• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Маусым, 2017

Араб-Парсы шығанағы елдері арасындағы шырғалаң

1872 рет
көрсетілді

дипломатиялық дағдарысқа ұласпас үшін сыртқы күштердің ықпалына қарсы тұратын саяси сарабдалдық қажет

Сауд Арабиясында жуырда 20-21 мамырда өткен АҚШ-Ислам әлемі саммиті аяқтала салысымен Араб-Парсы шығанағы елдерінің арасына жік түсті.  Парсы шығанағындағы араб мемле­кет­терінің ынтымақтастық кеңесі (ПШАМЫК) ұйымына мүше елдер арасында Қатарға байланысты терең дипломатиялық дағдарыс орын алды. Ұйымның белді мүшелері – Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері және Бахрейнмен қоса ірі мемлекет Мысыр, сондай-ақ, Мальдив аралдары, соғыс отына оранған Ливия мен Йеменнің үкіметтері Қатармен дипломатиялық байланыстарын үзіп, кейбіреуі, тіпті, құрлықтағы, әуедегі, теңіздегі барлық қатынасын тоқтатты.  Қатар азық-түлік саласында көршілеріне тәуелді болғандықтан, саяси шиеленістің сауда-экономикалық салдарлары ауыр болатыны сөзсіз. Қатардың биржасы 5 маусым күні 8%-ға құлдыраған, ел халқы сауда орталықтарына ағылып, азық-түліктерді жаппай сатып алып жатыр. Бұл шиеленіс аймақ елдерінің мұнай-газ экспортына әсер ете қоймас, дегенмен, мұнай бағасына әсері болатыны анық.  Тарқатып айтар болсақ, ең алдымен, Бахрейн Қатарға қатысты ел қауіпсіздігі мен тұрақтылығын шайқалтып, ішкі ісіне араласты, терроризмге қолдау көрсетті деген мәлімдеме жасады. БАӘ қатарлық дипломаттарға елден шығуға 48 сағат берді. Әмірліктердің Etihad Airways, Emirates and Flydubai сияқты әуе компаниялары Дохаға және Дохадан ұшатын барлық әуе рейстерін тоқтатты. Шығанақ елдері Qatar Airways компаниясының ұшақтарына өз әуе кеңістіктерін жапты. Мысыр Араб Республикасы Қатардың өзіне бағытталған дұшпандық әрекеттерге барғанын баса айтты.  БАӘ Доханың террорлық, экстремистік және «Мұсылман бауырлар» сияқты сек­танттық топтарға қолдау көрсеткенін айрық­ша атап өтті. Сауд Арабиясы Қатар­ды аймақтың тұрақсыздығына қызмет ететін «Мұсылман бауырлар», Әл-Каида, ДАИШ, әскери милициялар сияқты заңсыз ұйымдарға көмектесті деп айыптап, Доханың Йемендегі әскери операция­лардан алыстатылатынын мәлімдеді. Ку­вейт, Оман елдері біршама ұстамды көз­қа­рас білдіргенімен, Иордания королі Аб­дул­ла ІІ Хамас сияқты радикалды топтарды қолдағаны үшін Қатарды Араб мем­лекет­тері лигасынан мүшеліктен шығару қажет­тігін айтты. Осылайша, Сауд Арабиясы бастаған бірқатар араб елдерінің Катармен дип­лома­тиялық және экономикалық байланыста­рын тоқтатуы бұрын-соңды болмаған жа­за­лау шарасына ұқсайды. Сондай-ақ, Қатар­ға Хамас пен Хизболла сияқты, басқа да ис­ламистік топтармен байланысы бар деген айып тағылып отыр. Енді дағдарыстың басты себептеріне келсек, 24 мамыр күні Қатар ақпарат агенттігі Қатар әмірі Тамим ибн Хамад әл-Танидің Иранның жаңадан сайланған президенті Хасан Руханимен телефон арқылы сөйлесіп құттықтағаны, Иранның ислам әлеміндегі салмақты күш екенін айтқаны, онымен санасу керектігін білдіргені, араб елдерінің Иранға дұшпан болуына ешқандай себеп жоқ екені жөнінде мәлімдеме жасағаны туралы ақпарат таратты. Онда, сонымен қатар, Хамас пен Хизболла ұйымдарының заңды азат ету қозғалыстары, Хамас ұйымы Палестина халқының заңды өкілі екендігі туралы айтылған.  Сауд Арабиясының «Рияд», Әмір­лік­тер­дің «Sky News» сияқты ықпалды медиа ал­пауыттары осындай ақпараттар легін тоқ­таусыз таратты. Бұл, бір жағынан, Таяу Шығыстағы ақпараттық ойындардың жар­қын көрінісі болды. Кейін Қатардың сыртқы істер министрлігі мұндай қарама-қайшы саяси мәлімдемелердің жасалмағанын, хакерлердің агенттік сайтына заңсыз кіріп, жалған ақпаратты жариялағанын айтып ақталды. Мұндай мәлімдемеге қалған араб елдері сенгісі келмеді.  Бір қызығы, бұл оқиғалар Сауд Ара­бия­сының Эр-Рияд қаласында 20-21 мамыр күндері өткен АҚШ-Ислам әлемі сам­митінен кейін орын алып отыр. Сол кезден бері Шығанақ аймағында жаңа саяси тепе-теңдік қалыптасты, жағдай біршама өзгерді. Саммитте АҚШ президенті Д.Трамп аймақтағы жаңа саясатында Сауд Арабиясы бастаған стратегиялық серіктестеріне сүйенетінін, міндеттер мен жауапкершілік жүгінің біразы аймақтағы одақтас елдерге артылатынын білдіргені мәлім. Саммит аясында террорлық топтармен күресті күшейту үшін жалпы сомасы 110 миллиард АҚШ долларын құрайтын әскери келісім-шартқа қол қойылғаны бекер емес.  Йемен соғысынан қалтасы қағылып, қажыған Сауд Арабиясына моральдық, әскери қолдау көрсетілуі Эр-Риядтың аймақтағы әлсіреген ұстанымын біршама нығайта түсті. Трамп пен одақтастарының Таяу Шығыстағы бірлескен саясаты араб елдері аймағында саяси-әскери ықпалын арттырған Иранды қыспаққа алып, қоршап, мүмкіндігін шектеуге келіп саяды. Ал Қатар Иранмен байланысын бұзғысы келмей, онымен қақтығысудан өзін аулақ ұстағысы келеді. Оның үстіне, екі елдің оффшор аймағында ортақ ірі газ кен орны және бар.  Бұл жағдай онсыз да күрделі Иран-Сауд Арабиясы қатынастарын тығырыққа тіреп, шиеленістіретіні айтпаса да түсінікті. Ал Қатар тарапы жоғарыда аталған өткір мәлімдемелерді шынымен жасаған болса, Эр-Рияд саммитінің негізгі мақсаттарын жоққа шығарғаны болады. Ал бұл өз кезе­гінде серіктестерінің ашу-ызасын туғызып отыр. Эр-Риядтағы саммитте Қатардың кей­бір қарулы топтарды қолдағаны тілге тиек етіліп, ешкімге бағынбайтын тәуелсіз, бір­беткей бағытта дамып бара жатқаны жиі айтылды. Әртүрлі күмәнді қарулы топ­тарға қаржылай қолдау көрсетті деген айып тағылды. Осындай ұжымдық жаза­лау шаралары арқылы Сауд Арабиясы бас­таған ПШАМЫК елдері Доханы күшпен өз айт­қандарына көндіргісі келетіні байқа­лады.  Бахрейн саяси-демографиялық құры­лымына байланысты ПШАМЫК елдері ара­сындағы ең әлсіз буын болғандықтан, Сауд Арабиясы үшін бұл өте шетін мәселе. Себебі, осындай үрдістер жиілей беретін болса, аймақтық интеграциялық ұйымның келешегіне балта шабылуы әбден ықтимал екенін Эр-Рияд жақсы түсініп отыр. Негізі, бұл саяси процестерді Сауд Арабиясы немесе шиға-сунни арасындағы бәсекелестіктен гөрі, исламизм, саяси ислам факторы тұрғысынан түсіндірген жөн.  2011 жылы күллі араб әлемін шарпыған «Араб көктемі» атты халық көтерілістері нәтижесінде кейбір диктатуралық жүйелер күйреп, орнына Тунис, Мысыр, Ливия сияқты елдерде демократиялық сайлау жолымен билік басына саяси ислам өкілдері келгені белгілі. Әсіресе, араб әлемінде кең қанат жайған, өзіндік даму доктринасы бар, бұрыннан бері әскери жүйе тарапынан қысым көріп келген ықпалды саяси-діни ұйым – «Ихуан» («Мұсылман бауырлар») жамағаты күрт күшейді. Ихуан аймақтағы сәләфи ағымының басты идеологиялық бәсекелесі болып табылады. Мысырда 2012-2013 жылдарда ұйымның өкілі Мұхаммед Мурси ел президенті болды. Тунисте де аталған топтар саяси билікке жақындады. Иорданияда да олардың ықпалы артып, Сирия (қарулы) оппозициясының белді күштерінің бірін толықтырды. Сол кезеңде Катарға аталған саяси процестерге қаржылық қолдау көрсетті деген айып тағыла бастады. Әсіресе, Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктері мұндай өзгерістердің белең алып, таралуынан сескеніп, Мысырда әскери-зайырлы топтарға қолдау көрсеткен. 2014 жылы Қатар серіктестері қойған шарт­тарды орындауға уәде беріп, кейбір әре­кеттерінен бас тартқан еді. Бірақ, одан кейін белгілі себептермен Қатар мен ПШАМЫК елдерінің арасы оңала қойған жоқ.  Осылайша, сол кезден-ақ араб елдері исламистерді қолдайтын және оларға қарсы тұратын екі топқа бөлінді. Аймақ елдерінің сыртқы саясаты сол топтарды қолдап, қолдамайтынына байланыс­ты анықталды. Мамандардың айтуынша, Қатар осындай исламистік топтарды өзінің сыртқы саясатын ілгерілету және ықпалын арттыру мақсатында пайдаланып, халықаралық қақтығыстарда дәнекер рөлін атқаратын белсенді аймақтық күшке айналған. Ал мұндай көзқарасты жоққа шығаратын жергілікті сарапшыларды тыңдасақ, аймақтағы терроризмді қолдады деген айыппен немесе жаламен барлық кінәні Қатардың мойнына арту үшін осындай науқан жүріп жатыр-мыс.  АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Р.Тил­лерсон тараптарды бірлікке шақырды. Алай­да, АҚШ мәселеге қатысты айтар сөзін Эр-Риядта айтып қойған. Сондықтан Вашингтон әліптің артын бағып, Сауд Ара­биясы арқылы әрекет етуі ықтимал. «Эр-Рай әл-Яум» газетінде жарияланған мақа­лада егер Доха ыңғайға келмесе, Қатарда билік ауысуы мүмкін екендігі көлденең тар­тылады. Өйткені, кейбір тараптарға Сауд Арабиясы АҚШ-пен қалай жақсы қа­рым-қатынаста болса, Қатардың да сондай икемді, бейімделгіш саясат ұстанғаны тиімді.  Қатарға халықаралық қысым күшей­ген­діктен, Доха өзіне жақын елдер – Түр­кия­мен, Оманмен, тіпті Иранмен және Ре­сеймен жақындасады дегендер де бар. Ресей аталған ұйымның ішкі ісіне араласудан өзін алыс ұстап, бейтарап көзқарас білдірді. Ресей сарапшыларының басым бөлігі де осындай пікір білдіруде. Қатарда әскери базасы бар Түркия болса, тараптарды тату­ластыруға әзір екенін сездіріп үлгерді. Кей­бір түрік сарапшылары жағдайы қиындаған Ка­тарға көмек қолын созу керек десе, енді бір бөлігі араласпау керек дегенді мең­зейді. Кувейт араағайындық жасауға ниет біл­діргенімен, Сауд Арабиясының медиасы мұн­дай бастамаға орын жоқ екенін жазды. Бір­шама бейтарап саясат ұстанатын, Иран­мен жақсы қарым-қатынастағы Оман да бі­тімгершілік рөл атқарғысы келетін секілді.  Бұл оқиғалар Сирия мен Палестинадағы ахуалға да өз әсерін тигізуі мүмкін. Осы оқи­ғалардан кейін Мосул мен Раққада, Дәйр-әз-Зор маңындағы шешуші қақтығыстардан кейін саяси тепе-теңдік біршама өзгереді. Сонымен бірге, Израиль мен Шығанақ елдері жақындасып отырған кезде Қатардың Палестинадағы «Хамас» ұйымымен және көрші елдегі басқа да ұйымдармен байланыстарын шектеу басты мақсаттардың бірі болуы ықтимал.  Осылайша, Таяу Шығыстағы «Араб көктемімен» басталып, Ливия, Ирак, Сирия соғысына жалғасқан кең көлемді азамат соғысы кезеңі саябырсып, жаңа геосаяси жағдайдағы әскери-саяси дипломатия кезеңі басталды деуге болады. 

Жанат МОМЫНҚҰЛОВ,  философия ғылымдарының кандидаты, шығыстанушы