• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 07 Маусым, 2017

Емі шипа, қолы алтын

274 рет
көрсетілді

жоғары санатты дәрігерге айтылатын жылы лебіз көп

Әкесі Николай алыс-жақын маңайға сыйлы, беделді хирург болды. Петропавл қаласындағы №1 емхананың травматология бө­лімін басқарды. Медицина ғылымдарының кандидаты ретінде көптеген ұсыныстар енгізіп, білімі мен біліктілігін игілікті істерге арнады. Жарықтықтың туа бітті сүйек ке­селдерін емдеу жөніндегі ғы­лыми жаңалықтары өндірісте қол­данылып, талай жанды айық­пас дерттен сауықтырды. Анасы Людмила әлі тың, сергек. Жалғыз ұлының ақылшысы. Са­нитарлық-ағарту үйінде бас дәрігер қызметін атқарған оның өмірден түйгені мол. Сол себепті анасының ақыл-кеңесіне үнемі жүгініп отырады.  Ол кей сыныптастарына ұқ­сап ұзақ ойланып-толғанған жоқ. «Дәрігер боламын» деген бай­ламын бірден кесіп айтты. Бір жағынан, медицина саласында абыройлы қызмет атқарған ата-анасына еліктесе, екінші жа­ғы­нан, әулеттің қалыптасқан дәс­түрін жалғастыруды ұйғарды. Т­аң­даудан қателеспегенін кей­ін анық ұқты. 1980 жылы Це­линоград медицина институ­тын бітіріп, «балалар трав­ма­толог-ортопеді» деген ма­мандық алып шыққаннан кей­ін алғашқы еңбек жолын облыс орталығындағы  № 3 ауруханада бастады. Осында өткерген 7 жылдың ішінде кәсіби шеберлігін жетілдіріп, тә­жірибелі маманға айналды. 1987 жылы оған облыстық балалар емханасындағы травматология және ортопедия бөлімшесіне же­тек­шілік ету ұсынылды.  Жазым деген аяқ астынан емес пе? Ауыр ота түрле­рін мең­геріп, жанарлары жау­таң­да­ған балдырғандардың үзілген үміттерін жалғауға дәнекер бо­лып жүргенде...кенеттен ден­сау­лығы сыр берді. Аяқасты бір кесел жабысты. Жеңіл-желпі болса, бір сәрі ғой. Заты түгіл аты­нан адам шошитын обыр диаг­но­зы қойылғанда шалқасынан түсе жаздаған. Еңсені езген ауыр ой тұла-бойын тұмшалап, алды тұман, арты жар, − пұшайман күйге түскен. Өмірден күдер үзіп, салы суға кеткен. Ақыры езіліп жата бергеннен ештеңе өнбесін сезіп, әріптестерінің ем-дом алу керек деген ақыл-ке­ңе­сіне құлақ түрген. Еңбекке жа­ра­мсыздығын айғақтайтын екін­ші топтағы мүгедектік құжа­тын қолына ұстатқанда жағы солып, жүзі қуарып сала берген. Кеудесін белгісіз бір өкініш, өксік қанша қысса да, әлдебір сәулелі үміт алға қарай жетелеген. Не керек, Мәскеудегі хирур­гия орталығында ота жаса­тып, ажал тырнағынан аман қал­ған. Бір жылдан кейін сүйікті қыз­ме­тіне қайта оралған ол содан бері балалармен бірге.  Кешегі шәкірт – бүгінде тә­лім­гер ұстаз, жоғары санатты дә­­рігер. 33 орынға шақталған трав­матология және ортопедия бөлімшесінде өзімен бірге Асыл­хан Жағыпаров және Шыңғыс Нұрғалиев есімді бірі тәжірибелі, екіншісі жас хирург қоян-қолтық еңбек етеді. Тумысынан болмаса жүре келе тірек-қимыл мүшелері зақымданған балаларға жоғары мамандандырылған көмек бере­тін облыстағы бірден-бір емдеу орталығы болғандықтан, ем­де­­л­ушілердің қарасы қалың, бір үзілген емес. Жұртшылық Борис Николаевичтің Илизаров аппа­раты бойынша өте күрделі ота­лар жасайтын қолы алтын, емі шипалы, кәсіби шеберлігі жо­ғары маман екенін жақсы бі­летіндіктен, омыртқа, жамбас сүй­ектерін түзеуге, қалпына кел­тіруге жиі қайрылып жатады. Аяқасты қол-аяқтарын сындырып, жедел жәрдемге жүгініп жа­та­тындары – өз алдына бір бөлек.  – Жоғары технологияға не­гіз­­делген медициналық құ­рал-жаб­дықтармен жұмыс істей­міз. Бөлімге шетелдік «Цедуга» жы­л­жымалы рентген аппа­ра­ты сатып алынғалы сүйек сынық­та­­рын емдеу ісі әлдеқайда жақ­сар­ды. Соңғы жылдары ортопедия саласына озық әдіс-тә­сіл­дердің кеңінен қолданылуы ар­қасында балалардың мүгедек бо­лып қалуы азайып, керісінше, сапалық емдік көрсеткіштер жақсарды. Қай-қайсысы болсын, шыбын жанына шипа іздеп, соң­ғы үмітпен келіп жата­ды. Ара­ларында ауруын асқын­ды­рып алатындары жоқ емес. Вова есімді бір ойын баласының бу­ын ішіндегі сүйек сынығын ор­нына келтіру оңай болмады. Ба­ланың денсаулығына бі­рін­ші кезекте ата-ана жауапты. Олардың салғырттығынан бү­гін­де майтабан, сколиоз се­кіл­ді ортопедиялық кеселдерге шалдыққандар көп, – дейді біз­- б­ен әңгімесінде облыстық ба­лалар ауруханасының травматология және ортопедия бө­лім­шесінің меңгерушісі Б. Гончаров. Оның әкеден алған тәлімінің бірі өнертапқыштыққа, жаңа­лық­қа жақындығы. Осыдан 12 жыл бұрын адам сүйегін түзеу, бас­тапқы қалпына келтіру аппаратын ойлап тапқанымен, қаржы тапшылығынан одан әрі жалғастыра алмаған. Жеке қар­жысына алты данасын жасат­қан аппарат қазір ауруханада қолданылады.  Бала күнінен армандаған мақ­сатына жүрек қалауымен жеткен жоғары санатты дәрігер еселі еңбегімен, қажыр­лы қай­ра­тымен, мейірімді жүре­гі­мен балалардың ілтипатына бөленіп жүр. 

 Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ