Содан кейін олар әкеме әртүрлі нақақтан жала жауып, «құлақ» деп түрмеге қаматқан. Денсаулығы онша жақсы емес еді. Қайта-қайта ауыра берген соң, орнына үлкен баласын қамапты. Қасіретті қарасаңызшы, түрмедегі кесел бірінен біріне жұғып, үлкен ағамыз қайтыс болыпты.
Сол ашаршылықтың салдарынан әкем қайтыс болды. Одан кейінгі біздің жағдайымыз тіпті ауырлап кетті. Шаш ал десе, бас алатын шолақ белсенді атқамінерлер біздің еуропалық үлгіде салынған, заманында талайдың көзқұртына айналған үйімізді өртетіп жіберді. Сөйтсек, оның астарында алтынды иемдену тұрыпты. Ойлары орындалып, үйдің ішіндегі үлкен тіреуден алтын табылады, олжалайды. Әкеміз марқұм сол тіреуден білдірмей қуыс жасап, сонда жасырып қойған екен.
Әкеміз қайтпас сапарға аттанды. Баспанамызды арам ниеттер өртеп тынды. Алтын да қолды болды. Осының кесірінен біз де ашаршылыққа іліге бастадық.
Анам жүзігін, білезігін сатып, амалдап күн көріп жүрдік. Кейде көшеден көреміз, адамдардың аштан баудай түсіп, қырылып жатқанын. Бір күні базардан келе жатсақ, еңгезердей үлкен адамның кеудесі мен іші ашық жатыр екен. Дидарын үрей билеген анам, бірден менің көзімді жапты. Сөйтсем, ол өліп қалған біздің жақын ағайынымыз екен ғой.
Кейіннен Түлкібас ауданындағы Темірбастау деген жерге жан сауғалап кеттік. Қамқоршымыз бір ғана шешем. Мен соңынан жаяу келе жатқанмын, анам екі жасар қарындасымды көтеріп алған. Барар жеріміз онша алыс жол емес. Бірақ аштықтан әл-дәрменіміз құрып, жүре алмай келеміз, жағдайымыз ауыр.
Ілби басып жүрген адамға қарыс қадам жер көш жер болып кетеді екен. Мына сұмдықты қарамайсың ба?! Күн еңкейіп, кеш кіре бастады. Осы азаппен келе жатқанда бізге бір үйір қасқыр жолықпасы бар ма, қоршап алды. Шешем қайратына мініп, қолындағы таяғын сермеп, сес көрсетеді. Оның әлсіз екенін азулары ақсиған бөрілер білетін секілді. Әйел адам болған соң ба, ыға қоймайды. Қайта ентелей түседі.
Қасқырлар ырылдап, топырақ шашып, жақындай бастады. Мен қорыққанымнан шешемнің етегіне оралдым. Шешем амалсыздан қолындағы екі жасар қызын «Құлыным!» деп құлындағы дауысы шығып, анталаған қасқырларға қарай лақтырып жіберді. Араны ашылған қасқырлар қарындасымды талап жатқанда, шешем мені ала қашты. Сол бір сұмдық сәт күні бүгінге дейін көз алдымнан кетпейді. Анамның «құлыным» деген үні дәл қазір құлағымның түбінде шыңылдап тұр.
Содан кейін жан ұшырып, бір шақырымдай жер жүріп, жездеміздің үйіне бардық. Мұны естіген үйдегілер атқа мініп қыз қалған жерге барса, қасқырлар қарындасымның шашынан басқа түк те қалдырмапты.
Иә, осындай қасіретті біз ғана емес, біз секілді қаншама қазақ бастан кешті екен? Сонда менің аяулы анам әулеттен бір тұқым қалса екен, бір ұрпақ әкесінің атын өшірмесе екен деп, мені құтқарып қалыпты. Қарындасымды менің жолыма құрбандыққа шалыпты. Мен ес кіргеннен бастап, сол анамның үмітін қайтсем ақтаймын деп талпындым. Күні бүгінге дейін сол талпыныстан танбай келемін. Тек өзім ғана емес, ұлтымның басындағы қасіретті жаңылмай айтып, енді сондай сұмдық оралмаса екен деймін. Осыны бүгінгі еліміздің әр адамы, әсіресе, жастар естерінде ұстаса қане. Ашаршылық қазақты қансыратып, миллиондарды көмусіз қалдырды. Жасым тоқсанға бет алса да, ұлтымның басындағы сол бір қилы кезеңді еске түсіргенде ет жүрегімді біреу инемен шабақтағандай болып қиналатыным бар.
Тірі адам тіршілігін жасайды екен. Жездеміздің үйінде жүріп, жұмыс жасап, ел қатарына қосылдық. Бірақ телқозыдай өсіп келе жатқан қарындасымнан айырылатын оқиға жоғарыдағыдай болған. Бұл ашаршылық алапатының қасіреті еді.
Мекемтас МЫРЗАХМЕТОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреат