• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
14 Маусым, 2017

Қоғам құндылықтарын үйлестіру жолы

1259 рет
көрсетілді

Қазіргі адамзат қоғамының даму жолдары өте күрделі. Оны дұрыс таңдай білген, ғылыми негізделген, қоғамдық-саяси шындықтарға сәй­кес келетін саясат таңдаған мем­­­ле­кеттер басқалардан озуда.

Бә­­се­кеге қабілетті осындай мем­ле­кет­тер­дің тарихи тәжірибесі Қазақ­с­тан үшін маңызды. Елімізде Қа­зақ­стан қан­дай жолмен дамиды, бо­лашақ таң­дауымыз қандай бол­мақ деген өзекжарды сұрақтарға жау­­ап іздеудеміз. Бұл істе жаңа сөзді Ел­басы Н.Ә.Назарбаев айтты.  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы Қазақстан қауымында үлкен рухани серпіліс тудырған бағдарламалық мәндегі еңбек болды. Зиялы қауым ғана емес, қарапайым халық та бұл мақаланы талқылауда. Себебі, Елбасы осы уа­қыт­қа дейін шешімін толық таппай келе жат­қан, алайда, қазақ халқының дамуында өз орны бар күрделі мәселелерді көтерген. Президент еліміз алға қарай қа­лай дамиды, қазақ халқының руха­ни құндылықтары мемлекетті жа­ңар­туда қалай пайдаланылады деген сұрақтарға жауап іздейді. «Қазақстанның мемлекеттілігін күшейтуде, бә­секеге қабілеттілігін арттыруда қазақ ха­л­қының ұлттық кодының сақталуы ерекше маңызды», – дейді Елбасы.  Бұл пікір қазақ халқының тілінің, тарихының, салт-дәстүрлері мен рухани құндылықтарының жаңа сапалық деңгейінің көтерілуін қолдайды. Ұлт­тық код, тарихи жад, ұлттық болмыс революциялық төңкерістер мен тартыстар кезеңінде ешқандай дамымайды. Әсіресе, таптық, пролетарлық революциялар мен төң­ке­ріс­тер ұлттық өмірдің хас жауы. Революциялар түрлі әдемі ұрандарды жамылғанымен, түптің түбінде ұлттық болмысты тал­қандаумен тынады. Кейде револю­циялар этноцидтік сипат алып кетеді. Революцияның ең басты қаупі халықтың табиғи даму заңдылығын бұзуында. Революция біртұтас халықты, ұлтты бөлшектеп бір-біріне қарсы қояды.  Көбінесе, революциялар ағайын­дар, бауырлар бірін-бірі қыратын аза­мат соғыстарына ұласып жатады. Қай­шылықтардың асқынуы, әлеумет­тік мәселелердің шешілмеуі, халықтың кедейленіп, қайыршылануы, бұратана халықтардың ұлттық езгіге ұшырауы сияқты революцияларға себеп болатын құбылыстарды болдырмаудың маңызы арта түседі. Тарихи тағдыр Қазақстанға тәуелсіз мемлекет болу бақытын сыйлады. 1991 жылғы Тәуелсіздіктің арқасында Қазақстан халқы революциялық емес, эволюциялық даму жолын таң­да­ды. Бізге билікке таластың қа­ру­лы қақтығыстар жолы керек емес. Билікті жеңіске жеткен элита сайлау жолымен, бейбіт саяси бәсеке барысында ғана иеленеді. Қазақстан тапқа, топқа, жікке бөлінбейді. Біздің мақсат – жалпыхалықтық және жал­пы­мем­лекеттік міндеттерді бейбіт жолмен, еңбекпен, жасампаздықпен және жаңашылдықпен шешу. Эволюциялық дамудың сара бағыты осындай.  Революция осы байланыстарды, қалыптасқан даму жүйелері мен арналарын тас-талқан етеді. Революциядан кейінгі кезең жаңа қоғамды құру ке­зеңі қаншалықты жаңалықтарға, ізденістерге толы болғанымен, табыс­тар­ға жеткізбейді. Себебі, дәстүрлі даму бағыты бұзылады. Жаңа даму ба­ғыттарын орнықтыру барысында зор­лыққа, қырғынға, әділетсіздікке жол беріледі. Әсіресе, Қазан револю­ция­сының астан-кестең еткен қайғылы салдарынан кеңес халықтары 100 жыл уақыттан бері толықтай арыла алмай келеді.  Осындай ойларды түйіндей келе, Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан хал­қына революция емес, эволюция керек деп айтады. Қазақстандағы эво­лю­циялық даму мақсаты – кенже­леп қалған ел экономикасын да­мы­ған мемлекеттер қатарына қосу. Яғни, реформалар саясаты «қуып жету үшін дамуды» қамтамасыз етуі міндет. Екіншіден, Қазақстан билігі қазіргі ке­зеңде тек экономиканы ғана өр­кен­детіп, дамыған 30 елдің қатарына қосыла алмайтындығымызды жақсы түсініп отыр. Ол үшін білім мен ғылымды жедел дамытпай болмайды. Ал білім мен ғылым ең алдымен мемлекеттік қазақ тілінде дамығаны қажеттілік.  Қазақ тілі ел халқының басым көп­шілігі болып отырған қазақ ұлты­ның саналық қасиеттерін арттырады. Бүкіл Қазақстан халқы білімді, ақылды, іскер мемлекет жасаушы қа­зақ ұлтының төңірегіне топтасады, ұй­ы­сады. Эволюция демократиялық қо­ғам құндылықтарымен үйлескен жағдайда жасампаз, өміршең, іскер және батыл ұлт қалыптасады.

Сайын БОРБАСОВ,  саяси ғылымдар докторы, профессор