Онда еліміздің мерейін үстем ететін, мәртебесін арттырып, абыройын асқақтата түсетін әлемдік деңгейдегі тарихи іс-шараның қарсаңында тұрғанымыз атап көрсетіледі.
Баршаңызға белгілі, елімізде 10 маусымда ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі басталады. Осыған дейін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммитін, Астана экономикалық форумын, Инвестициялық форум, Дүниежүзілік ислам экономикалық форумын, тағы басқа халықаралық дәрежедегі шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырған мемлекетіміз ЭКСПО-2017 көрмесін де абыроймен өткізеді деген сенімдеміз, делінген үндеуде.
Әлемнің барлық мемлекеттерінен миллионнан астам адамды жинайтын осы ауқымды жобаның еліміз экономикасына жаңа серпін беретіні де көлденең тартылып, осы себепті аталған іс-шараны өткізуге қолғабыс көрсету, ел алдындағы азаматтық борышымыз болып табылатынына баса назар аударылады. Өйткені, бір жарым ғасырдан астам тарихы бар ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін жоғары деңгейде ұйымдастыру түрлі салада жұмыс істейтін адамдарға үлкен жауапкершілік жүктейді.
Еліміздің тарихында алтын әріптермен жазылатын айтулы іс-шара – халқымыздың діні мен дәстүрін, әдебиеті мен мәдениетін, руханияты мен тарихын таныстырудың, ұлттық құндылықтарымызды көрсетудің, Қазақ елінің жеткен жетістігін әлемге паш етудің мол мүмкіндігі.
Осы орайда, Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы барша отандастарымызды шет елден келген қонақтарға жылы шырай танытып, олармен жақсы мәміле орнатуға, қызмет сапасын арттырып, сан ғасырлық тарихы бар халқымыздың ұлттық рухани мұрасы мен әдет-ғұрпын, сондай-ақ, басты байлығымыз саналған еліміздегі дінаралық келісім мен ұлтаралық бірлігімізді көрсетуге шақырады.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадис-шарифінде: «Бір елдің басшысы (өкілі) келсе оған лайықты құрмет көрсетіңдер», – деген. Қонақжайлылық – қазақы қасиет. Қазақтың қонақжайлылық, дархандық, жомарттық қасиеті – бұрынғы көшпелі ата-бабалардан үзілмей келе жатқан дәстүр.
Алла тағала ел игілігі жолындағы бастамаларымызды, жақсылыққа жұмылдырып, имандылыққа ұйытатын ізгі іс-шараларымызды берекелі еткей! Жаратушы Иеміз Тәуелсіздігімізді баянды, егемен еліміздің болашағын жарқын, халқымыздың бірлігін бекем еткей. Әмин! – делінеді үндеуде.
«Егемен-ақпарат»