Мысалы, транзиттік көлік әлеуетіне ие өңірдің мүмкіндігі ТРАСЕКА көліктік дәлізі арқылы Қытай-Қазақстан, Кавказ, Еуропа көліктік бағдарын қосатын, сондай-ақ, Қазақстанның солтүстік-оңтүстік бағдары бойынша елімізді Парсы шығанағы, Үндістан, Пәкістан, Иран, Түрікменстан, Ресей, Еуропа елдерімен жалғайтын ірі көліктік-коммуникациялық желі болып саналады. Ақтау халықаралық теңіз-сауда портын солтүстік бағытта кеңейту, Боржақты-Ерсай темір жол желісі, жылына астық, мұнай өнімдері, тыңайтқыш химикаттар сынды халық шаруашылығы тауарларынан құралған 4 млн тонна жүк өткізетін Құрық паром кешені сынды «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы көліктік, инфрақұрылымдық жобалар транзиттік әлеуетті өсіру арқылы ел экономикасының қуатты, бәсекеге қабілетті болуына қол жеткізеді. Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 11 қарашадағы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру үшін қабылданған инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы Маңғыстау өңірінде қарқынды жүзеге асырыла бастағанына Құрық кентіндегі екі бірдей жоба куә. Бағдарламаның темір жол секторын және логистиканы дамытуға арналған екінші бағыты бойынша 2015 жылдың сәуір айында Құрық паромдық кешенінің бірінші фазасының құрылысы басталған болатын. Кешеннің жобалық қуаты жылына 4,1 млн тонна жүкті тасымалдауға негізделген болса, жобаның құны 30,6 млрд теңгені құрайды. Одан бір жыл бұрын, яғни 2014 жылы Құрық портын темір жол магистралімен байланыстыратын «Боржақты – Ерсай» темір жол желісінің құрылысы басталып, ол 2015 жылы аяқталған болатын. «Боржақты – Ерсай» темір жол желісінің құрылысы алғашқы бес жылдың ішінде жылына 8 млн тоннадан астам тасымалдау көлемін қамтамасыз ететін болады деген меже бар. Темір жол инфрақұрылымын дамыту портта тұрақты жүк ағынын қамтамасыз етеді, сондай-ақ, Құрық портының ауданындағы кеме жасау және кеме жөндеу зауыты, металл құрылғылары зауыты сияқты дамып келе жатқан өндірістерге көліктік қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді. Құрықтағы паромдық кешен мен Боржақты-Ерсай темір жол желісі – екі жоба құрылысына 700-ден аса адам жұмыс- қа тартылды, ал нысандар пайдалануға берілгеннен кейін шамамен 250 тұрақты жұмыс орны ашылатын болады. Құрық паром кешені Каспий маңындағы Иран, Әзербайжан сынды көршілес мемлекеттермен халық тұтынатын тауарлар, жабдықтар, құрылыс материалдары, өзге де қажетті жүктердің тауар айналымын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жоқтан бар жасау оңай емес. Болашағы зор паромдық кешеннің құрылысы екі кезеңнен тұрады. Жұмысы аяқталған бірінші кезең 2016 жылдың желтоқсан айында Елбасымен тікелей телекөпір арқылы іске қосылды. Телекөпір барысында Елбасы Н.Назарбаев Құрық порты еліміздің жүктерін Кавказ бен Еуропаға шығаруға мүмкіндік беретінін, ұзақ күткен жоба мемлекетіміздің дамуы үшін аса қажетті екенін айтып өтті. Құрық портында паромға жүк вагондарын тиеу басталып, мұнда тиелген алғашқы жүк көлігі Бакуге аттанды. Жалпы, паромға шамамен 52 вагон тиеуге болады. Вагондар көпірден өтіп, лифт арқылы тиеледі. Барлығы 3 қабаттан тұратын паромның бір қабатына 14 вагон орналасады. Қазіргі таңда осы кешенді жүзеге асыру мақсатында «Құрық» паромдық кешені» ЖШС құрылып, оларда 54 жұмыс орны ашылды. Жасалған жұмыстар нәтижесінде Каспий теңізінде порттар арқылы жүктерді қайта тиеудің жалпы көлемі 2020 жылға қарай шамамен 25 млн тоннаны құрайтын болса, оның ішінде Құрық паромдық кешенінің үлесі 4 млн тоннаға дейін жететін болады. Қазіргі таңда 61 паромға қызмет көрсетіліп, оларда барлық салмағы 234647 тоннаны құрайтын 3428 вагон қабылданып, тиісті мекенге жөнелтілді. Нақтырақ айтсақ, салмағы 114424 тоннаны құрайтын 1798 вагон импортқа, 12222 тоннаны құрайтын 1630 вагон экспортқа бағытталған. Құрық паром кешенінде қазір құрылыс жұмыстарының екінші кезегі жүргізілуде. Бұл кезектегі жалпы құны 67,1 млрд теңгені құрайтын автомобиль кешенінің жүзеге асу мерзімі 2017-2018 жылдарға жоспарланған. Аталмыш кешеннің жобалық қуаты жылына 1,9 млн тонна жүкті құрамақ. Құрық өңіріндегі екі жоба ел экономикасының дамуына үлес қосып, қазақстандық порттың әлеуетін арттыратын нысандар болары анық.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы