• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Қазақстан 07 Маусым, 2017

Қазақстандағы Қытайдың туризм жылы арамызды жақындата түседі – Назарбаев

151 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин «Көрікті Қазақстан – Көркем Қытай: «Нұрлы жол» мен «Жібек жолы» экономикалық белдеуін түйіндестіру» фотоальбомының басылып шығуына орай жазбаша құттықтаулар жолдады, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатында Қытайдың «Жібек жолы экономикалық белдеуі» құру бастамасы мен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы Ұлы Еуразия трансқұрлықтық магистралының – Жібек жолының жандануына септігін тигізетіндігі айтылған.

«Осы жылғы Қазақстандағы Қытайдың туризм жылы біздің достас елдеріміздің халықтарын одан ары жақындата түсетіндігі сөзсіз», деп атап өтеді Қазақстан Президенті.

Ал Си Цзиньпин алдағы уақытта Ұлы Жібек жолының маңызды елдеріне айналатын Қазақстан мен Қытай өркениеттер арасындағы алыс-беріске айтарлық зор үлес қосатындығын баса атап өткен.

«ҚХР мен Қазақстан арасында дипломатиялық байланыс орнағаннан кейінгі 25 жылда мемлекеттік қарым-қатынас қарқынды дамуға ие болды. Екі ел де жоғары деңгейдегі тығыз байланыстарды қолдап, саяси өзара сенімді үнемі нығайтып, тәжірибелік ынтымақтастықты жан-жақты ілгерілетіп отырды. Қытайлық-қазақстандық жалпықамтымды стратегиялық серіктестік дамудың мұнан да жоғары деңгейіне көтеріліп келеді», деп жазды қытай басшысы.

Оның айтуынша, Қытай мен Қазақстан бірлесіп шығарған бұл фотоальбом бүкіл әлемге екі елдің ғажайып табиғи және мәдени нысандарын паш етеді, сондай-ақ екі ел арасындағы достықтың іске асырылуын көрсетеді.

Естеріңізге сала кетсек, кеше Астанада Бейбітшлік және келісім сарайында «Көрікті Қазақстан ­­– Көркем Қытай» фотокөрмесі ашылды. Мәдени шара Қазақстан мен Қытайдың арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығына арналған. Көрмені ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, ҚХР Мемлекеттік кеңесі баспасөз кеңсесі, ҚХР-дағы Қазақстан Елшілігі, Қазақстандағы ҚХР Елшілігі, ҚХР Әдеби туындылардың шет тілдерінде басылуы және таралуы жөніндегі басқармасы бірлесіп ұйымдастырған. Шара 10 маусымға дейін жалғасады.