Аса жайлы «Сарыарқа» электр пойызымен елордасына алғашқы 200-ден астам жолаушы келіп жетті. Пойыздың аға жолсерігі Лаура Жәркенованың айтуынша, «біз жолаушыларға пойыздың жаңа вокзалға тұрақтайтындығын алдын ала айттық.
Шындығын айту керек, жаңа вокзалға алғашқы болып келетіндігімізге қуанғанымызбен біз қатты қобалжыдық. Есте қаларлықтай тарихи оқиға болды». Жолсеріктің айтуынша, «Қарағанды -Астана» бағдарындағы жаңа жылжымалы құрамында жолаушыларға барлық қолайлы жағдай жасалған. Вагондарда ауа баптағыш, жолаушылар ағынын тіркеп, сараптап отыру үшін бейне бақылау жүйесі орнатылған».
Бүгін, 1 маусымда жаңа вокзал кешеніне Павлодар, Маңғыстау жолаушылар пойыздары келіп тоқтаса, осы станциядан Шымкент, Көкшетау, Алматы бағдарына пойыздар жіберілді. Жаңа вокзал кешені 54 пойызға қызмет көрсетеді. Оның 22-сі «Тұлпар-Тальго» жүрдек пойызы, 16-сы қарапайым пойыздар, 16-сы қалааралық пойыздар.