Корея Республикасының еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Ким Дэ-Сик қос тарап арасында дипломатиялық ынтымақтастық орнаған 25 жылдың ішінде өзара байланыс тетігі нығайып келе жатқанын жеткізді. «2009 жылдан бастап біздің қарым-қатынасымыз стратегиялық әріптестіктің жаңа деңгейіне көтерілді. Бүгінгі күнге дейін қос тарап арасындағы сапарлар мен достыққа негізделген келіссөздер Қазақстан-Корея ынтымақтастығының тереңдеуіне жаңаша серпін берді. Мен өз тарапымнан электронды үкімет, мемлекеттік басқару, адами ресурстарды басқару секілді мәселелерді, жалпы екіжақты байланысты кез келген салада одан әрі дамытуды назарда ұстайтын боламын. Бұдан бөлек, Қазақстандағы корей диаспорасы да екі ел арасындағы әріптестіктің жандануына серпін берді, әлі де ықпал етіп келеді. Қазір Корея үкіметі ЭКСПО-2017 көрмесіне белсене қатысуға дайындық шараларын жүргізіп жатыр. Көрме аясында Корея павильоны жаңа технологияларға негізделген озық өнімдерін жұртшылық назарына ұсынатын болады», – деді.
Ал Сербия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Владан Матич соңғы бірнеше жылдар бойы қос мемлекет қарым-қатынасының қарқын ала түскеніне, Сербия үшін Қазақстан Орталық Азиядағы маңызды серіктестердің бірі екеніне тоқталды. Ол: «Біз Қазақстанның сыртқы және ішкі саясатын қолдаймыз. Мен өз тарапымнан бүгінгі күнге дейін жүргізілген жұмыстарды одан әрі жалғастыруға күш салатын боламын», – деді өз сөзінде.
Индонезия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Рахмат Прамоно мен Румынияның Төтенше және өкілетті елшісі Чезар-Маноле Армяну да әріптестерінің сөзін қуаттады. Мәселен, Рахмат Прамоно Индонезияның Қазақстанда бүгінгі күнге дейін тағайындалған екінші Төтенше және өкілетті елшісі екен. Жалпы, бұл елмен дипломатиялық байланыс 1993 жылдың 2 маусымында орнаса, Индонезияның Астанадағы елшілігі 2010 жылдың желтоқсан айында ашылды. Өз сөзінде Рахмат Прамоно: «Бүгінде Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Тұрақты емес мүшелігіне сайлануы арқылы әлемде бейбітшілік пен тыныштықтың орнауына күш салып келеді. Оған Сирияда қалыптасқан жағдай бойынша Астанада бейбіт келіссөздердің жүргізілуі – дәлел. Сол себепті, Индонезия Қазақстанның өңірдегі тұрақтылықпен қатар, дүниежүізіндегі қауіпсіздіктің нығаюына қосып отырған үлесін жоғары бағалайды. Жалпы, екі мемлекет әріптестігінің даму әлеуеті жоғары. Қос ел қарым-қатынасына бизнесмендердің жүргізген өзара келіссөздері де тың серпін береді деп ойлаймын. Алдағы уақытта Индонезияның 2 компаниясы фармацевтика және тау-кен салаларына инвестиция құюды көздеп отыр», – десе, Румынияның Төтенше және өкілетті елшісі Чезар-Маноле Армяну Қазақстан мен Румыния биыл 15 шілдеде дипломатиялық байланыстың орнауының 25 жылдығын атап өтетінін атап өтті.
«Қазіргі таңда қос мемлекет арасында дипломатиялық деңгейде көңіл толарлықтай қарым-қатынас, ал президенттік, парламенттік, үкіметтік деңгейде жоғары саяси үнқатысу орнаған. Бұдан бөлек, экономикалық ықпалдастық мәселесінде өзара сенім бар, мәдени, білім-ғылым салаларында жақсы деңгейдегі әріптестік жолға қойылған. Мен алдағы уақытта екіжақты келіссөздер көкжиегінің кеңеюіне, оның ішінде экономика, сауда, иннофациялық технологиялар, адами ресурстарды басқару, білім-ғылым, мәдениет пен спорт салаларындағы байланысты жандандыру жолында еңбек ететін боламын», – деді Чезар-Маноле Армяну.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»