• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
30 Мамыр, 2017

Аңызды аңсау

434 рет
көрсетілді

Көзден кеткенмен, көңілден өшпеген өткен шақтың кейбір сәулелі сәттері ойыма оралып отырғанын қарашы.

Ақ бас Алатаудың асқар биі­гінен ақилана ақтарылған асау Ақсудың етекте ентігін басып, жайылып ағар жағасындағы бұйрат құмдар арасында бұққан ауылымыздың тірлігі бұрқ-сарқ қайнап жататын. Көшенің шаңын көтеріп доп қуалаған қара домалақтар ойынның жа­ғын айырып болған соң аяқ суыту үшін алаңқайға алқақотан отыра қалатынбыз. Ой, сонан соң «Тотының» тоқсан тол­ғауындай футбол туралы ұзақ-сонар әңгімеге кірісетінбіз. Бір­і­мізден-біріміз өткен білгіш­піз. Айтқандарымыздың рас-өтірігін айыра алмайсың. Көбі­несе елден естігендерімізді көпіртеміз.  – Атақты комментатор Вадим Синявскийдің мақа­мы­­мен майын тамызып, құд­ды радио­дағыдай құлақ құры­шың­ды қандыра репортаж жүргізе алатын Аханбай аға (белгілі журналист Айгүл Аханбайқызының әкесі – автор) айтты, ілгеріде КСРО мен Бразилия кездесуінде Пеленің оңға-солға ойқастаған шалт қи­мы­лы­нан шатқаяқтаған Воро­нин тепе-теңдікті сақтауға ша­­ма­сы жетпей жалп ете қалып­ты... – Алматыда «Қайрат» пен «Торпедо» ойнағанда біз­дің Вадим Степанов әйгілі Эдуард Стрельцовтың аяғын тұса­ғандай адымын аштыр­мағанын Жақсыгелді көкем өз көзімен көріпті... – Шіркін, грузиндердің маңдайға басар мақтанышы Месхи мен Метревелиге жетер жампоз бар ма?!. – Ала тақиялы ағайындардың ақберені Берадор Абдурайымов та ешкімге есесін жібермейді. Кезінде тбилисилік тарланбоз Гиви Гавашели екеуі еліміздің ең мерген шабуылшысына бері­ле­тін «Труд» газетінің арнайы жүл­десін алғанын ұмыттыңдар ма? – Әй, сендер де сөйлей­сің­дер-ау, өзеуреп өзгелерді дәріп­тегенше, өзіміздің Сегіз­баевты неге айтпайсыңдар осы. Оның оң аяғының сұрапыл соқ­қысын ұстау мүмкін болма­ғындықтан қарсыластар жағы қақпаға маймылды қойған екен.Содан... Тыңдаушыларын сілтідей тын­дыратын бұл аңыздың қа­лай аяқталатыны бәрімізге аян. Ежелден ертегіге құмар, қия­лы жүйрік халқымыздың ұлық­тауға татитын ұлдарын ба­тыр­лар жырының басты кейіп­керлеріндей асыра бейнелеуін айыпқа бұйыру, әрине, әбестік болар. Әйтеуір, адал ниеттен туған әсірелеу екені анық қой. Ал, ақиқатында Тимур Сегіз­баев сол уақытта КСРО бі­рін­шілігінің жоғарғы тобында республика намысын қорғаған «қу» жалғыз Алматының «Қай­ратының» капитаны еді. Оның өзіндік ойын-өрнегі, теңбіл доптың бүйірін тесіп жіберердей тегеу­рінді тепкісі, жанын­дағы әріптестерін жеңіске жете­лейтін жеке басының үлгісі қандай құрметке де лайық-тұғын. Негізінен өзге ұлт өкіл­дерінен құралған командаластарын қазақтың қараторы жігіті жайтаңдап жасыл алаңға бастап шыққанда кеуделерін мақтаныш кернегенін байырғы жанкүйерлер емірене еске алады. Әсіресе, Мәскеудің төрінде әйгілі «Спартактың» қақпа­сына қайқайтып тұрып екі гол соққанында одақтық баспасөзде орны бөлек «Комсомольская правда» «Тимур и его коман­да» деген тақырыппен мақа­ла жариялағанын бүгінгі жастар біле бермеуі мүмкін. Алматы­дағы орталық стадионның алдында орнатылған футболшы ескерткішінің прототипі Тимур Сегізбаев десек те қателесе қоймаспыз.  Аты аңызға айналған азамат кейін бапкерлікке ауысқан кезінде де әжептәуір табыстарға жетті. Ол аға жаттықтырушы бол­ған тұста «Қайрат» КСРО чем­пионатындағы ең үздік көр­сет­кіші − 7-ші орынды иеленді. Білікті маман үлкен спортта үмітін үкілеген талай таланттың бағын ашты.   Мәселен, төменгі топ­тағы Ашхабадтың «Колхоз­шысы­нан» Құрбан Бердыевті шақырып, қайраттық Сер­гей Волгин, Евстафий Пехлева­ни­ди, Вахид Масудов сияқ­ты саңлақтардың сапына қос­ты. Көп кешікпей-ақ түркі­мен­стан­дық тастүлектің түтіні түзу ұшып, сүйікті командамыздың сенім артар серкесіне айналғаны белгілі. Таңғажайып техникасы еріксіз таңдай қақтыратын. Алаң­ды көре білетін, ойынды оқи алатын айрықша қабі­ле­­тінің арқасында Давид Ки­пиа­ни, Хорен Оганесян, Юрий Гав­рилов, Леонид Буряк сынды кеңестік футбол жұл­дыз­дары­мен тең дәрежеде өнер көрсетті. Бірақ, бабы келіс­кен­мен басқа себептерге байланыс­ты бас құрамаға алынбады. Есесіне есімі Еуропаға мәлім айтулы бапкер атанды. Ол жетекшілік жасаған Қазанның «Рубині» Ресейдің доп додасында топ жарып қана қоймай, халықаралық аренада азуын айға білеген «Барселонадан» басым түскенін білеміз.  ...Неге екені белгісіз, қазір­гі таңның Тимурлары жайында ақиқатқа бергісіз аңыздар айтылмайды. Ода арнауға лайық ондай оғландар бар-ау. Алайда, баяғы біздей аузын ашып, көзін жұ­мып аңыздарға сенетін аңқау балалар табыла қояр ма екен...

Талғат БАТЫРХАН,  «Егемен Қазақстан»