• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қазақстан 07 Маусым, 2017

Қар суынан көл жасасақ қайтеді?

357 рет
көрсетілді

2004 жылы Астанаға Қазақстан тыңының 50 жылдығын тойлауға жан-жақтан қонақтар келген еді. Солардың арасында жазушы, ғалым, мемлекет және қоғам қай­раткері Федор Трофимович Моргун да болды. Ол жас кезінде Украинадан кел­ген тыңгерлер қатарында Көкшетау облысындағы «Толбухин» кеңшарының ірг­етасын қалап, соның алғашқы директоры болады. Мұнан кейін Павлодар об­лыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, облыстық партия ко­ми­тетінің екінші хатшысы, Тың өлкелік ауыл шаруашылығы басқармасының бас­тығы, Украинадағы Полтава облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қыз­меттерін атқарады. Ең соңында КСРО Табиғат қорғау жөніндегі мемлекеттік ко­митетінің төрағасы болады. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Со­циалистік Еңбек Ері. Көптеген кітаптар жазып, жазушы да атанады. Былайша айт­қ­анда, көп дүниені бастан кешірген мол тәжірибе иесі және жан-жақты білікті адам.

Оның соңғы атқарған қызметіне на­зар аударыңыз. КСРО секілді алып им­пе­рияның Табиғат қорғау комитетінің төрағасы болу үшін табиғат заңдылықтары туралы біраз дүниені білу керек. Оның арасында аса кең аумақтағы ауа райының құбылысы және оның болжамдары туралы құпия ақпараттардың болғаны да анық. Міне, сол Федор Моргун бізге осыдан 13 жылдай уақыт бұрынғы әңгімесінде былай деген еді. «Мына сіздердің ылғал мен жауын-шашынның жетіспеушілігінен үнемі сарғайып жатқандықтан Сарыарқа атанып кеткен алып далаларыңыз алдағы уақытта көгере бастауы мүмкін. Өйткені Жер шарының ғаламдық жылынуы дау­сыз шындыққа айналып отыр. Бұл жағдай Америка мен Еуропаға біршама қолайсыздықтар әкелгенімен бастапқы кезеңде Қазақстанның оң жамбасына дөп келеді. Қазақстанның солтүстігі мен орталығында қыс қысқарып, жаз ұзарып, жауын-шашын молая түседі. Осының нәтижесінде астық шығымдылығы артады. Бұл үдеріс біраз жылдарға созылуы мүмкін. Бірақ түптеп келгенде жаһандық жылынудың Қазақстанға да қолайсыз әсерлері болуы мүмкін...» деп сөзінің соңын жұмбақтай аяқтаған еді.  Қазір ойлап қарасам, көпті көрген, оның үстіне табиғат өзгерістері жөніндегі ақпараттардың орталық көзінде тұрған ғалымның осы болжамы шындыққа айналған секілді. Әсіресе, соңғы жылдары Қазақстанға ылғалдың молынан келе бас­тауын өзіміз де байқап жүрміз. Соңғы үш-төрт жылдан бері қыста қар молынан жауып,­ соның әсерімен көктемде көл - көсір су тасқынына тап болу, жазық да­ла­ның өзінде ауылдарды су басып қалу қ­ұ­былысы орын алуда. Бірақ біз бұл құ­былыстың өзінен дұрыс қорытынды шы­ғара алмай келеміз. Іс-әрекетімізде көктемнің мол суын пайдалана білуден көрі жайбасарлық жағы басым. Соның салдарынан мол судың әзірге зардабын ғана тартып келеміз. Әсіресе, биылғы көктемгі тасқын бізге судың қай жерлерге молынан жиналатындығын көрсетіп беріп кетті. Ен­деше неге сол жерлерге бөгендер тұр­ғызып, су қоймаларын ұйым­дас­тыр­масқа?! Осы мәселені зерттеп жүрген адамдар бізде бар ма екен? Бұл жөнінде Су ресурс­тары комитетінде қандай жұмыстар жүр­гізілуде? Жерлерін су басып қалып жатқан облыстар әкімдерінің қандай ойлары бар? Аталған проблеманы еңсеріп, мол суды ел игілігіне айналдырудың алғашқы қамын Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаевтың жасағандығын білеміз. Былтыр бұл облыста әкімнің бастамашылығымен 10 су қоймасын тұрғызу мәселесі қоз­ғал­ды. Мұнан кейін ел көлемінде 22 су қоймасының салынатындығы туралы әңгіме болды. Бұған 58 миллиард тең­геге жу­ық қаржы қажет екен. Бұл су қой­м­а­ларының Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан салу жоспарланғанын естідік. Бұған неге биылғы жылы су тасқынына ұрынған Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары енбей қалған? Біздің ойымызша, су қоймаларының орындарын анықтау және олардың құрылысын жобалау мәселесіне неғұрлым білікті мамандарды тартқанымыз жөн. Әйтпесе, олар күні ертең салынғанымен тиімділік бермей, босқа ақша шашудың тағы бір көрінісіне айналуы мүмкін. Ал жақсы тиімділік берген жоба оның авторына жылма-жыл дивиденд әкелетіндей жағдай ескерілсе, жобалаушылардың із­деністері мен жауапкершілігі арта түсер еді деген ойдамыз. 2013 жылы «жасыл» экономи­ка мә­се­лесіне арналып өткізілген кон­фе­ре­н­­циялардың бірінде еліміздің сол кез­де­гі Қоршаған ортаны қорғау мини­ст­рі Н.Қапаров егер дәл қазір дұрыс ше­шім­дер қабылданбай жағдай осы бетімен ке­те беретін болса, Қазақстандағы су тапшылығының деңгейі 2050 жылға таман 3 есе артатындығын мәлімдеген болатын. Біздің ойымызша, осы проблеманы еңсерудің бір үлкен жолы көктемгі артық суды ел игілігі жолында дұрыс пайдалану үшін шағын су қоймаларын салып, олардың санын  көбейту және қазір иесіздікке душар болып отырған су қоймаларын анықтап, оларға жөндеу жұмыстарын жүргізу болып табылады. Сондай-ақ, жеке меншікке беріліп кеткен су қоймаларын қайтадан мемлекетке қайтару немесе олардың иелерінің жау­ап­кершілігін арттыру мәселесін бір­жолата шешу қажет. Деректерге қарағанда, Қазақстандағы таза судың қоры 539 текше шақырымды құрайды. Мұның 190 текше шақырымы ел аумағындағы көлдерде, 95 текше ша­қы­рымы су қоймаларында, 101 текше ша­қырымы өзендерде, 95 текше шақырымы жер астында, 58 текше шақырымы таулар басындағы мұздақтарда шоғырланған. Елімізге сырттан келетін сулар негізінен өзендер арқылы қалыптасады. Мәселен, трансшекаралық өзендер арқылы бізге жылына Ресейден 8 текше шақырым, Қытайдан 19 текше шақырым, Өзбекстаннан 15 текше шақырым, Қырғызстаннан 3 текше шақырым су келеді екен. Яғни, өзендердегі 101 текше шақырым судың 45 текше шақырымы сырттан келетін болса, 56 текше шақырымы еліміздің өз ішінде қалыптасады. Сарапшылардың болжамы бойынша Қазақстанға трансшекаралық өзендер арқылы сырттан келетін су көлемі алдағы уақыттары азайған үстіне азая бермек. Өйткені бізбен көрші мемлекеттер, әсіресе Қытай ішкі қажеттіліктеріне байланысты Ертіс пен Іледен алатын үлесін бөгендер мен су қоймаларын тұрғызу арқылы жылдан жылға арттыра түсуде. Ал Өзбекстан болса, судың жоғарғы саға­сын­да отырған Тәжікстан секілді елдердің өзенге бөген салуына байланысты қазірдің өзінде су тапшылығына ұрына бастады. Мұндай жағдайда бізге сырттан қар мен жаңбыр арқылы келетін су көздеріне ерекше ықтияттылықпен қарап, оларды шашау шығармай ұстап қалудың жолдарын ойлас­тыру керек. Ал оның ең сенімді жолы су қоймаларын салу екендігі түсінікті. Егер игілікке дұрыс пайдаланылса, су дегеніміз өмірдің нағыз өзі. Біздің жазық далаларымыздың ойпаң тұстарында жаңадан шағын су қоймалары пайда болатын болса, оларда балық шаруашылықтары ұйымдастырылып дамытылса, ол сол су қоймаларының маңайындағы ауылдар үшін ырыстың үлкен көзіне және жаңа кәсіп түріне айналар еді. Ал егер сол су қоймалары жағасынан демалыс орындары салынса, суға түсіп, қыздырынатын жағаж­айлар ұйымдастырылса, бұл жаз шық­са болды шомылуға су аңсайтын Сары­арқаның қазағы үшін өмірдің жарты­лай жұмағына айналмас па еді. «Жұмақ қай­да десеңіз, ол сылдырап аққан бұлақ ба­сында» деген теңеу сөз бекерден бекер ай­тылмаса керек. Биылғы жылдың қаңтар айының басында «Егемен Қазақстанда» жарық көрген «Ахиллестің өкшесі» атты мақаламызда су ресурстарының тапшылығы Қазақстанның ең осал тұсы екендігін айта келіп, көк­тем­дегі мол суды жылма-жылғы үлкен проб­лемаға емес, керісінше ырыс көзіне айналдыру үшін су қоймаларын салу және бұрынғыларының жұмысын ретке келтіру мәселесін көтерген едік. Бір қуаныштысы, соңғы екі-үш айдың бедерінде бұл мәселеге Үкімет те назар аудара бастаған секілді. Өйткені еліміздің 7 облысынан 22 су қоймаларын салу жөнінде әңгіме қозғалып отыр. Енді осыған, біздің ойымызша, жуықта ғана елімізде болып өткен су тасқыны өзіндік өзгерістерін енгізуі тиіс. Соның ішінде Сарыарқаның жүрегі секілді Астананың маңайын көктемгі еріген қар суларын пайдалана отырып суландыру мәселесін қарастырған жөн бе дейміз. Өйткені егілген ағаш, пайда болған жасанды көлдер мен су қоймалары бұл өңірге ылғал шақыратыны, жағымды микроклимат қалыптастыруға себепші болатыны анық. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»