• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
ЭКСПО-2017 07 Маусым, 2017

ЭКСПО нысандарының бірі – «Жасыл орам»

350 рет
көрсетілді

ЭКСПО – 2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің ашылуы қарсаңында «Жасыл орам» көп функционалды кешенінің жаңа бизнес-орталығында баспасөз конференциясы өтті. Конференция шеңберінде «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ және BI Group арасында жасалған ынтымақтастық туралы меморандуммен танысу  өткізілді.

Меморандумға сәйкес, «Жасыл орам» кешенін ЭКСПО-2017 объектілерінің бірі ретінде енгізу туралы шешім қабылданды.

«Жасыл орам» кешенінің «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ, «АТФ Банкі» АҚ және BI Group құрылыс компаниясы арасында мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде Мемлекет басшысының бастамасымен салынғанын атап өту жөн.

«Жасыл орам» кешенінің негізгі идеясы – Астана қаласының ауа райы жағдайларын ескере отырып, экологиялық тұрақты қала ауданын салу. Тұжырымдаманы әлемдегі 10 үздік сәулет-жобалық компаниялар тобына кіретін AEDAS компаниясы ұсынды.

ЭКСПО-2017 көрмесінің бірі ретінде қабылданған «Жасыл орам» кешенін таныстырған «Самұрық-Қазына» ЖМҚ» АҚ Басқарма басшысы Арман Жетпісбай бұл кешеннің тиімділігі туралы айтты.

– Бұл орамның ең басты артықшылығы – энергия үнемдеуі мен экологиялық талаптарға сай болуында. Нарықтағы баспана бағасынан қымбат болғанымен, бұл тұрғын үй кешенінде тұратындар коммуналдық шығындардан 22 пайызға дейін үнемдей алады, дейді Арман Жетпісбай.

«Жасыл орам» – LEED Campus Group сертификаттауынан өткен ТМД аумағындағы бірінші кешен. Оның бірегейлігі – сертификаттаудан жеке тұрған ғимарат емес, бір кешенге біріктірілген ғимараттар тобы өтті.

ЭКСПО көрмесін өткізу кезеңі ішінде бірінші отандық электр автобустармен «Жасыл орам» объектісіне дейін тегін  бағыт ұйымдастырылады. Электр автобустар қазақстандық инженерлер мен «Higer» әлемдік автогигантының бірлескен жобасы.

Электр көліктің аталған түрін пайдалану, сондай-ақ құрылыста «жасыл» технологияларды қолдану Қазақстанда экология және энергия тиімділігі қағидаттарын  нақты іске асырудың айқын мысалы болып есептеледі.

Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»