• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 13 Маусым, 2017

Тірегіміз – туған жер

261 рет
көрсетілді

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жарияланымын оқып шыққанда жүрегім жарыла қуандым. Бұл бағдарлама ұлттық өрлеудің биігіне бет бұрғызатын бағдаршамды қолға ұстатқандай болды. Көңілде еліміз жүріп өткен 25 жыл суреттері сырғып өте берді.

Тоқсаныншы жылдардың бас кезіндегі Қазақ елінің өте мүшкіл жағдайының куәгері болғандықтан Отанымның бүгінгі жеткен биігі, тіл-көзден аман болсын, «тәубе» деймін. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында азық-түлік дүкендерінің іші тып-типыл болып, бос қалғанын көрдік. Нан түсетін уақытты күткенді де бастан өткіздік. Тіпті тұз таба алмай, көршілерден қарызға сұрап алған күндер де болды деп, қазір айтсақ, жастарымыз ертегі айтып отырғандай таңғалады. Менің қатарластарым біледі, бұл – шындық.

Тұңғыш Президентіміз басшы болды, ел-халық қосшы болды. Бүгінгідей Отанымыз жайнаған, жарқыраған заманға жеттік. 1991 жылдан 2011 жылға жеткенде тұтас бір ғасырды артқа тастағандай болдық. Күні кеше ғана, небәрі 20 жыл бұрын қирандының үстінде қалып, не болары белгісіз күй кешкен Қазақ елі 2012 жылы Елбасы жариялаған  «Қазақстан-2050» Стратегиясын басшылыққа алып, әлемде дамыған елдің қатарына жетуге бағыт алды.  Жыл басында Тұңғыш Президентіміз әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін Отанымызды үшінші, яғни саяси реформа мен экономикалық жаңғырудың жаңа кезеңіне бастады. Белгілі саясаткер Маргарет Тэтчер «экономика деген – құрал, мақсат – жанды өзгерту» деп жазғанындай, жаңа кезеңнің міндеттеріне жету үшін дүйім жұрттың назарын аударған мақаласында Елбасы қазақстандық қоғам мен мемлекет құраушы халықтың рухани жаңғыруға тікелей тәуелді екенін талдап айтып, болашаққа бағдар болатын бірнеше бағытты көрсетіп берді. Қазақ халқының ұлттық рухани өзегіне айналған құндылықтардың озығын сақтай отырып, дамытып, бүгінгі заман талабымен үйлеспейтін орынсыз ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке ұрынбауға шақырды.

Елбасы дүниежүзілік дамудың кешегі, бүгінгі беталысының өзегіне айналған жаңғыру үлгілерін сол қалпында қазаққа таңу ұлттық табиғаттан адасуға апаратынын да ескертеді. Қазақ халқының кешеден бүгінге жеткен тарихы, терең ұлттық рухани озық салт-дәстүрлері, шынайы патриоттық ұстанымы еліміздің болашаққа сеніммен нық қадам басуына мықты тірек бола алады. Осы орайда Елбасының әрқайсымыздың жүрек түкпіріміздегі туған жер туралы ой-сезімді тамыршыдай тап басып, аз сөзбен көп ойды тарқата айтқаны қандай керемет! Адамдықтың асыл арнасы «Туған жер» бағдарламасы қазақ баласының қан тамырын бұлқынтары анық. Бұл – баршамыздың туған жерге деген сүйіспеншілік, ризашылық сезімдерімізді тұм­шаламай, жарқырата көрсетуге жұмылдыратын ізгіліктің, игіліктің бағдарламасы. Отаншылдық, пат­риоттық сезімнің, ұлттық мүдде жолында ұйысудың қайнар бастауы іспетті. Туған жер қашанда, әлемнің қай пұшпағында жүрсек те, жүрек түкпірінде, көңіл төрінде  магниттей өзіне тартып тұрады.

«Туған жер» бағдарламасына тиек болған жақсы бастамалардың, игілікті істердің тәлімді нышандары шашыраңқы болса да ел ішінде баршылық. Мысалы, менің туған жерім Тарбағатай ауданында (Шығыс Қазақстан облысы) кәсіпкер бауырларымның қаржылай демеушілігімен бірнеше жылдан бері қазақша күрестен Ырғызбай әулие Досқанаұлы бабамыздың атындағы республикалық жарыс өткізіледі. Қазақ спортының туын, жастардың рухын көтеретін бұл жарыс аудан орталығында жалғаса бермек. Сондай-ақ, Алматы қаласындағы «Мерей» баспасынан «Тарихқа толы – Тарбағатай» ғылыми-танымдық жинағы жарық көрді. Бұл Елбасы айтып отырғандай, орта мектепте туған жердің  тарихын оқыту үшін тарбағатайлық мұғалімдерге көмекші оқулық құралы бола алады.

Кәсіпкер бауырларымыз бұл үрдісті жалғастырып, жылына бір рет «Тарихқа толы – Тарбағатай» альманағын шығаруды жоспарлап отыр. Аудан орталығы Ақсуат ауылында жаңа көшелерге өмірден озса да, өшпейтін іздері қалған, тәуелсіздік жылдарында мемлекетіміздің дамуына елеулі үлес қосқан туған өлке түлектерінің есімдері беріле бастады. Аудандық әкімдік пен мәслихат бірлесіп үлгілі ұрпағымен мерейі өсіп, қуанышқа кенеліп отырған аналарға «Тарбағатайдың алтын анасы», ауданның өркендеуіне белсенді атсалысқан зейнеткерлерге «Ауданның экономикалық және әлеуметтік дамуына қосқан үлесі үшін» төс белгілерін тағайындады. Ұлттық рухани тұтастықты насихаттайтын ескерткіштер орнатуда да игі ізденістер көріне бастады. Халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайтын, алғаш рет ауқымды жобаға айналған «Туған жер» бағдарламасы алдағы уақытта еліміз бойынша аса маңызды істердің жинақылықпен, жүйелілікпен жүргізілуіне кең жол ашады. Туған жерге деген сүйіспеншіліктің тарау-тарау арнасы теңізге айналып, Елбасы айтып отырғандай, жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегі болары хақ.

Рухани жаңғырудың тірегі – туған жеріміз.

Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ, баспасөз ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері