• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 14 Маусым, 2017

Қазақстандық жобалар WSIS Prizes-2017 халықаралық конкурсында үздік деп танылды

117 рет
көрсетілді

Женева қаласында (Швейцария) ақпараттық қоғам мәселелері бойынша өткен дүниежүзілік кездесу форумы шеңберінде WSIS Prizes-2017 халықаралық конкурстың жеңімпаздары мен чемпиондарының марапаттау салтанаты өтті, деп хабарлайды «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз қызметі.

Қазақстанның үш жобасы – Электрондық үкімет, Ашық үкімет және 1414 Бірыңғай байланыс орталығы осы байқаудың чемпиондары атанды.

WSIS Prizes-2017 беделді конкурсына әлемнің әртүрлі елдерінен 345 жоба қатысып, дауыс беру мен әділқазылар алқасының сарапшылық бағасының қорытындысы бойынша 90 жоба өз санаттарынының үздік бестіктер қатарына ілікті.

Халықаралық байқау 18 санат бойынша өткізілді. «Электрондық үкімет» санатында Қазақстанның электрондық үкіметі (eGov.kz) және Қазақстанның ашық үкіметі (Open.egov.kz), ал «Мемлекеттік басқару органдары мен мүдделі тараптардың дамыту мақсатымен инфокоммуникациялық технологияларды қолданудағы рөлі» атты санатында «1414 Бірыңғай байланыс орталығы» жобалары қатысты.

WSIS Prizes-2017 конкурсы 4 деңгей бойынша өткізілді: өтінімдерді қабылдау, сарапшылар тобымен байқаудың номинанттарын анықтау, онлайн дауыс беру жүргізіп әр санат бойынша ең үздік деген бестікті іріктеу, жеңіске жеткен жобаларды анықтау.

WSIS дүниежүзілік кездесу Форумы – инфокоммуникациялық технологиялар саласындағы ірі шаралардың бірі, күллі әлем бойынша ықпалды IT-сарапшылары диалог жүргізетін алаңы. Жан-жақты өткізілетін кездесуге мемлекеттік басқару органдарының, үкіметаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жекеше сектор мен азаматтық қоғамның өкілдері қатысады. Форумның басты мақсаты – әрбір азамат ақпарат жасап, деректермен еркін алмаса алатын әрі барлығына қолжетімді ашық ақпараттық қоғам құрудағы басты мақсаттарды анықтау.