Қазақстан футбол федерациясының президенті Сейілда Байшақов 10 маусым күні Алматы Орталық стадионында өтетін футболдан 2018 жылғы Әлем Чемпионатының іріктеу турниріндегі Қазақстан мен Дания құрамалары арасындағы маңызды кездесуге жанкүйерлерді шақырды.
«Біздің футболшылар ӘЧ-2018 іріктеу кезеңінде өз алаңында Румыния және Польша құрамаларын қабылдап, лайықты қарсылық көрсетті. Қазақстанға келген кез келген еуропалық қарсылас біздің құрамадан қаймығатыны анық. Өйткені, Қазақстан құрамасында ауа-райының ыстығы мен суығына қарамастан, үнемі қолдау көрсететін нағыз жанкүйерлері бар!
Дания құрамасының әлеуетін барша әлем біледі. Оның құрамында Кристиан Эриксен, Каспер Шмейхель, Симон Кьяер, Каспер Дольберг, Риза Дурмиси және басқа да мықты ойыншылар бар.
Барлық футбол жанкүйерлерін 10 маусым күні Алматының Орталық стадионында өтетін Қазақстан мен Дания құрамаларының арасындағы ойынға шақырамын. Біздің құрамаға қолдау көрсетіңіздер!» дейді ҚФФ президенті Сейілда Байшақов.