• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 07 Маусым, 2017

Өз ісіне адал полицейлер қоғамға үлгі

308 рет
көрсетілді

Полиция қызметінде жүргендер өз бастарын тәуекелге тігіп, кейде өлім құшып та жатады. Ондаған, тіпті, жүздеген адамға өмір сыйлайтын мұндай құрбандық шынымен де нағыз ерлік екендігінде дау жоқ.

Өзін саналы түрде құрбандыққа шалып, бірнеше адамның өмірін сақтап қалған полиция қызметкерлерінің ерлігін қоғамға үлгі етудің өзіндік маңызы бар. Сондықтан да ерлігімен көріне білген осындай жандар туралы аз-кем сөз қозғағанды дұрыс көрдік. Жол полициясы басқармасының аға инспекторы Төлеген Құсайынов 2006 жылдың 13 маусымында «Фольксваген» жеңіл автокөлігімен Зеренді ауданының төрт автобусқа бөлініп мінген 120 баласын Астана қала­сына саяхатқа апаруға шыққан сапарда жол апатына түсті.  Нақтырақ айтсақ, Шортанды ауданында, Астана-Петропавл тас жолының он үшінші шақырымында қарсы жолаққа шығып кеткен жолаушы тасымалдаушы «Газел» микроавтобусы балалардың өміріне үлкен қауіп төндірген еді. Сол кезде зымырап келіп қалған микроавтобустан жалт бұрылмай, бар соққыны өзіне қабылдаған Төлегеннің жеңіл автокөлігі сайға барып төңкеріліп қалды. Ал жантайып барып бір жағына аударылған шағын автобус жолды көлденең жауы­п тастады. Осылайша жол полициясы бас­қармасының аға инспекторы Төле­ген Құсайынов пен оның әріптесі аға инспектор Қабидолла Әпенов ауыр жа­рақаттанып, өз ерліктерімен және ширақ қимылдау арқылы балалардың өміріне төнген қауіптің алдын алды. Олардың бұл ерлігі назардан тыс қалмады. Елбасының Жарлығымен екеуіне «Ерлігі үшін» медалі табысталды.  Тағы бір мысал. Бұзақылар қайда болса да бар. Сондай келеңсіз жағдайлардың бірі Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Ақмол ауылында болды. Космонавтар көшесі бойында өз автокөлігінің қасында ес-түссіз жатқан полиция қызметкері табылғандығы бұған дейін хабарланған-ды. Жедел іздестіру шараларының арқа­сында бұл оқиғаға қатысты мән-жайлар анықталды.  Тарқатып айтқанда, Жеңіс Күптенов жұмыстан кейін үйіне қайтып келе жатады. Сол мезет аялдамада спирттік ішімдік ішіп отырған бір топ жастарды байқайды. Даурығып, аялдаманы бастарына көтеріп отырған жастарға бұрылып барып, қоғамдық орында бұлай істеу дұрыс еместігін ескерткен. Ескертпеге әлгілер шамданып, жабыла кеткен. Ауыр соққылардан кейін полиция лейтенанты Жеңіс Жанғабылұлы есін жимастан сол жерде бақилыққа аттанды. Жары Нұргүл мен қызы Қарақат соңынан жылап қала берді. Оған «Ерлігі үшін» медалі тағайындалғанымен, отбасына ешкім және ешқашан қайтара алмайды ғой.  Полиция қызметкерлері қылмыспен күресіп, қоғамдық тәртіпті сақтап ғана қоймай, қажет десеңіз от пен суға да түсіп жатады. Оған да нақты мысалдар жете­рлік. Сондай оқиғаның бірі Ақмола облысы, Зеренді ауданы, Қарабұлақ ауылында орын алған-ды. 2015 жылдың 10 қыркүйегінде 23 жастағы кіші сержант Данияр Аманжол жеке тұрғын үйдің өртке оранғанын көреді. Сол мезет жедел әрекетке көшіп, әлгі жанып жатқан үйдің терезесін шағып, ішінен тірідей өртеніп кетуіне шақ қалған төрт баланы және олардың аналарын аман алып шығады. Мұндай жаны жайсаң азаматтарға қандай құрмет көрсетсең де лайық.  Төрт бала мен олардың анасын өлім аранынан арашалап қалған Ақмола облысы ІІД жол-патрульдік полициясының қызметкері Даниярға Тәуелсіздік мерекесі күні салтанатты жағдайда ІІД бастығы Жайлаубек Халықұлы Президент атынан «Ерлігі үшін» медалін табыстады.  «Азаматтардың конституциялық құқығын қорғау, сондай-ақ, қылмыспен күресу маған ант арқылы сеніп тапсы­рылған. Сондықтан да мен өз қызметтік борышымды адал атқардым деп нық сеніммен айта аламын. Ең бастысы – әйел мен оның балалары зардап шеккен жоқ. Сондықтан да мен үшін осындай награданы алу үлкен мәртебе. Бұл біріншіден, Ақмола облысының барлық полицейлерінің және менің әке-шешемнің үлесі. Қазақстан Республикасына қызмет етемін!», дейді Данияр ағынан жарылып. Міне, осындай азаматтардың ерліктері арқылы бүкіл облыстың жұмысына баға беруге де болады. Мақаланы жазу­дағы басты мақсатымыз – полиция қызметкерлерінің ерлік істерін паш ете отырып, олардың қоғамдағы беделін көтеру.  Қорыта айтқанда, Қазақстанда соңғы 23 жылда 2 мыңнан астам полиция қызметкері зардап шеккені белгілі болып отыр. 1993 жылдан бері 764 полицей өз қызметтерін атқару барысында қаза тапқан. Осы көрсеткіштер арқылы-ақ біз полиция қызметінің ауыр екендігін және өз өмірлерін тәуекелге байлайтындығын көреміз. Олардың ерлік істері өскелең ұрпаққа үлгі. 

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы