Бұл бірқатар объективті факторларға байланысты тараптардың көзқарастарының бір жерден шығуымен байланысты. Қазіргі таңда, Қытай мен Еуропа елдерінің экономикалық байланысын тереңдетуге түрткі болған мәселелер бар. Біріншіден, соңғы уақытта ЕО мен Қытай арасындағы сауда қатынастарының төмендеуі екі тарап үшін де теріс ықпалын тигізе бастады. Сол үшін олар екіжақты қатынасқа жаңа серпін беруге ниетті.
Екіншіден, Си Цзиньпиньнің басшылығымен Қытай билігі сыртқы саясатта «Бір белдеу – бір жол» бастамасын жүзеге асыруға басымдық беріп отыр. Қытайдың көмегімен көптеген көлік жолдарын салудағы басты мақсат − Еуропа елдерімен байланысты арттыру. Еуроодақ Қытайдың негізгі сауда әріптесі әрі қытайлық тауарды тұтынушы нарық болып табылады. Дегенмен, Қытайдың бастамасы әзірге ойдағыдай жүріп жатқан жоқ. Германия, Франция, Италия, Испания, Голландия сынды Еуроодақтың негізгі елдері оны қолдамай отыр. Мамыр айында Бейжіңде өткен форумға «Үлкен жетілік» елдерінің бірде-бір басшысы қатыспағаны мәлім. Ең мәртебесі жоғары қатысушы – Италия премьері болды, оның өзінде қытайлық тарап Италиямен нақты келісімге қол жеткізе алмады.
Мұндай жағдайда, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянның 21 мамыр – 2 маусым күндері Германияға, Бельгияға сапар жасағаны бұл ірі экономикаларды өз бастамасына тартуға барын салып жатқанын көрсетеді.
Үшіншіден, Еуропа елдерінде АҚШ-пен қатынастарын қайта қарау процесі біртіндеп жүріп жатыр. Д.Трамп әкімшілігінің күрт құбылғыш әрекеттері консервативті еуропалықтарға онша ұнай қоймайды. НАТО-ны қаржыландыру ісіндегі өз үлесін АҚШ қысқартады деп күтіліп отырғаны мәлім. Трамптың Климат жөніндегі Париж келісімінен шығу туралы мәлімдемесі де еуропалықтарға ұнамағаны түсінікті.
Осы себептерге байланысты, Еуропа елдері, әсіресе, Германия одан әрі дамудың балама векторларын қарастыруға көшкен болатын. Бұл орайда, ҚХР мен оның «Бір белдеу – бір жол» бастамасы олар үшін тартымды болып көрінді. Қытай басшылығының халықаралық саясаттағы ұстанымы да Кәрі құрлық лидерлеріне ұнайтыны байқалады.
19-шы рет өткен ЕО-Қытай саммиті әдетте ірі келісімдерге қол қоюмен аяқталатыны белгілі. Бұл жолы климаттың өзгеруімен күрес жөніндегі құжат негізгі келісім болды. Бұдан өзге де уағдаластықтарға қол жеткізілгені туралы айтылуда. Атап айтқанда, қоршаған ортаны ластауды ретке келтіру үшін Еуроодақ Қытайға 10 миллион еуро бөлуге келіскен. Кедей елдерге экономикаларын «жасыл» технологиялар негізінде дамытуға көмек қолын созу туралы да уағдаласқан.
Жалпы алғанда, қазіргі таңда Қытайдың толыққанды жаһандық державаға айнала бастағанына куә болып отырмыз. Соңғы 20 жылға жуық уақытта бұл мемлекет жоғары экономикалық көрсеткіштерді бағындырып келді. Көптеген параметрлер бойынша Жапонияны, Еуропа елдерін артта қалдырды. Әлемнің екінші экономикасы болғаннан кейін де Қытай ұзақ уақыт бойы жаңа форматқа – әлемдік лидер форматына көшуге асықпады. Себебі, ел билігі әрдайым өзінің әлеуеті мен қарым-қабілетін төмендетіп көрсетуге тырысатын. Сол себепті, жуырда ғана өмірден озған З.Бжезинскийдің «Қытай – жаһандық емес, аймақтық держава» дегенін дұрыс қабылдады.
Дегенмен, Қытайдың мұндай қарапайым ұстанымы да уақыт өте келе өзгерді. Си Цзиньпин мамандар болжағаннан да өршіл болып шықты. Оның реформалары мен көрегендігінің арқасында Қытай көптеген кең көлемді мәселелерге қатысты жауапкершілік алудан тайсалмайтын болды.
Қытай билігі белсенділігінің күшеюіне елдің өз ішіндегі ахуалдар да ықпал етуі мүмкін. Биылғы жылдың қараша айында ҚХР басшылығында өзгеріс болатыны мәлім. Қытай Компартиясы ОК 19-съезінде ҚХР Саяси бюросы Тұрақты комитетінен Си Цзиньпиннің сенімді серіктері жастарының ұлғаюына байланысты кетуге тиіс. Осы съезде 2021 жылдан кейін Қытайдың жаңа көшбасшысы кім екені анықталатын болады.
Әрине, көрші елдің ішкі және сыртқы саясатындағы өзгерістердің Қазақстан- ның қызығушылығын тудыратыны түсінікті. Себебі, іргелес орналасқан ел ретінде Қытайда болған өзгерістердің барлығы бірінші кезекте біздің елде сезілетін болады.
Руслан ІЗІМОВ, саясаттанушы