПО көрмесін жұртшылыққа наси­хат­тау. Әуелі Өскеменнен Семейге жетіп, одан әрі Кереку қаласына аялдаған соң, Ерейментау арқы­лы Астанаға табан тірейді», – деген ол бір көлікпен жұбайының  арты­нан келе жатқандықтарын, өз­дерімен бір дәрігерді ала шық­қандықтарын айтты. Бұл сапар­ға ешқандай арнайы меке­­ме­лердің қатысынсыз, өз еріктері­мен, туған-туыс, жолдас-жора­ларының көмегімен аттанып бара жатқандықтарын, «бүгін мында қонамыз», «ертең анда қонамыз» деп алдын ала жоспар құрмағандарын да жеткізді.    27 мамыр күні хабар­лас­қаны­мызда, Еркегүл Ғалым­жанның 26 мамыр күні 70 ша­қырымды жүріп өтіп, Глубо­кое ауданындағы Гага­рино ауы­лы­на қонып, жолға шық­қанын, бұл күні Бұлақ ауылына түнеп, Се­мей­ге 29 мамыр күні жетуді жос­пар­лап отырғанын тілге тиек етті. «Түнде жол үстінде түнесек деп өзімізбен бірге шатыр ала шыққанбыз. Бірақ тұрғындар біздің келе жатқанымызды ал­дын ала біліп, телефон шалып, «біздің үйге қоныңдар» деп қонақжайлылық танытып жатыр. Мұндай кеңпейіл азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ», – дейді ол. Еркегүл Мұқиятқызы Ғалым­жанның күнделікті жүгіру, тынығу тәртібін де айтып берді. Оның айтуынша, жұбайы таңертең сағат 6-да тұрып, 6:30-ға дейін таңғы асын ішіп, сағат 7-ден жүгіруді бастап, бір сағат жүгіріп, 10 минут тынығып алады екен. Бір күнгі жүгіру межесі – 8 сағат, жүгіру ұзақтығы – 60-70 шақырым.  Қазір Астанаға жаяу жол тартып бара жатқан жігітті жолай күтіп алып, ас-су ұсынып, құдайы қонақ етуге ниетті азаматтардың 87789262622 телефонына хабар­ласуларына болады.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы