• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қаржы 30 Мамыр, 2017

Қаржы министрі БЖЗҚ-ның Әзербайжан банкіндегі қаражаты туралы айтты

133 рет
көрсетілді

ҚР Үкіметінің отырысында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов зейнетақы қоры салымшыларының ақшасын халықаралық Әзербайжан банкінен қайтару жұмысы туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Үкімет отырысын бастамас бұрын, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының Әзербайжан банкінің бағалы қағаздарына салынған 250 миллион доллар сомасындағы қарызын қайтару туралы мәселені көтерді.

«Аталмыш мәселе қоғам арасында жиі талқыланып жатыр. Үкімет отырысында осы сауалға да тоқталғанды жөн көрдік. «ҚР Зейнетақымен қамтамасыз ету туралы» заңы бойынша, БЖЗҚ-ның меншік иесі мемлекет болып табылады. Мемлекет зейнетақы жарналарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сондықтан азаматтардың зейнетақы активтерінің сақталуына Үкімет тікелей мүдделі. Мен өзімнің әзербайжандық әріптесіммен, Премьер-министрмен сөйлестім. Ол өз кезегінде банк кредиторларына қаражатты қайтару процесіне қолдау көрсететінін уәде етті. 23 мамырда Лондонда шетелдік кредиторлармен, сонымен қатар ҚР Ұлттық банкі мен ҚР Үкіметінің өкілдерімен болған кездесуде қарызды қайтарудың егжей-тегжейлі жоспары таныстырылды. Бақыт Тұрлыханұлы, мен Сізге осы мәселе бойынша Әзербайжанның Қаржы министрімен сөйлесуді және аталған сауалды бақылауда ұстауды тапсырған болатынмын. Толығырақ баяндама жасауыңызды сұраймын!», - деді Б. Сағынтаев.

Өз кезегінде Б. Сұлтанов, 2014 жылы қазан айында зейнетақы активтері мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының портфеліне халықаралық Әзербайжан банкінің 250 миллион долларға қарыздық бағалы қағаздары 10 жылдық мерзімге және 8,25 проценттік мөлшерлемемен сатып алынғанын еске салды. Ол кездегі бағам бойынша, бұл сома 45 млрд теңге шамасында болған.

«ҚР Ұлттық банкінің мәліметтері бойынша, 2014 жылдан бүгінгі уақытқа дейін БЖЗҚ Әзербайжан банкінен 15 млрд теңге шамасында пайда көрген. Бұл - инвестицияланған соманың 3/1-і. Ол 52 млн АҚШ доллары. Сіздің тапсырмаңыз бойынша, мен өз әріптесіммен, Әзербайжан Қаржы министрі Самир Шарифовпен тілдестім. Ол Әзербайжан Үкіметінің атынан осы сауал бойынша уәкілетті өкіл болып табылады. Мен ол кісімен әрдайым байланыстамын. Оның түсіндіруінше, Әзербайжанның ұлттық валютасы - манат  девальвацияға ұшырауына байланысты, халықаралық Әзербайжан банкі өзінің шетелдік кредиторлары алдындағы міндеттемелерін орындаудан бас тартқан. Бұл мәселе Әзербайжан үкіметінің жіті бақылауында. Әріптестерімнің айтуынша, Әзербайжан Үкіметі барлық кредиторлардың мүдделерін қамтамасыз етуге дайын. Біз өз тарапымыздан ҚР Ұлттық банк пен ҚР Үкіметі өкілдерінің толық ақпаратпен қамтамасыз етілуін сұрадық», - деді Қаржы министрі.

«Біздің басты мақсатымыз жағымсыз салдарларды мейлінше азайту және БЖЗҚ салымшыларының мүддесін қорғау, сонымен қатар 250 млн доллар сомасындағы негізгі қарыздың сақталуын қамтамасыз ету. Келіссөздер барысындағы біздің басты ұстанымымыз осындай. 23 мамырда Лондонда өткен кездесуде қарызды қайта құрылымдаудың үш нұсқасы айтылды. Әзербайжан банкінің 250 млн доллар сомасындағы міндеттемелерін 5,125 проценттік мөлшерлемемен 12 жылдық мерзімге 200 млн доллар болатын Әзербайжанның мемлекеттік бағалы қағаздарына алмастыру. Екінші нұсқа - 250 млн долларға пара-пар 3,5 проценттік мөлшерлемемен 15 жылға Әзербайжанның мемлекеттік бағалы қағаздарына алмастыру. Үшінші нұсқа - осы банктің 250 млн доллар тұратын жаңа шығарылған облигацияларын 3,5 проценттік мөлшерлемемен 7 жылға алу. Барлық нұсқаларды талдай отырып, ҚР Ұлттық банкі мен Үкіметі өкілдерінен құралған комиссия Қазақстан салымшылары үшін ең тиімді нұсқасы таңдалып алынады», - деп атап өтті Б. Сұлтанов.

Министрдің сөзінше, биыл шілде айының орта тұсында банк кредиторларының жиналысы өтеді. Онда банк қарызының қайта құрылымдаудың әзербайжан тарапы ұсынған нұсқалары талқыланады. Егер кредиторлардың 3/2-сі қайта құрылымдау жөніндегі шешімге келісетін болса, банк қарызын қайта құрылымдау бойынша жұмыстар ары қарай жалғасын табады. Әзербайжан тарапы мәлім еткеніндей, бұл жұмысты биыл күзде аяқтау жоспарда бар.