• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Маусым, 2017

Кейкі батырдың сүйегін іздейтін экспедиция жолға шықты

271 рет
көрсетілді

Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университеті ұйымдастырған ақпараттық-танымдық экспедицияға Тарихшылардың ұлттық конгресі, Түркі академиясы қолдау білдірді.

Астанадан шыққан экспедиция алдымен Арқалық қаласына соғып, сондағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогика институтының профессорлық құрамы және студенттер қауымымен кездесті. Арқалықтағы бұл білім ордасы ректор Сейітбек Қуанышбаевтың басшылығымен экспедицияның археологиялық тобына жан-жақты қолдау көрсетті.   Кездесуде экспедиция жетекшісі,  Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, академик Ерлан Сыдықов экспедиция мақсаты туралы айтып берді.  «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған алты бағыттың бірі жас ұрпақты туған жерді сүюге тәрбиелеуге арналған. Туған жердің тарихын  білмей оны қадірлеу, мақтаныш тұту сезімі болмайды. Ел Тәуелсіздігі үшін шыбын жанын қиған, басын оққа байлаған Кейкі атамыздың бас сүйегін бір ғасырға жуық уақыттан кейін алдырып отырмыз.Енді оның дене сүйегін тауып, туған жер қойнына тапсыру бүгінгі ұрпақтың тарихи, қасиетті парызы. Міне осы мақсатпен жолға шықтық»   деді Ерлан Батташұлы. Құрамында тарихшы, фольклоршы ғалымдар мен ақындар, өлкетанушылар, археологтар,журналистер бар «Туған жерім—алтын бесігім» ақпараттық-танымдық экспедициясы Кейкі Көкембайұлының сүйегі қалған  жерді анықтайды, сүйегін іздейді, батырдың сүйегі мен бас сүйегін қайта жерлейтін орынды, кесененің құрылыс жұмысын көреді, өлкенің мәнажат орындарын , қасиетті жерлерін зерттейді, жергілікті фольклорды, салт-дәстүрлерді, Кейкі батыр туралы ел аузындағы әңгімелерді жинайтын болады. Арқалық қаласының әкімі Амантай Балғарин экспедиция мүшелерін Кейкі батырдың сүйегі мен бас сүйегін қайта жерлеу рәсімі өтетін шараға қаланың дайындығы жөнінде хабардар етті. Кездесуде экспедиция мүшелері, елімізге белгілі айтыс ақындары Серікзат Дүйсенғазы мен Дәулеткерей Кәпұлы Кейкі баба туралы өлеңдерін оқып, жұртшылықтың рухын көтеріп тастады.  Экспедиция мүшелері  Ерлан Сыдықов, ақын Жұмаш  Сомжүрек, Арқалық педагогтка институтының ректоры Сейітбек Қуанышбаев кездесуге қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.   Экспедиция Кейкі батыр кесенесінің  құрылы жүріп жатқан Амангелді ауданы мен  сүйегі іздестірілетін Жыланшық өзені бойына қарай жүріп кетті. Нәзира Жәрімбетова, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ