Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жұмыстары басталғалы облыс көлемінде біршама жұмыстар атқарылған. Бүгінде облыста 38 арнайы кабинет ашылып, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жөнінде 3452 азаматқа түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Облыс тұрғындарының МӘМС аясындағы мәртебесін анықтау да маңызды мәселенің бірі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан мәртебесі анықталмаған 393 613 облыс тұрғынының тізімі келіп түскен. Бұл облыс халқының 35,3 пайызын құрайды. Алайда облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Жорабек Баубеков отбасының барлық мүшелерінің мәртебесін анықтау мақсатында үй шаруашылықтарын аралау бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде, дейді. Аталған жұмыстар нәтижесінде 393 279 адамның мәртебесі анықталған. Дегенмен, Жамбыл облысында жұмыс істегенімен әлеуметтік жарна аударымдары жоқ және өз бетінше жұмыспен қамтылғанымен тіркелмеген адамдар басым болып отыр. Мәселен, Тараз қаласының өзінде 17 мыңнан астам адамның аударымдары жоқ екені белгілі болды. Сондай-ақ, Байзақ, Шу, Жамбыл, Меркі, Қордай және Талас аудандарында да осындай мәселелер бар. Бүгінде бірқатар ел тойхана, дәмхана, дүкен сияқты орындарда жұмыс істеп, күн көреді. Ал бұл жекеменшік жұмыс болғандықтан, оған күнделікті келісілген ақшадан басқа ештеңе де төленбейді. Сондықтан да тұрғындардың арасында түрлі мәселелер туындайды. Айталық, Қордай, Байзақ, Меркі, Шу аудандарында барлығы 32842 адам тіркелмеген. Сондай-ақ, нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар саны 97923 адамды құрап отырғанын да айта кеткен жөн. Елбасы айтқандай, мемлекетіміз бүгінде әлемдегі ең дамыған отыз елдің қатарына кіруде бәсекеге қабілетті болып отыр. Бұл тұрғыда барлық өңірлерде тиісті жұмыстар атқарылуда. Ауылды жерлердегі азаматтардың мәртебесін анықтау мақсатында, компьютерлер алу үшін 180 миллион теңге бөлініпті. Егер әрбір отбасының әлеуметтік картасы жасақталып, тиісті мәліметтер базаға енгізілетін болса, ендігі жерде мәртебе анықтауда мәселе туындай қоймасы анық.
Хамит ЕСАМАН, «Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы