– Премьер-министр мырза, Астанаға қош келдіңіз! Қазақстанның елордасында Люксембургтің Құрметті консулдығының ашылуы екі ел үшін қаншалықты маңызды? – Астанаға осымен екінші рет келіп отырмын. Осындай жас әрі әдемі қалада, қаланың әдемі ауданында Люксембург Ұлы Герцогтігі консулдығының ашылғанына қуаныштымын. Бұл біздің еліміз үшін де, Қазақстан үшін де маңызды оқиға деп санаймын. Люксембургтің Алматы мен Астанадағы консулдықтары Еуразияның кіндігі мен Еуропаның кіндігінде орналасқан екі елдің арасында алтын көпір орнауына ықпал етеді деп үміттенемін. Астанаға алғаш келгеннен бергі аралықта Қазақстан туралы көп мәліметке қанықтым. Бұл елде көптеген ұлт өкілдері, дін өкілдері тұратынын білдім, сан қилы мәдениеттердің шоғырланған жері екенін түсіндім. Осыдан 25 жыл бұрын Қазақстан жаңадан Тәуелсіздік алғаннан кейін дүние жүзіне ашық, қарым-қатынас жасауға әзір мемлекет екенін көрсетті. Бұл өте дұрыс шешім болды, елдеріңіздің қазіргі жеткен жетістіктеріне бұл ұстанымның тигізген әсері мол болғаны анық. Қазақтар ашық-жарқын қонақжай, өткен тарихын мақтан тұтатын халық екен. Экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін үлкен жұмыстар атқарып жатқанын да көрдік. Бүгінгі таңда Люксембург те, Қазақстан сияқты, экономикасын әртараптандырып, экономикалық өсімге қол жеткізу үшін өзінің ең басты әлеуеті – жас буынның білім-білігін пайдалануға ұмтылып отыр. Осы айтылған сипаттамалардың екі мемлекетке де ортақ екендігін, яғни біздің ұқсас тұстарымыз аз емес екенін айтқым келеді. Менің пайымдауымша, егер әлі де тереңірек зерттей түссек, екі елдің арасында басқа да ұқсастықтар жетерлік. Қазақстан мен Люксембург өткен тарихын мақтан тұтатын елдер екенін жаңа айтып кеттім. Олай болса, енді болашақты да бірге құру үшін жұмыс істеп, сол мақсатта атқарған жұмыстарымызды да мақтан тұтатын болайық дегім келеді. – ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ашылу рәсіміне қатысқан мәртебелі меймандардың қатарында болдыңыз. Қандай әсер алдыңыз? – Люксембург ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысушы 100-ден астам елдің санатында болғаны үшін қуаныштымын. Бұл да екі елдің өзара дос, әріптес екенінің бір көрінісі деп санаймын. Астанадағы көрмеге таңдап алынған «Болашақтың энергиясы» деген тақырыптың өзі бүгінгі таңда өте өзекті. Астанаға келіп осы тақырыпқа қатысты өзіндік ой-пікірімді білдіруге, халықаралық көрменің ашылу рәсімін тамашалауға мүмкіндік жасағаны үшін ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Жалпы, біз қоршаған орта мен экономика бір-бірімен жау емес екенін ешқашан естен шығармауымыз керек. Сонымен қатар, саясаткер ретінде өскелең ұрпақтың алдында қоршаған ортаның амандығы үшін жауапты екенімізді де назарда ұстағанымыз жөн. Ұзақ жыл бойы адамзат баласы экономиканың, түрлі техникалардың, көлік түрлерінің қоршаған ортамен тығыз байланыста екенін түсінбей келді. Оны жете түсінген уақытқа дейін экологияға өлшеусіз үлкен зиян келтіргеніміз де рас. Шындығында, қоршаған орта – баршамызға ортақ мұра, болашаққа табыстайтын аманатымыз. Осы аманатты орындау үшін саясаткерлер қоршаған ортаға оң ықпалын тигізетін шешімдер қабылдауға тиіс. Бұл біздің мойнымыздағы парызымыз десек, артық айтқандық емес. Бүгінгі таңда Жер шарында экологиялық проблема бар, ол проблема барлық елді алаңдатуы керек, барлығымыз оны шешудің жолдарын бірлесіп іздеуіміз керек. Көрменің ашылу рәсіміне келер болсақ, салтанатты рәсім маған өте ұнады. Осынша үлкен әсер аламын деп өзім де күтпеген едім. Ауқымды шаралар барысында көрменің тақырыбы барынша жан-жақты көрсетілді. Біз де Люксембург павильонында жаңғырмалы энергия көздерін тұтынуға қатысты ең маңызды деген жетістіктерімізді халық назарына ұсындық. Павильонға келетін адамдардың қатары көп, экспозицияларымыз оларға ұнайды деп сенемін. – ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға Люксембургтің өзі өтініш білдіргені белгілі. Сіздің тапсырмаңыз бойынша көрмені ұйымдастырушы компанияға арнайы хат әзірленген екен. Көрмеге өздеріңіздің атсалысуларыңызға не себеп болды? – Мен Астанадағы халықаралық көрмеге қатысу Қазақстан мен Люксембургтің достық қатынастарда екенін көрсетудің кезекті бір мүмкіндігі деп ойладым. Оған қоса, болашақтың энергиясы тақырыбы баршамыз үшін ортақ әрі өзекті. Қоршаған ортаға зиян келтірмей энергия алу ісі бір елмен немесе құрлықпен шектелмейді. Люксембург – қоршаған ортаға зиянсыз жаңғырмалы энергия көздерін қолдануда үлкен жетістіктерге жеткен мемлекет. Болашақта жүзеге асыруды жоспарлап отырған бастамаларымыз одан да ауқымды. Мәселен, ғарыш кеңістігіндегі астероидтардан түрлі минералдар, металдар өндіру жобасын қолға алдық. Бұл энергетика саласындағы ең жаңа, ең озық бастамалардың бірі болып табылады. Қазақстан да біздің елдің бұл бастамасына қызығушылық білдіріп отырғанына сенімдімін. Люксембургтің территориясы кішкентай болса да, ғарыш кеңістігіндегі орнымыз үлкен, спутниктеріміз көп. Өз павильонымызда осының барлығы көрініс тапты. ЭКСПО-2017 бізге осы жетістіктерімізді әлем назарына ұсынуға мүмкіндік берді. – Биыл Қазақстан мен Люксембург арасында дипломатиялық қатынастар орнағанына ширек ғасыр болды. Жалпы, екі ел байланыстарының даму қарқынына қаншалықты көңіліңіз толады? – Менің Премьер-министр орынтағына отырғаныма көп уақыт өте қойған жоқ, сол себепті, дипломатиялық байланыстың 25 жылына түгелдей баға беру қиындау болар. Дегенмен, екіжақты қатынастарды көрсететін барлық көрсеткіш жыл санап өсіп келе жатқанының өзі көп нәрсені байқатады деп ойлаймын. Астана мен Алматы қалаларындағы Құрметті консулдықтар достығымызды одан әрі нығайта түсетініне сенімдімін. Біз үшін Қазақстан – Еуропа мен Азияның арасындағы алтын көпір ел. 2016 жылы Қазақстан мен Люксембург арасындағы тауар айналымы алдыңғы жылмен салыстырғанда 60 пайызға өсіп, 18 миллион доллардан асып түсті. Сауда-экономикалық байланыстарымызды бұдан еселеп арттыруға толық мүмкіндігіміз бар. Қазақстанда инфрақұрылым салуға инвестиция бөлумен айналысатын біздің елдің компаниялары көп. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табуға тиіс. Сонымен қатар, біз Қазақстанның қаржы институттарымен жақын байланыс орнатып, сәтті жұмыс істеп жатырмыз. Люксембург – кәрі құрлықтағы ең ірі қаржы орталықтарының бірі ретінде мойындалған ел. Астана болса, Орталық Азияның қаржы орталығы болуды жоспарлап отырғаны белгілі. Алдағы уақытта Астананың осы мақсатқа жетуі үшін көмектесуге, бірлесіп жұмыс істеуге әзірміз. Ең бастысы, Қазақстан – Люксембург қатынастары екі ел үшін де тиімді, демек, өзара байланыстың одан әрі нығаюына негіз бар деген сөз. Білім-ғылым саласындағы байланыстарға да көңілім толады деп айта аламын. Мәселен, Люксембург университеті мен Назарбаев Университетінің арасында байланыс жолға қойылған. Бұл екі университеттің де құрылғанына көп уақыт өте қойған жоқ, жас білім ордалары. Соған қарамастан, Еуропа мен Азияның ең белді университеттерінің қатарына қосылып үлгерді. Ғылым саласында жаңалықтар ашу үшін, жетістіктерге қол жеткізу үшін түрлі білім ордаларының бірлесіп жұмыс істеуі өте маңызды. – Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ