Дене тәрбиесі сабағында қозғалысты орындау кезінде аса маңызды талаптың бірі – құрал-жабдықтарды қауіпсіз жағдайда қолдану. Әріптестеріммен кеңесе келе, жаңа жұмыс жоспарын құрдық. Осы жоспарларды қарастыра отырып, модульдердің қаншалықты тиімді екенін байқап көру үшін, тізбектелген сабақтар топтамасына бағдарламаның «Сын тұрғысынан ойлауға үйрету» модуліне дене тәрбиесі пәні бойынша 7-сыныптағы «Лақтырулар – оқу және жасау» тарауындағы сабақтарды ұсынғым келеді. Аталған тарауды оқытуды бір тақырып аясында қарастыру керек. Бірінші, лақтырудың төрт түрін қарастыру. Сабаққа арналған жоспарларда «Сын тұрғысынан ойлауға үйрету» модуліне сәйкес жұмыс жүргіздім. Сыни тұрғыдан ойлау – ой жүгірту, пайымдау немесе проблеманы шешу үдерісі жүрген барлық жағдайларда, яғни неге сенуге болады, не істеу керек және қандай тәсілмен істеуге болатындығын анықтау қажет болған жағдайлардың барлығында орын алады. Сыни тұрғыдан ойлау «ойлау туралы ойлану» деп сипатталған. Яғни бақылау, тәжірибе жасау, ой жүгірту, толғану нәтижесінде алынған ақпаратты ұғыну, бағалау, талдау және синтездеуде қолданылатын әдіс. Сонымен қатар, әрекет жасауға негіз, түрткі болады. Сыни тұрғыдан ойлау көбіне бір нәрсені елестетуге, баламалы шешімдерді қабылдауға, ойлау және іс-әрекеттің жаңа немесе түрлендірілген тәсілдерін енгізуге дайын болуды көздейді. Оқушыларға бақылау, талдау, қорытынды жасау және интерпретациялау дағдыларын дамытуға мүмкіндік жасау керек. Жұмысты талдаудың соңғы кезеңдерінде оқушылар мұғалімдермен талқылауға қатысуы қажет. Мысалы, сабақ үстінде жоспарға сәйкес оқушыларға «Допты лақтырудағы төрт түрлі әрекетті» үйретелік делік. Оқушылар берілген жаттығуларды орындамас бұрын өз сыныптастарымен талқылап, қандай әдістің барынша тиімді болатынын анықтайды. Соңынан бейнебаян арқылы жеңіл атлетикада лақтырып жаттығудың ережелерімен танысады. Содан кейін, «неге осы жаттығулар міндетті түрде осылай орындалу керек?» деген сұраққа жауап іздейді. Талқылау кезінде әркім әртүрлі әдісті ұсынады. Осылайша, оқушылар тақырыпқа қатысты жан-жақты пікірлерін білдіреді. Нәтижесінде, олар жеңіл атлетикада лақтырудың бірнеше әдіс-тәсілдерін айтып, қайсысын тиімді пайдалануға болатынын іс жүзінде көрсетеді. Бір айта кетерлігі, жаттығуды орындау барысында оқушылар әдіс-тәсілдерді өздері ойластырып орындайды. Олар жаттығуларды жұп-жұппен ойластырып, оны талқылап, сосын сыныпқа көрсету арқылы талқыға салады. Нәтижесінде дұрыс орындамағандар жіберген қателерін түсініп, оны жоюдың жолдарын іздейтін болады. «Мен білмеймін», «мен жасай алмаймын», «мен ойлай алмаймын» деген оқушыларға сенім ұялатып, олардың жасаған жаттығуларындағы сәтті қозғалыстарын айтып, оларды мадақтап отыру қажет. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, барлығы бірлесе талқылап, ойларын ортаға салып отырса, денешынықтыруға деген қызығушылықтары да арта түседі. Яғни, біз оқушыларға оқу барысында өздерін еркін және қауіпсіз сезінуіне жағдай жасауымыз қажет деп түсінемін. Оқушылар бірлесе жұмыс жасағанда өздерін жайлы сезінеді. Өйткені, олар өздерінің ой пікірлерімен бөліседі және бұрын білмегендерін біліп үйренеді. Қай жаттығулары дұрыс екендігін бірлесіп анықтайды. Мысалы, белсенді іс- әрекет ойыны ретінде «аңшы мен үйрек» ойынын алсақ, онда оқушылар қалай лақтыру керектігін осы ойында түсініп, калай тұру қажет екенін естеріне түсіреді. Осы кезде оқушылар допты ұстаудың әдіс-тәсілдерін меңгереді. Сонымен қатар, олардың қызығушылығын және сыни тұрғыдан ойлау қабілетін арттыру үшін: «Қандай қозғалмалы ойындарды ұлттық ойындарда кездестіреміз?» деген сияқты сұрақ төңірегінде пікір алмастыруға болады. Оқушылардың кейбіреуінің икемі болмайды және жаттығуларды ұйымдастыруда ой-қабілеттері жетіспейді. Икемсіздікті жою үшін түрлі иілу жаттығуларын орындау керек. Бұған қоса олар өздері де басқа жаттығуларды тауып ойластырып орындауы тиіс. Осылай икемділіктерін дамытуға болады.
Өзара бағалау, пікір алмасу және диалог арқылы оқушыларды дәйектеуге, талқылауға тартып, сабақтың белсенділігін арттыруға болады деп ойлаймын. Қимыл-қозғалыстарды шектейтін түрлі техникалық құралдардың қарыштап дамып келе жатқан заманында балалардың денсаулық сақтап, саламатты өмір салтын ұстануға қажет дағдыларымен қарулануы өте маңызды, бұл мұғалімдер мен ата-аналардың басты міндеттерінің бірі. Сондықтан оқушылар денешынықтыру жаттығуларын жасағанда да сыни тұрғыдан ойлау мен зерттеу дағдыларын пайдалануы қажет.
Арна ТІЛЕУЖАН, Назарбаев зияткерлік мектебі дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі
СЕМЕЙ