• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Технология 05 Маусым, 2017

Елімізде ғарыш саласында маман тапшы

186 рет
көрсетілді

Қазақстанда Жерді қашықтықтан зондтау аппараты арқылы түсірілген суреттерді өңдей алатын кадрлар жоқтың қасы, деп хабарлайды Хабар24.

Бүгін Мәжілісте өткен үкімет сағатында ғарыш саласының даму қарқыны жан-жақты қаралды.

«Жерді қашықтықтан зондтаудан алынған суреттерді өңдеу қажет. Оларды өңдеу үшін тиісті кадрлар, материалдық, техникалық ресуртар жоқ», - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шафхат Өтемісов.

Бұл түйткілдің түйінін тарқату үшін Үкімет мемлекеттік органдар жанынан геопортал ашуды ұсынып отыр. Сол арқылы мамандар оқытылып, спутник арқылы түсірілген суреттерді одан әрі өңдеу ісі қолға алынбақ. Бірақ бір порталды іске қосудың өзіне шамамен 100 млн теңге қажет.

«Әр салаға арнайы геопортал салу үшін 4,8 млрд теңге қажет. Оны дұрыс пайдалану үшін мамандар даярлау керек», дейді ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов.

Ғарыш саласын одан әрі дамыту үшін жұмсалатын шығын мұнымен шектелмейді. Себебі, 2023 жылы KazSat-2 жерсерігінің қолданылу мерзімі аяқталады. Сондықтан жаңа аппаратты жобалау жұмысы басталды. Үкімет сағатында «Байқоңыр» ғарыш айлағын дамыту жайы да қозғалды.

«Байқоңыр» кешенін дамыту жобасы аясында ондағы нысандарды күтіп-ұстау мен пайдалану бойынша жұмыстарды қаржыландыру мәселесін шешу керек. «Бәйтерек» жаңа ғарыш зымыран кешенінен бірінші ұшырылымды 2025 жылы жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сол арқылы экологиялық проблемаларды шешуге болады. Жаңа зымыран гептильді «Протонды» алмастырады», - дейді Атамқұлов.

Министрдің мәлімдетінше, ел үкіметі «Байқоңыр» кешенін дамыту жобасын жалғастырады. Яғни 60 жылға жуық уақыттан бері аспан мен жер арасын жалғаған айлақ ел мүддесі үшін жұмыс істей бермек.

Бұған қоса, ғарыш аппараттарын құрастыру, сынақ кешендері мен жерді қашықтықтан зондтау жүйесіне арналған тың бастамалар қолға алынады. Ал маман тапшылығын жою үшін үкімет күзге дейін жаңа заң жобасын әзірлеуі тиіс.