Теңіз жағасындағы сахнада мереке басталмастан бұрын-ақ патриоттық бағыттағы саз ойнап, жұртшылықтың көңілін әсерлі күйге бөледі. Рәміздер алаңынан байкерлердің жүріп өтуімен басталған форум теңіз жағасында жалғасты. Форумға байкерлер мен велосипедшілер топтары, жас белсенділер мен Ақтау гарнизонының әскери қызметкерлері, этномәдени бірлестік өкілдері, жалпы білім беретін мекемелер оқушылары мен мұғалімдері, студенттер, денсаулық сақтау саласы қызметкерлері, спортшылар, кәсіпорындар жұмысшылары, мемлекеттік қызметкерлер мен саяси партиялар белсенділері, қоғамдық ұйымдар өкілдерінен құралған 4 мыңнан астам адам қатысты. Шара «Туым – намысым, ұраным – бірлік, рәміздерім – мақтанышым» атты театрландырылған прологпен басталды. Әскерилер құрметпен рәміздерді, яғни Ту мен Елтаңбаны алып өтті. Теңіз жағасындағы мыңдаған адам Әнұранды әуелете шырқаса, өнерпаздар мен әскерилер «Қазақстан» флеш-мобын өткізді. 26 жыл бұрын біз егемендікке қол жеткізіп, дүниежүзіне тәуелсіздігімізді паш еттік. Бұл – ата-бабаларымыздың арманы, еліміздің көптен күткен үміті ақталып, азаттықтың туын желбіреткен қасиетті күн. Тәуелсіздіктің ақ таңын алғаш рет Елбасының Жарлығымен бекіткен мемлекетіміздің бетке ұстар беделді бейнесі – рәміздерімізбен қарсы алдық. Туған жерге деген отаншылдық идеясын қалыптастырып, бірлігіміз бен ынтымағымызды нығайтатын мемлекеттік рәміздердің мерейлі мерекесін жыл сайын атап өту дәстүрге айналды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер», деген болатын. Отан – ыстық ұя, қасиетті мекен. Сондықтан да оны қастерлеп, әрбір қазақстандық мақтан етеді. Өйткені, Елтаңбамыз, Туымыз, Әнұранымыз – Қазақ елінің болмысын, бүгіні мен ертеңін сабақтастырып, елдің еңсесін көтеретін елдігіміздің ең басты абыройы. Біз бүгінде тәуелсіздігімізді тұғырына қондырып, Қазақстан мемлекетін құрып әлемдегі бақытты халықтардың бірі болдық. Зор еңбекпен, маңдай термен келген байлығымызды қолдан шығарып алмай, ұрпақтан ұрпаққа табыстау – біздің адал парызымыз, деді Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжанов. Маңғыстаулықтарды мерекемен Маңғыстау облысының «Құрметті азаматы» Қ.Ережепов, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның Еңбек Ері С.Ақшолақов құттықтап, елдің амандығына, заманының тыныштығына, тәуелсіздіктің беріктігі мен ұрпақтың бақытты болуына тілектерін арнады. Форумда өз қызметтерінде азаматтық ерлік көрсеткен тұлғаларға облыс әкімінің Алғыс хаттары мен Астана қаласында өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің билеті табысталды. Мұндай сый-сияпат әр сала бойынша іріктелген 22 адамға бұйырды. Көк теңіз жағасын әдемі көрініс пен әсерлі сәтке бөлеген шара маңғыстаулықтардың мемлекеттік рәміздерге деген ықыласын таныта түсті.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ