Қала әкімі Бауыржан Байбек коррекциялық мектептердің оқушылары салған сурет көрмесінде болды. Республика сарайында Н.Островский атындағы соқыр және әлсіз көретін балалар тәрбиеленетін №4 жалпы білім беру мектеп-интернатының және тілі жетілмеген балалар дәріс алатын №9 коррекциялық мектеп-интернаттың, «Жанұя» арнайы кешенінің, керең балалар оқитын №5 мектеп-интернаттың, №1 жалпы білім беретін мектеп-интернаттың оқушылары салған сурет көрмесі ұйымдастырылды. Б.Байбек ұсынылған жұмыстардың сапасы мен шеберлігін жоғары бағалап, әсіресе ақыл-ой дамуы кешеуілдеген балалар оқитын №7 мектеп-интернат оқушылары салған «ЭКСПО-2017 – балалар көзімен» триптихіне айрықша тоқталды. Тәрбиешілер триптихті балалардың 3 айға жуық салғанын, оның өте қиын жұмыс екенін, жіптерді орап, киізді желімдеудің, қазақтың ертедегі әдісі бойынша кесте тігудің өте күрделі екенін айтты. «Бүгінгі көрмеге өз қолдарымен жасаған жұмыстарын қойған балалардың барлығына шексіз ризашылығымды білдіремін. Өйткені, бұйымдардың бәрі дерлік сапалы жасалыпты. Бұл жұмыстардың бәрінен өмірге деген сүйіспеншілік, күш-жігер, рух сезіледі. Осы биіктікті төмендетпеңдер, мен сендерге сенемін», – деді шаһар басшысы. Алматылық балалар үшін көңілді шаралармен басталған мерекеде 5 мың бала қатысқан жастар музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі өтті. Ал Орталық мәдени және демалыс саябағында балалардың шығармашылық ұжымдарының концерттері қойылды. Бұл мәдени шараға «Сенім»,«Наргиз», «Мөлдір», «Непоседы», «Тамаша», «Сюрприз», «Ерке наз» балалар топтары, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенттері қатысты, сонымен қатар, «Бозторғай-2017» халықаралық конкурс жеңімпаздарының гала-концерті өтті. Балалар үшін қуыршақтар, аниматорлар, цирк артистері өз өнерлерін ортаға салды, ертегі кейіпкерлері, жанды дауыстағы музыка кішкентай алматылықтардың көңілдерін көтерді. Саябақта «Менің сүйікті қалам», «Бақытты балалық шақ», «Экспо-2017», «Қазақстан Республикасы» атты сурет көрмелері ұйымдастырылды.
Мира БАЙБЕК, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ