Көрме залына 50-ге жуық археологиялық бұйымдар: саздан жасалған жауынгерлер, қару-жарақтар, ыдыс-аяқ, алтын және күміс әшекейлер қойылған.
- «Цинь Шихуанди императордың Террокат әскері» көрмесі Орталық Азияға алғаш рет келіп отыр. Астанада ЭКСПО көрмесі өткізіліп жатқандықтан өз мәдениетімізді танытқымыз келді. Бұл қадам Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени ынтымақтастықтың одан әрі нығаюына алтын көпір болатынына сенімдімін, - деді Шэньси правинциясының мәдени жәдігерлер басқармасының директоры Чжао Рунг журналистермен кездесуінде.
Толық өлшемді саздан жасалған 8099 қытай жауынгерінің және олардың аттарының мүсіндері Сиань қаласындағы Цинь Шихуанди императорының кесенесі жанынан 1974 жылы табылған. Жауынгерлердің мүсіндері жеке-жеке тәртіппен жасалған әрі әрқайсысының кескіні, бет-әлпеттері қайталанбайды. Зерттеушілер Терракот әскері б.з. дейінгі 210-209 жылдары императордың арнайы бұйрығымен дайындалғанын дәлелдеген. Бүгінде Ескерткіш ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген.
- Цинь патшалығының тұсы – Қытай империясы тарихындағы ең жарқын кезеңдердің бірі. Экономика, мәдениет, өзге елдермен байланыс тұрақты дамыды. Сол себептен қазақстандықтар Қытайдың мәдениеті жайында тереңірек білуі үшін Цинь Шихуанди императордың Террокат әскері арқылы біз тарихымыз жайлы кеңірек айтқымыз келеді, - деді Чжао Рунг мырза.
Бүгінгі дейін «Терракот әскері» әлемнің 40-қа жуық елін аралап, 80-нен астам көрме ұйымдастырылды. Құнды жәдігерлер Орталық Азияға тұңғыш рет жеткізілді. Қазақстанмен бірге көрме Германия және АҚШ-те өткізілуде.
Елорда тұрғындары мен қонақтары Цинь Шихуанди императордың Терракот әскерлерін ҚҰ Ұлттық мұражайында 9-маусымнан 10-қыркүйекке дейін күн сайын тамашалай алады.