Жалпы, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануына Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың белсенді халықаралық, реформаторлық және бітімгерлік қызметі арқылы жинақтаған беделі мен оған деген халықаралық қоғамдастықтың үлкен сенімнің оң әсер еткені белгілі.
Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі мүшелігі, маңызды стратегиялық жоба ретінде тек біздің елімізге ғана емес, сонымен қатар, ұйымның өзі үшін де бірегей оқиға болып табылады. Осылайша, Қазақстан секілді ширек ғасырлық қана тәуелсіз тарихы бар елге әлемдегі қауіпсіздік бағытындағы күрмеуі қиын күрделі мәселелерді шешу үшін араласуға мүмкіндік беріліп отыр.
Біз үшін бұл миссия – тек құрметті міндеткерлік қана емес, сонымен қатар, әлемдегі орын алған текетірестерді шешуге, бітімгерлік бағытында жинақталған өз тәжірибемізден нақты ұсыныстар мен әрекеттер жасап, БҰҰ-ның беделін нығайтуға, оның әлем елдері арасындағы абыройын арттыруға атсалысу, Ұйымның назарын аймақ мәселелеріне бұру. Сондықтан, біз бұл жауапты миссияға үлкен дайындықпен, ауқымды жоспарлармен, оларды жүзеге асырамыз деген зор үмітпен келдік.
Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болып қабылданған күннен бастап-ақ өзінің бар назарын трансұлттық қауіпсіздік мәселелеріне, соның ішінде халықаралық қатынастың төрт басымды саласы – азық-түлік, су, энергетика және ядролық қауіпсіздік салаларына аударды. Біздің осы аралықтағы басты мақсаттарымыз − орын алған қарама-қайшылықтарды барынша дипломатиялық жолмен шешуге нақты әрекеттер жасау, халықаралық қоғамдастықта бөлінудің жаңа сызықтарының пайда болуына жол бермеу, текетірес аймақтарында барлық тараптар мүдделерінің сақталуына қажетті жағдайды жасау және де БҰҰ дамуының негізгі бағыттары бойынша консенсустық алаңды қалыптастыру.
Біздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігіміздің бастапқы кезеңінде-ақ ауқымды бағдарлама жасалып, ол біртіндеп жүзеге асырылуда. БҰҰ-ның негізгі өлшемдері аясындағы алға қойылған мақсаттар бойынша және басқа да өлшемаралық мәселелерге қатысты күнделікті жүйелі жұмыстар атқарылып, олар өз кезегінде айтарлықтай нәтижелер алып келуде.
Қазақстан көптеген мәселелерге қатысты пікірталастық бастама көтеру арқылы Кеңесті «ширатып» алуға қол жеткізді. Қауіпсіздік Кеңесінің осы жылдың 10 қаңтарындағы отырысында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың мүше мемлекеттерге арналған бағдарламалық Үндеуі ауқымды жоспардың бастамасы екенін танытып, БҰҰ-ның барынша өзекті мәселелерін көпжақты талқылауға екпін берумен қатар, Кеңестің белсенді мүшесі ретінде Астана мақсаттарының салмақтылығын көрсетті.
Қазақстан БҰҰ-ның ядролық қауіпсіздік, су, азық-түлік және энергетикалық өлшемдері арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге ұмтылыс таныту үстінде. Жалпы алғанда, Қазақстан БҰҰ-ның негізгі өлшемдері бойынша көптеген іс-шаралардың жүзеге асуын қамтамасыз етуде. Мұның бір дәлелі ретінде Сирия дағдарысына қатысты үстіміздегі жылы елордада бірнеше дүркін өткен «Астана процесі» деген атауға ие болған келіссөздерді айтуға болады. Мәселенің күрделілігіне қарамастан, еліміз тараптарды бір үстел басына жинап, күн тәртібіндегі әрбір мәселені жан-жақты талқылап, ортақ бейбіт шешім қабылдауға барынша ықпал етуде.
Қазақстан қай кезде болса да, Ауғанстан мәселесін де күн тәртібінен түсірген емес. Еліміз жаһандық және аймақтық қауіпсіздік тұрғысынан қарастырылатын ауған ісіне қатысты халықаралық коалицияның оң талпыныстарына ұдайы қолдау көрсетіп келеді. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде әлемдік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында аймақтық және халықаралық ұйымдардың өзара ықпалдастығын нығайтуды ұсынады. Нақтылай айтқанда, Қазақстан аймақтық және халықаралық ұйымдардың өзара ынтымақтастығын қамтитын тиімді халықаралық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруды қолдайды.
Нұрлан Сейдін, саясаттанушы