Көршілерімізге бауыр басып кеткеніміз сонша, олар біздің ұлтымыздың иран екенін ұмытып кететін. Кейбір этностардың тіл үйрену қиын дегеніне сенбеймін. Біз қазақ халқының ортасында ана тілін тез үйрендік. Әкем үнемі татулық, көрші парызы, елдің қадірі жөнінде айтып отыратын. Қазақтың қасиетін бойларыңа сіңіріп, бауырмалдығы мен дархан мінезінен үлгі алыңдар дейтін. Қазір әкемнің әлі күнге өсиетін орындап, берік ұстанып келемін. Мен ынтымағы мен бірлігі жарасқан, Қазақстанда оның ішінде салт-дәстүрі сақталған Оңтүстікте тұрып жатқанымды мақтан етемін.
Қилы-қилы замандарда түрлі тағдырмен қазақ еліне қоныс аударған ирандықтарды қазақ халқы жатсынған жоқ. Құшақ жая қарсы алды. Қысылтаяң шақта шынайы жанашырлық танытты. Қазақстанға Иран ұлты өкілдері үш толқынмен келген. Алғашқы толқыны төӊкеріс кезеӊінде, екінші толқыны 30-шы жылдардағы аштық дәуірінде мал айдап келіп, саудалап жүріп тұрақтап қалады. Ал үшінші толқыны Ұлы Отан соғысынан кейін келгендер екен.
Бүгінде Оңтүстікте 5 мыңға жуық иран халқының өкілі бар. Олардың көбісі Бәйдібек, Сарыағаш, Төлеби, Қазығұрт аудандарында шоғырланған.
Қазақстанға саяси қуғын-сүргінмен келген ұлт диаспоралары бірігіп «Қазақ елiне мың алғыс!» монументiн тұрғызды. Бiрi қуғынға ұшырап, бiрi жер аударылып келген этностар төрінен орын берген қазақ халқына айтар алғысы шексіз.
Нұрсбек КАПАР-ПУР, Иран этномәдени бірлестігінің төрағасы Оңтүстік Қазақстан облысы