Алайда, заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтынын ескерсек, бұл бағытта түсіндіру жұмыстарының әлі де жетпей жатқандығына көз жеткізуге болады. Осыған орай, Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы қоғамдық-саяси жағдай мониторингі бөлімінің басшысы Оксана Салахова бұқаралық ақпарат құралдарына арнайы брифинг өткізді.
Мемлекеттік символдарды реттейтін «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заң 1992 жылдың 4 маусымында қабылданған болатын. Уақыт өте, яғни 2007 жылдың 4 мауысымында аталған заңдық құжатқа бірқатар өзгерістер енгізілді. Ал 2012 жылы Мемлекет басшысы мемлекеттік рәміздерді құрметтемеуге қатысты жауапқа тарту тәртібін күшейту жөніндегі тағы бір заңға қол қойған болатын. Содан бастап оларды масқаралауға қатысты айыппұл көлемін арттыру, рәміздерді әзірлеуде ұлттық стандарттарды сақмағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту және оларды қолдану ережелерін бұзуға жауапкершілікті күшейту қолға алынған-ды.
О.Салахованың айтуынша, мемлекеттік символдарға 25 жыл толуы мерейтойы қарсаңында оларды қалай дұрыс пайдалануға болады немесе нендей жауапкершіліктер қарастырылған деген сұрақтардың төңірегіндегі талқылау өте маңызды сипат алған болатын. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 418-бабының талаптарына сәйкес, Мемлекеттік ту мен Мемлекеттік елтаңбаны әзірлеуде немесе пайдалануда ұлттық стандарттарды сақтамағандарға айыппұлдар қарастырылған. Атап көрсеткенде, жеке тұлғалар үшін ол 50 айлық есептік көрсеткіш болса, шағын кәсіпкерлік пен коммерциялық емес ұйымдарға екі есеге дейін, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 400 айлық есептік көрсеткіш деңгейінде белгіленген. Бұл ретте, ұлттық стандартқа сай келмейтін мемрәміздерді жою бір еңбек күні ішінде жүзеге асырылуы тиіс.
Бөлім басшысы азаматтардың жеке көліктерінде немесе баспаналарында мемрәміздерді пайдалануына қатысты туындайтын жайттарға қатысты да жауап берді. Оның айтуына қарағанда, Мемлекеттік туды мемлекеттік емес ұйымдар мен жеке тұлғаларға тиесілі ғимараттарда пайдалануға тыйым салынбайды, алайда, ұлттық стандарттарға сәйкес шектеу де жоқ емес. Дей тұрғанмен, азаматтар Мемлекеттік туды өзінің патриоттық сезімін, еліміздің жетістігін паш ету мақсатында тұрған үйінің шатырына, балконға, тіпті офисіне іліп қоюына болады. Бұл жеке автокөлікке де қатысты. Ал Мемлекеттік елтаңбаға қатысты айтқанда, оның қоғамдық және өзге де ұйымдардың геральдикалық негізі ретінде пайдалануына тыйым салынған. Сол сияқты оны тұрғын үйлер мен жеке әкімшіліктік ғимараттар мен автокөліктерде орнату заңсыз саналады. Мемлекеттік гимнге қатысты айтқанда, оның аудиожазбасын клиптерге пайдалану дұрыс емес. Заңның 8-бабы бойынша, Мемлекеттік әнұранды пайдалануға да шектеу қойылған. Мәселен, бұрынғы қазақстандық, қазіргі Ресей азаматы Әнұранның мәтінін орысшаға аударып, өзінің клипіне пайдаланған. Әрине, бұл дұрыс емес. Желіде кеңінен талқы тезіне түскен-ді.
Жалпы брифинг барысында мемлекеттік символдарды пайдаланудың ауқымы кең екендігі ерекше аталды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы