UAE SWAT Challenge халықаралық турнирінің үшінші күні Қазақстан командалары елге ерекше қуаныш сыйлады. «Офицерді құтқару» тапсырмасы бойынша барлық үш жүлделі орын Қазақстан өкілдеріне бұйырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Kazakhstan A» командасы бұл кезеңді рекордтық уақыт – 2 минутта орындап, турнирлік кестеде көш бастады. Екінші орынды «Kazakhstan B» иеленсе, қола жүлде «Kazakhstan C» командасына бұйырды.
Сонымен қатар тағы екі қазақстандық команда үздік 20-лықтың қатарына кірді. «Kazakhstan D» 19-орында тұр, ал одан кейін «Tomiris» қыздар командасы орналасқан. Әйелдер командасы өздерінің ең үздік нәтижесін қайталап қана қоймай, бірқатар ер құрамасынан да жоғары нәтиже көрсетті.
Үш кезеңнің қорытындысы бойынша «Kazakhstan C» командасы жалпы есепте бірінші орынды берік ұстап тұр. Екінші орында – «Kazakhstan A» командасы.
Осылайша, қазақстандық арнайы жасақ 48 елден келген 109 команда бақ сынап жатқан элиталық халықаралық турнирде көш бастап келеді.
Айта кетейік, алда UAE SWAT Challenge сайысының тағы екі кезеңі бар.
Айта кетейік, Қазақстан арнайы мақсаттағы бөлімше командалары UAE SWAT Challenge (Дубай, БАӘ) халықаралық турнирін жеңіспен бастағанын хабарлаған едік.