• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Жеңіл атлетика 09 Маусым, 2017

Ольга Рыпакова «Гаухар лига» сайысының қола жүлдегері атанды

270 рет
көрсетілді

Италия астанасы Римде жеңіл атлетикадан «Гаухар лига» сайысының төртінші кезеңі аяқталды. Отандастарымыздың арасында қатысқан жалғыз атлет Ольга Рыпакова үш қарғып секіруден қола медаль жеңіп алды, деп хабарлады kazathletics.kz.

Лондон Олимпиадасы чемпионының Римдегі ең жоғарғы көрсеткіші 14.64 метр болды. Әзірге бұл жерлесіміздің осы маусымдағы ең үздік нәтижесі. Соның арқасында Рыпакова үштіктің қатарынан көрінді. Бұл сайыста Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Юлимар Рохас чемпион атанды. Венесуэла елінің өкілі 14.84 метрге секірді. Ал Олимпиада чемпионы колумбиялық Катрин Ибаргуэн 14.78 метрмен жарысты екінші орынмен аяқтады.

Бұл үштік өткен жылы Рио Олимпиадасының тұғырынан да көрінген болатын. Тек ол кезде Ибаргуэн чемпион атанып, Рохас күміс медальді қанағат тұтқан еді.

Сондай-ақ, Римдегі «Гаухар лига» кезеңінде Рио Олимпиадасында финалында өнер көрсеткен Патрисия Мамона (Португалия), Кимберли Уильямс (Ямайка) және Параскеви Папахристу (Грекия) және 2011 жылғы әлем чемпионы украиналық Ольга Саладуха да бақ сынады.

Айта кетейік, әйелдер арасындағы үш қарғып секіру сайысы «Гаухар лиганың» биылғы маусымында алғаш рет қосылып отыр. Алғашқы үш кезеңде жарыс бағдарламасында болмады.

Төртінші кезеңнен кейін Юлимар Рохас сегіз, Катрин Ибаруэн жеті, Ольга Рыпакова алты ұпай жинады. Үш қарғып секіру финалға дейін төрт жарыс кезеңіне енгізілген.