• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Маусым, 2017

Кооперация – бұл ауылдың болашағы

229 рет
көрсетілді

Бүгін Қарағанды облысында еліміздің облыстық және аудандық әкімдіктерімен бейнебайланыс режимінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметовтің ел тұрғындарымен есептік кездесуі болды.

Кездесуде ауыл шаруашылығы өндірушілері, салалық одақтар мен қауымдастықтар өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері, орталық және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.

Жиын барысында министр ауыл шаруашылығы саласының 2016 жылдағы даму қорытындыларын әңгімелеп, ведомстваның алдында тұрған жаңа міндеттерді тізбеледі.

Оның хабарлауынша, өткен жыл экономиканың аграрлық секторы үшін аса табысты жыл болды. Айталық, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 2016 жылы 3,6 трлн теңгені құрады, бұл – алдыңғы жылдың деңгейінен 5,5 пайызға жоғары. Ал өндіріс көлемінің өсімін соңғы 10 жылда алғаш рет барлық облыстар қамтамасыз етіп отыр.

Ведомства басшысы есептік кездесуінде ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемінің 1,5 есеге өскенін айтты.

Мысалы, Павлодар, Қызылорда, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Ақмола облыстарында ауыл шаруашылығына салынған инвестициялар көлемі 2 есеге өсті. Есептік кездесуде субсидияның 65 түрі қайта қаралып, нәтижесінде 11 тиімсіз түрі алынып тасталғандығы айтылды.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы  кооперацияларын қолдау үшін биылғы жылы 52 млрд. теңге бөлінді. Ағымдағы жылы 326 кооператив құру жоспарланған болса, енді оның санын 467-ге жеткізу жоспарланып отыр.

«Елбасы жаңа Жолдауында агроөнеркәсіптік кешенді басымдық берілген сала ретінде бірнеше мәрте атап өтті. Яғни, аграрлық сектор ел экономикасының драйверіне айналуға тиіс. Агроөнеркәсіптің ел экономикасының жаңа қозғаушы күші болып қалыптасуына байланысты ауыл шаруашылығы кооперативтері зор мәнге ие. Өйткені, онда аграрлық саланы және ауылдарды дамытудың үлкен әлеуеті бар. Кооперация – бұл ауылдың болашағы», - деді А.Мырзахметов.

Есеп беру кездесуінде Министр тұрғындарды қызықтырған барлық сұрақтарға жауап берді. Жиын тікелей онлайн көрсетілімде таратылып отырды.

Мирас Асан,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы