• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қаржы 08 Маусым, 2017

Құйма алтынды көріп пе едіңіз?

460 рет
көрсетілді

Ол да енді қолжетімді бола түсті

Ұлттық Банктің Орталық филиалында (Астана қаласы) Халыққа арналған тазартылған алтын құймаларды сату мен сатып алу бағдарламасы туралы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне баяндалды. Осы жөнінде әңгіме қозғаған филиал директоры Әмірбек Санкубаев осыдан бір апта бұрын аталған бағдарламаның іске қосылғандығын Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышевтің Алматыда журналистер  алдында мәлімдегендігін еске салып өтті.  Осы жерде журналистерге бағдарлама туралы бейнеролик пен таза алтын құймалардың сатуға шығарылған үлгілері көрсетілді.

«Бағдарламаның іске қосылуы халық үшін қаншалықты қызықты және бұл істің қандай тәуекелдері бар деген мәселелер төңірегінде сұрақтар туындауда. Осыған байланысты айтарым, бұрын біздің еліміздің адамдары өз қаражаттарын теңге және шетелдік валюталар түрінде жинақтап, сақтап келген болатын. Енді міне, қаражатты жинақтап сақтаудың үшінші түрі ретінде Халыққа арналған тазартылған алтын құймаларын сату мен сатып алу бағдарламасы іске қосылып отыр. Бағдарламаға қатысатын алтын құймаларды Қазақстан теңге сарайы дайындады. Олар халыққа 10, 20, 50 және 100 грамм болып төрт түрде ұсынылуда. Мәселен, 10 грамдық құймалар күрең қызыл, 20 грамдық – жасыл, 50 грамдық – көгілдір түсті арнайы ораумен және 100 грамдық құймалар – алтын түстес ораумен ұсынылды. Әрбір құйма қорғаныш элементтерімен (құймалардың тегіс беті, микромәтін және бедерлі қыр) және құймаларды механикалық бүлінуден қорғайтын және ораудың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге мүмкіндік беретін арнайы ораумен шығарылады. Қорғаныш орау да құйманың сапа сертификаты болып табылады. Сондықтан, құйманы ұқыптап сақтау және орауын ашпау ұсынылады. Алтын құймалар екінші деңгейдегі банктер арқылы сатылатын болады. Алтын құймаларды екінші деңгейдегі банктердің клиентке «күнбе күн» ақша төлеу арқылы кері сатып алу мүмкіндігі олардың өтімділігін қамтамасыз етудің негізгі факторы болады», деді Ә. Санкубаев. Сондай-ақ, ол бұл алтын құймалар шикізаттан бастап толық түрде Қазақстанда жасалынғанын, оның бетінде төрт 9 цифры құймалар сапасының өте жоғары екендігін білдіретіндігін атап өтті және алғашқы алтын құймаларды Елбасының сатып алғандығын еске салды. «Қазіргі күні алтын құймалар Халық банкі мен Еуразиялық банк арқылы саудалануда. Сонымен қатар, екінші деңгейдегі басқа да банктермен алтын құймаларын саудаға шығару жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Демек, алтын құймалардың сауда-саттық аясы алдағы уақытта кеңейе түседі деген үміттеміз. Саудалау ісі қазіргі күні Астана, Алматы, Өскемен, Атырау қалаларында жүргізілуде. Дегенмен, осы қалалардан басқа өңір тұрғындарының сатып алып жатқандығынан хабардар болып отырмыз. Яғни, алтын құймаларға сұраныс бар екендігі байқалады. Көп кешікпей бұл іске басқа қалалар да қосылатын болар», деді Әмірбек Буриұлы. Сондай-ақ,  ол бұл алтын құймаларды сатып алған адам оны қаражат жинағы ретінде, келешек үшін резерв ретінде және екінші бір адамға ұсынуға болатын бағалы сыйлық ретінде қарастыруына болатындығын айтып өтті. «Алтын құймаларды сатып алудағы тәуекел мәселесіне келсек, алтынның аты алтын. Ол осы уақытқа дейін өз бағасын жойған емес. Дегенмен, алтынның бағасы түрлі факторлардың әсерімен әлемдік биржаларда өзгеріп тұратындығын да еске саламыз. Мәселен,  халықаралық биржада алтынның 10 грамының бағасы үстіміздегі жылдың 31 мамырында 126159 теңгені құраса, дәл бүгінгі, яғни 7 маусым күні 129390 теңгеге көтеріліпті», деп алтынның әлемдік бағасы жөніндегі соңғы жаңалықпен журналистерді хабардар етті. Мұнан кейін журналистерге Ұлттық банктің Орталық филиалының шағын мұражайын аралап көруге ұсыныс жасалды. Мұражайда кезіндегі патшалық Ресейдің ақша банкноттарынан бастап, кеңестік ақшалар және ұлттық валютамыз – теңге банкноттары, инвестициялық, коллекциялық теңге монеталары қойылған екен. Мұнда банк қызметкерлері журналистерге олардың тарихы мен шығарылу жағдайы және өзіндік ерекшеліктері туралы түсініктемелер берді.   

Сұңғат Әліпбай, «Егемен Қазақстан»