• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 30 Мамыр, 2017

Қазақстандағы көппәтерлі үйлердің 1/3-і жөндеуді қажет етеді

126 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі мен Қазақстандағы Біріккен ұлттар ұйымының даму бағдарламасы (БҰҰДБ) арасындағы «ТКШ саласындағы орта және шағын бизнесті дамыту және инвестициялық тартымдылықты арттыруға арналған тұрғын үй қатынастарының жүйесін жетілдіру» атты бірлескен жобаны іске асыру туралы Келісімге қол қойылды, деп хабарлайды Инвестиция және даму министрлігі.

Жобаның мақсаты – тұрғын үй қорын басқару және күтіп-ұстауға шағын және орта бизнесті (ШОБ) тарту арқылы ТКШ секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру болып табылады.

Қазақстанда бүгінгі таңда шамамен 80 000 көппәтерлі тұрғын үй ғимараттары тіркелген. Ғимараттардың 1/3 бөлігі жөндеу жүргізуді қажет етеді. Көптеген ғимараттардың жылумен қорғаудың қазіргі заманғы талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты терможаңғыртуды талап етеді. ШОБ осы мәселелерді шешудің локомотиві бола алар еді, алайда аталған салаға айтарлықтай назар аударылып отырған жоқ.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, әсіресе оның сегменттерінің бірі – көппәтерлі тұрғын үй қоры – бұған дейін коммерциялық инвестициялар үшін пайдаланылмаған болашағы бар нарық болып табылады. Алайда, бұған тиісті нормативтік-құқықтық және институционалдық жабдықтау қажет. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен БҰҰДБ арасындағы бірлескен жаңа жобасы -  тұрғын үй заңнамасына қажетті өзгерістерді, толықтыруларды әзірлеумен, тұрғын үйлерді кәсіби деңгейде басқаруға ауысу үшін жағдай жасау және секторға инвестицияларды тартудың әртүрлі механизмдерін сынақтан өткізумен айналысуды жоспарлап отыр.

Осы мәселелерді шешу қалалардағы және тұрғылықты елді-мекендерінде халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, ТКШ жүйелерінің тұрақты қызмет етуіне, тұрғын үй секторындағы энергия тиімділігін ілгерілетуге және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал ететін болады.

ҚР ИДМ мен БҰҰДБ арасындағы бірлескен жоба 2018 жылдың аяғына дейін іске асырылады. Жобаның жалпы бюджеті 650 млн.теңгеден асады.

Аталған жоба, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған, ал қабылданатын шешімдер тұрғындардың масылдығын төмендетуге ықпал етеді.