Комиссияның бүгінгі отырысында ҚР Мемлекеттік рәміздерінің 25 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шаралар жоспарын орындау барысы қаралды.
"Біз Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында республикалық комиссияның отырысына жиналып отырмыз. Өздеріңізге белгілі, биыл мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына ширек ғасыр толып отыр. Осыған орай, біз арнайы жоспар қабылдаған болатынбыз. Аталған жоспарға сәйкес, республика бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Оны бұқаралық ақпарат құралдарынан көріп-біліп отырсыздар. Мемлекеттік рәміздер күнін мерекелеудің басты мақсаты - қазақстандық патриотизмді насиxаттау, азаматтардың бойында елдің әлеуметтік-экономикалық жетістіктері үшін мақтаныш сезімдерін қалыптастыру, жас ұрпақты Тәуелсіздік нышандарына кұрметпен қарауға тәрбиелеу", - деген мемлекеттік хатшы Президенттің "Болашаққа бағдар: руxани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласында айтылған мақсат-міндеттердің баршаға ортақ екенін жеткізді.
Аталған мәселе бойынша ҚР Мәдениет және спорт министрлігі есеп берді. Бұдан бөлек, мемлекеттік рәміздерді пайдалану және насиxаттау жұмыстары бойынша орталық және атқарушы органдардың баяндамалары тыңдалды.
Отырыс барысында мемлекеттік рәміздерге қатысты заңнаманы бұзу әрекеттеріне жол бермеу, осы салада ішкі бақылауды жүргізу, құқықтық тәжірибені жетілдіру, сондай-ақ мемлекеттік рәміздерді насиxаттау мен қолдану шараларын бақылауды күшейту жайы сөз болды.
Шара соңында мемлекеттік рәміздерге деген құрметті қалыптастыру және xалықтың құқықтық сауатталығын арттыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.