Аталған іс-шараға Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов, қала мэрі Джон Паркер, Хэмпшир графтығының жоғары шерифі Мэри Монтагу-Скотт, Британия Парламенті Қауымдар палатасының мүшесі Кэролин Ноукс, сондай-ақ графтықтың мәдени-тарихи қауымдастықтарының өкілдері мен Ромзи қаласының тұрғындары қатысты. Іс-шара барысында Е.Ыдырысов қатысушыларға Қазақстан жайында жан-жақты ақпарат беріп, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы мен «Қазақстан-2050» ұзақ мерзімді стратегиясы аясында жүргізіліп жатқан экономика және саяси жүйені жаңарту жөніндегі реформалар, қоғамдық сананы жаңғырту турасындағы жаңа бағдарламамен таныстырды. Өзінің сөзінде елші Қазақстанның ерте заманнан келе жатқан сан ғасырлық бай тарихы бар мемлекет екенін атап өтті. «Тәуелсіздік алған аз уақыт ішінде Қазақстан үлкен жетістіктерге қол жеткізіп, әлемдегі жылдам дамып келе жатқан экономикалардың біріне және халықаралық қоғамдастықтың сенімді серіктесіне айналды», деді елші. Е.Ыдырысов аталған іс-шараның Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 25 жыл толған жылы өткізіліп отырғанын ерекше атап өтті. «Біріккен Корольдік біздің экономикамыздың алтыншы ең ірі инвесторы, ал Қазақстан Британия үшін сауда және инвестицияларды кеңейтуге және дамытуға қажетті басты мемлекеттердің бірі», деді қазақстандық дипломат. Екі ел арасындағы қарым-қатынастардың жоғары деңгейде екендігін атап өткен Қазақстан елшісі белгілі британдық зерттеуші және сәулетші Томас Аткинсонның еліміздің мәдени мұрасына қосқан маңызды үлесіне тоқталды. Қазақстанға ХІХ ғасырда келген британдық саяхатшы қазақ халқының өмірі туралы көптеген суреттер мен жазбалар қалдырған. Кеште британдық журналист және жазушы Ник Филдинг Т.Аткинсон туралы жан-жақты баяндама жасап, қонақтарға оның қазақ жеріне жасаған саяхаты жайында айтып берді. Сонымен бірге, британдық зерттеушінің ұрпақтары Стив және Джил Браун өздерінің былтырғы жазда елімізге барғаны жайындағы әсерлерімен бөлісті. Іс-шара соңында қонақтар «Қазақстан табиғаты» фотокөрмесін тамашалауға мүмкіндік алды.
Әлем
•
05 Маусым, 2017
Ұлыбританияда Қазақстанға арналған кеш өтті
275 рет
көрсетілді
Ұлыбританияның Хэмпшир графтығында орналасқан Ромзи қаласында британ қауымдастығы өкілдеріне арналған Қазақстан туралы кеш өтті, деп хабарлады еліміздің Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.