Бәлкім, солардың біразы қоғамның ілгері дамуын қалайтын ізгі ниетті адамзат баласының ортақ игілігіне айналар. Талайларды таңдандырған тамаша идеялар күнделікті тіршілігімізден көрініс табар. Әйтеуір, көбіне көктегіні көксейтін көңілімізде үкілеген үміт көп. Олай болса, айымыз оңынан туып, адалдықтан айнымас ақ жүректің арман-аңсарындай мақсат-мұраттарымыз бізді алға жетелей бергей. Енді ежелгі Есіл жұртта жайнаған жас елордамызға алыс-жақыннан ағылатын ағайынға бейбітшіліктің бесігін тербеткен берекелі ел екенімізді көрсеткеніміз абзал. Бабадан мирас бай дәстүріміз бойынша есігімізден енген қадірлі қонақтарымызды құшақ жая қарсы алуымыз қажет. Қабақтарына қаяу түсірмей қайтаруымыз керек. Олар ертең отандарына оралғанда қонақжай халқымыздың ыстық ықыласын емірене еске алып жатса, бір ғанибет емес пе?! Өркениет шыңына өрмелеген тәуелсіз Қазақстан туралы жағымды пікірлердің жайылуына мұндай шартараптық шаралардың да септігі тиетіні белгілі. Ақордалы Астана – меймандос мегаполис. Шуақты шаһарымызға келіп-кетушілер қимастықпен арттарына қарайлай-қарайлай аттанады. Ең бастысы, бәрі оның даму динамикасына таңдай қағып, арудай сыланған ажарына сүйсінеді. Адамдарының пәк пейіліне ризашылықтарын білдіріп жатады. Алқалы жиындарға арнайы шақырылған сарабдал саясат серкелерінің де, Нобель сыйлығын алған ғұлама ғалымдардың да, дүниежүзілік дүбірлі додаларда топ жарған саңлақ спортшылардың да, өрелі өнерімен көрермен көңілін жаулаған әйгілі әртістердің де ағынан жарыла Астана жайында жағымды пікір айтқандарын екі күннің бірінде көз көріп, құлақ естіп жүр. Бес құрлыққа белгілі беделі бар Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі арқасында айбыны асқақтаған Астана аса маңызды халықаралық мәселелер талқыланатын тағдыршешті басқосулардың алаңына айналды. ЕҚЫҰ-ның саммиті, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, экономикалық форумдар, араздасқандарға арағайындық жасау бағытындағы келіссөздер ұйымдастыру процестерін еске түсірсек, елордамыздың айналасына татулық аурасын тарататын ерекше рөлін еріксіз мойындайсыз. Алдағы үш айда елдігіміз сыналар тағы бір емтихан тапсырмақпыз. Мерейлі мемлекетіміз оған мейлінше әзірленгені әлемге аян. Сондықтан, іргелі істе іркіліс болмасына сенім мол. Ендеше, не тұрыс?! ЭКСПО меймандарын әдемі әсерге бөлейтін әртүрлі бағдарламаларымызды бастамаймыз ба? Осы орайда Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан ұтымды шаралар ұйымдастырылмақ екен. Еліміздегі ең танымал өнер ордалары, жекелеген сахна жұлдыздары тоқсан күндік торқалы тойдың көркін кіргізбек. Мақтан тұтар маңдайалды театрларымыз спектакльдерін көрсетіп, операларын қойып, балеттерін билейді. Дәстүрлі әндеріміз дәріптеліп, шалқыма күйлеріміз шарықтайды. Музейлеріміз бен концерт залдарымыз есіктерін келушілерге айқара ашып тастайды. Дауысы көкте дамылдайтын Димашымыз талғамы жоғары шетелдіктерді тағы да тамсандырып, құлақ құрыштарын қандыратын болады. Өңірлерден келетін өнерпаздар да алқалаған әлеуметтің алдында аянып қалмасы анық. Қаладағы «Қазанат» ипподромында ұлттық спорт ойындарының көрігі қызады. Ұлы даланың ұландары ат жалында атойлап, дүйім жұрттың делебесін қоздырмақ. «Қыз қуу», «Теңге ілу», «Жамбы ату», «Аударыспақ» дейсіз бе, қан қыздырар қаптаған қызықтың бәрі осында. Сондай-ақ, салбурыншыл саятшыларымыз қырдың қызыл түлкісіне құс салып, ит жүгіртіп аң аулаудың үздік үлгілерін ұсынбақ. Ал көшпенділер өркениеттің көрмесіндей елордадағы Этноауылдың тамашаларын айтып тауыса алмайсың. Он екі қанат ақ орданы айнала тігілген киіз үйлердің іші кірсең шыққысыз. Қолөнершілер ауылы алыстан менмұндалайды. Шын шеберлердің қолынан шыққан зергерлік бұйымдар өткен тарихты қайта тірілтуімен қымбат. Әсіресе, әйелдердің әшекей бұйымдары көздің жауын алады. Тоқылған кілем, басылған киіздің түрлі-түсті оюлары да амалсыз назар аудартады. Қырмызыдай құлпырған қызыл қамзолды қыздар бетіңізге қарап әнтек жымия, қазақша, орысша, ағылшынша тіл қатып, қалаған жағыңызға жөн сілтейді. ЭКСПО павильондағылар бізге «эврикаларға» лайық ерек жоба-жоспарларын ұсынса, біз оларға өз еліміздің өнегелі тарихын танытып, сан ғасырлық салт-дәстүрімізді және басқа да ұлықтауға татитын ұлттық құндылықтарымызды көрсетіп қалсақ, құба-құп. Көрсін, арда қазақтың әріден желі тартқан алтын арқауының әлі үзілмегенін!
Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан»