• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Бизнес 02 Маусым, 2017

Қазақстан алтын қоры ең көп 15 ел қатарына кірмек (іскерлік басылымдарға шолу)

179 рет
көрсетілді

Бүгінгі шолуда: Ұлттық банк азаматтарға алтын құймаларын сата бастады. Қазақстан алтын қоры көлемі бойынша әлемдегі ең бай 15 елдің қатарына кірмек. Қазақстанда несие мен депозиттің пайыздық мөлшерлемесі төмендейді. Қазақстан кішігірім мұнай-кен орындарындағы өндірісті азайтады. Әбу Даби Плазаның қашан ашылатыны белгілі болды.
Kapital.kz: Ұлттық банк азаматтарға алтын құймаларын сата бастады

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі «Халыққа арналған тазартылған алтын құймаларды сату мен сатып алу» бағдарламасының іске қосылғаны туралы хабарлайды.

Алтын құймалар екінші деңгейдегі банктер арқылы сатылатын болады. Алтын құймаларды екінші деңгейдегі банктердің тұтынушыға күн сайын төлем жасау арқылы кері сатып алу мүмкіндігі олардың өтімділігін қамтамасыз етудің негізгі факторы болады.

Бағдарламаға қатысатын алтын құймаларды Қазақстан теңге сарайы дайындады және 10, 20, 50 және 100 грамм болып төрт түрде ұсынылды. Мәселен, 10 грамдық құймалар күрең қызыл, 20 грамдық – жасыл, 50 грамдық – көгілдір түсті арнайы ораумен және 100 грамдық құймалар – алтын түстес ораумен ұсынылды.

Әрбір құйма қорғаныш элементтерімен (құймалардың тегіс беті, микромәтін және бедерлі қыр) және құймаларды механикалық бүлінуден қорғайтын және ораудың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге мүмкіндік беретін арнайы ораумен шығарылады.

Қорғаныш орау да құйманың сапа сертификаты болып табылады. Сондықтан, құйманы ұқыптау сақтау және орауын ашпау ұсынылады. 

LS: Қазақстан алтын қоры көлемі бойынша әлемдегі ең бай 15 елдің қатарына кірмек

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі алтын қорын көбейтіп жатыр. Бұл туралы бас банкир Данияр Ақышев мәлімдеді.

Оның айтуынша, бас банк елдің ішкі нарығынан алтын сатып алуды жалғастыра береді. Бұл тұрғыда өндірушілер үшін де осы тиімді болып тұр.

“Біз елдің ішкі нарығынан аффинажды алтын сатып алуды күшейте түсеміз. Осы орайда, алтын шығарушылардың да жоспарлары үлкен екенін білемін”, – деді Ақышев.

Қазіргі таңда, Ақышевтің мәліметінше, елдің алтын қорының көлемі 260 тоннаға жетеді.

«Алдағы 10 жылда біз әлем бойынша алтын резерві ең көп 15 елдің қатарына кіреміз» деді Ақышев.

Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстан алтын қоры бойынша әлемде 21-ші орында. 

Naryk.kz: Қазақстанда несие мен депозиттің пайыздық мөлшерлемесі төмендейді

Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығының мәліметінше, Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің алдағы 5 шілдедегі отырысында базалық мөлшерлемені азайту туралы шешім қабылдануы ықтимал.

Егер осындай шешім қабылданатын болса, елдегі банк секторының пайыздық мөлшерлемелері төмендейді. Бұл несиеге де, депозитке де қатысты, деп хабарлайды қауымдастықтықтың ресми сайты.

Айтпақшы, таяуда қауымдастықтың жариялаған несие және депозит нарығы туралы шолуда екінші деңгейлі банктер қазірдің өзінде депозиттердің пайыздық мөлшерлемесін төмендету туралы шешім қабылдап қойғаны айтылады.

Мәселен, Форте банк депозитінің пайыздық мөлшерлемесі теңгемен 13%-дан 11,5%-ға, доллармен 1,5%-дан 1%-ға, ал еуромен 0,25%-дан 0,1%-ға азайтқан.

Альфа банк болса, депозиттің мөлшерін теңгемен 11%-дан 10,5%-ға, ал ВТБ 9%-дан 8%-ға азайтқан.

Өз кезегінде Еуразиялық банк керісінше, депозиттің пайыздық мөлшерлемесін теңгемен 12%-дан 13,1%-ға арттырған.

Abctv.kz: Қазақстан кішігірім мұнай-кен орындарындағы өндірісті азайтады

Қазақстан Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарындағы мұнай өндірісіне басымдық беруді жоспарлап отыр.

Қазақстандағы орта және шағын мұнай кен орындарындағы өндіріс көлемі 2020 жылға дейін 33,2 млн тоннаға азаяды. Қазір бұл көрсеткіш 36 млн тоннаны құрап отыр. Мұны ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеді.

Министрлігінің мәліметінше, алдағы уақытта барлау мен өндіруге бөлінетін қаржы көлемі ұлғаяды. Бұл өз кезегінде үш жақтан пайдалы: мұнай өндірісі артады, жаңадан 20 мың жұмыс орны ашылады және жобаның жалпы құнының 32%-на тең келетін инвестиция тартылады.

2016 жылы ашылған Қашаған кен орны екі айдың ішінде өндіріс қуатын 1 млн тоннаға жеткізсе, биыл тағы 5 млн тонна мұнай мен 3,1 текше метр газ өндірмек. 2016 жылы кен орнындағы өндіріс көлемі жоспарлы 75,5 млн тоннадан 78 млн тоннаға ұлғайтылса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 81 млн тоннаға жеткізілмек.

«Соңғы үш жылдағы мұнай қорының өсімі 196 млн тонна деп көрсетілгенімен қайта есептеу кезінде 126 млн тонна болды. Ал барлау қорытындысы тек 70 млн тонна екенін көрсетті. Жер қойнауын пайдалану саласындағы геологиялық барлауды жетілдіру үшін энергетика министрлігі «Жер қойнауын пайдалану туралы» және «Салық туралы» кодекске өзгеріс енгізді. Бұл өзгерістер қыркүйекте Парламенттің қарауына ұсынылады», – деді министр.

Vlast.kz: Әбу Даби Плазаның қашан ашылатыны белгілі болды

Әбу Даби Плаза көпфункционалды кешен келесі жылы толығымен пайдалануға беріледі, деп мәлімдеді журналистерге инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек.

«Төрт ғимараттың үшеуі биыл пайдалануға беріледі. Ең биігі келесі жылы аяқталады» деді Қасымбек.

Оның айтуынша, ғимарат бастапқыда жоспарлағандағыдай салынбақ.

«Ғимараттың биіктігі сол бастапқы жоспарлағандай болады» деді министр.