• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Парламент 09 Маусым, 2017

Сайлау науқанының екінші кезеңі басталды

211 рет
көрсетілді

Кеше Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевтың төрағалық етуімен Комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Отырыста Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттарды тіркеу қорытындылары қаралды.

ОСК сайлау процесін ұйымдастыру және ОСК мүшелерінің қызметін қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Мақсатхан Анапиннің баяндауынша, облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының 16 мандатына ұсынылған 89 үміткердің ішінен 52   кандидатты тіркеді.  Тіркелген кандидаттардың ішінде 47 ер адам және 5 әйел адам бар. Кәсіп тобы бойынша 4-еуі Парламент Сенатының қазіргі депутаттары, 3-еуі мәслихаттардың депутаттары, 15-і мемлекеттік ұйымдардың, кәсіпорындардың және мекемелердің қызметкерлері, 11-і  мемлекеттік қызметшілер,  16-сы коммерциялық құрылымдардың қызметкерлері болып келеді.

Мамандығына келсек, дәрігер – 3, инженер – 16, заңгер −  6, саясаттанушы – 1, оқытушы – 8, экономист − 11, ауыл шаруашылығы қызметкері − 7 , басқа мамандық иелері  − 2  адам. «Тіркеу барысында жеке өтініші бойынша 17 кандидат, кірістері мен мүлкі туралы ұсынылған мәліметтердің сәйкес еместігі бойынша 13 кандидат алынып тасталды, 7 үміткерге қажетті құжаттарды ұсынбауына байланысты тіркеуден бас тартылды, − деді ол. − Кандидаттардың орташа жасы − 51,5 жас».  Баяндамашының атап өтуінше, тіркелген кандидаттар тізімінде  қазіргі сенаторлар − Н.Қылышбаев, Ж.Нұрғалиев, М.Бақтиярұлы,  Б.Шелпеков бар. Сондай-ақ, кандидаттар қатарына Парламент Мәжілісінің экс-депутаты Д.Нөкетаева мен  грек-рим күресінің хас шебері Шәміл Серіковтің ұлы Тимур Серіков те кіріп отыр.

Сонымен қатар, отырыста «2017 жылғы 28 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауға сайлау бюллетеньдерін дайындау туралы» қаулы қабылданды. Қаулыға сәйкес  облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссияларына тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік таңдаушыларының санына сәйкес сайлау бюллетеньдерін дайындау тапсырылды. Бұдан бөлек,  отырыста «2017 жылғы 28 маусымға тағайындалған  Парламент Сенатының депутаттарын сайлау­ды өткізу кезінде  Орталық сайлау комиссиясы Интернет-ресурсының функционалын пайдалану регламентін бекіту туралы» қаулы да  қабылданды.

Бұл жоба сайлау жүйесін цифрландыру шеңберінде электораттық процестерді байқаудың неғұрлым кең мүмкіндіктерін беру үшін әзірленген. Электронды тіркеу таңдаушылардың келуі туралы, сондай-ақ өңірлерде дауыс­тарды санау рәсімі аяқталған соң дауыс берудің алдын ала қорытындылары туралы ақпаратты Ортсайлаукомның ресми сайтында онлайн режімде орналастыруға мүмкіндік береді. ОСК мүшесі Константин Петровтың баяндауынша, қазіргі уақытта Ортсайлауком таңдаушыларды электронды тіркеудің қанатқақты жобасын техникалық қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды бастады. Әзірленген функционалды тестілеу сынақтары келесі аптаға жоспарланып отыр. Бүгінге дейін Ортсайлаукомға кандидаттардан екі өтініш келіп түсті, оларға сайлау заңнамасының нормаларын түсіндіре отырып, жауаптар берілді. 

«2017 жылғы 8 маусымнан Сенат депутаттығына тіркелген кандидаттардың барлығы 2017 жылғы 27 маусым күнгі сағат 24.00-ге дейін  созылатын сайлау алдындағы үгітке кірісу мүмкіндігіне ие, − деді К.Петров.  − Барлық кандидаттарға  үгіт жұмысын жүргізу үшін бірдей жағдайларға кепілдік берілген. Үгіт науқаны барысында сайлау заңнамасы норма­ларының сақталуын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында Ортсайлауком, облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары БАҚ мониторингін жүзеге асыратын болады».   

 Кеңейтілген отырыстың жұмысына облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары және Астана қаласы мәслихатының депутаттары қатысты.