Аталған өнер ұжымы Астана қаласында өтетін ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында 18-26 маусым аралығында өнер көрсетеді. Қойылымдар Астана Опера және балет театры мен Астана Жастар театрының сахнасында өтеді деп жоспарлануда. Осыған орай, театр ұжымы экспо кезінде елордада көрермен назарына ұсынылатын 7 спектакльді таныстырып, көрмеге дайындық жұмыстары мен жаңалықтары жөнінде БАҚ өкілдеріне баспасөз маслихатын өткізді.
Халықаралық көрме аясында 1940 жылдан бері театр сахнасынан түспей келе жатқан Ғабит Мүсіреповтің «Махаббат дастаны» шығармасы алғашқы болып көрерменге жол тартпақ (реж. Қайрат Сүгірбеков). Бұл тізімді ары қарай толықтыратын Рақымжан Отарбаевтың (реж. Ю. Ханинго-Бекназар) «Сұлтан Бейбарысы», Мұхтар Әуезовтің әйгілі «Абай» романы (реж. Есмұхан Обаев), жас драматург Мадина Омарованың «Көмбе нанның дәмі» (реж. Алма Кәкішова) атты су жаңа туындысы, Ғарифолла Есімнің «Таңсұлу» (реж. Алма Кәкішова) қойылымы, Ғабит Мүсіреповтің (реж. Ерік Нұрсұлтан) «Қыз Жібек» шығармасы, Иран-Ғайыптың (реж. Йонас Вайткус) «Қорқыттың көрі» қойылымдары барлық көрме қонақтарына мереке сыйлайтын болады.
– Әлемге танымал айтулы шарадан тыс қалуға хақымыз жоқ. «Экспо-2017» көрмесіне арнайы дайындаған шығармаларымыз бар. Репертуарымызда бұрыннан келе жатқан танымал туындылар да жоқ емес. Ол жерде қойылатын қойылымдардың мән-мағынасы, мазмұны шет елден келген қонақтар мен туристерге біздің төл табиғатымызды, мәдениетіміз бен әдебиетімізді, өнер салтымызды жан-жақты таныстыратын бірден бір шығармалар. Барлық спектакльдер үш тілге аударылған. Қойылым қазақ тілінде жүргенімен, келген қонақтарға ағылшын және орыс тілінде қосымша аударма жүріп отырады. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі көрермендерге арналған арнаулы шығарылымдар дайындалуда. Яғни, шығарманың мазмұны мен идеясы жайлы, рөлдерді сомдайтын әртістер туралы толық мағлұматтар беріледі. Билет бағалары 500 бен 1500 теңге аралығында.
«Негізгі мақсатымыз – асыл мұраларымыз бен рухани құндылықтарымызды, саф өнерімізді шетелдік қонақтарға таныстыру», дейді театр басшысы Ерлан Біләл.
ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесі кезінде театрланған қойылымдарымыз арқылы әлем жұртшылығы терең тарихымыз бен інжу-маржан мұраларымызды танып, рухани нәр алып жатса нұр үстіне нұр.
Арман ОКТЯБРЬ, «Егемен Қазақстан»