• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Футбол 14 Маусым, 2017

Әртістеріміз футболдан әлем чемпионы атанды

538 рет
көрсетілді

Ресейде өнер жұлдыздары арасында футболдан әлем чемпионаты өтті. Биыл жетінші рет ұйымдастырылған бұл турнирде қазақ әнші-актерлерінен құралған «Алатау» футбол клубы да қатысты. Чемпионатқа қатысқан 16 елдің танымал әртістері төрт топқа бөлініп, өзара үздіктерді анықтаған болатын.

Әлем әртістерінің ішінен финалға Қазақстан мен Ұлыбритания өнерпаздары сүрінбей жетті. Жартылай финалда отандастарымыз сербиялық әріптестерін 3:1  есебімен ұтса, екінші жартылай финалда Ұлыбритания құрамасы алаң қожайындары Ресей құрамасын 1:0 есебімен жеңді. Ал, финалдық мачта қазақ әртістері Ұлыбританиядан келген әріптестерін 2:1 есебімен жеңіп, тарихта тұңғыш рет әлем чемпионы атанды.

Бұған дейін қазақ әртістері әлем чемпионатына төрт рет қатысты. 2015 жылы бесінші орынмен шектелген болатын. Сол жылы топтық бәсекеде әртіс футболшыларымыз Аргентина (3:0), Түркия (3:1) және Румыния (4:2) құрамаларын жеңіп, өз тобында бірінші орын иеленген еді.

Әртістер арасындағы әлем чемпионатының ережесі бойынша құрамаға спорттық карьерасын аяқтаған үш кәсіби футболшыны қосуға болады.  Қазақстан әртістер құрамасы командаға екі кәсіпқой футболшыны қосқан. Олар «Қайрат», «Атырау» және Семейдің «Елім-ай» және «Спартак» клубтарының экс-қорғаушысы Сергей Куцов пен «Қызылжар», «Оқжетпес» және «Сұңқар» клубтарында доп тепкен жартылай қорғаушы Александр Чепукавичус.

Әртістер арасындағы әлем чемпионаты атанған Қазақстанның «жұлдызды» командасы мынадай құрамда өнер көрсетті:

Әбдікәрім Кәрімов (әнші, X-factor жеңімпазы), Ақылбек Досжанов (режиссер), Мэлс Cағат (әнші), Әнуар Матжанов (режиссер), Ерлан Әлімов (әнші), Арман Қоңырбаев, Әділбек Сарбаев (екеуі де «Мистерионс»), Абай Жансарбаев (Құрманғазы оркестрінің музыканты), Аңсат Ділдабай («Juniors» тобы), Марселен Камате (актер, жүргізуші), Қуаныш Керімқұлов (театр және кино актері), Ғадылбек Жанай (әнші), Нұржан Керменбаев (әнші), Тәуекел Мүсілім (актер), Аман Меңдібай, Асыл Парин, Ғалым Райхан және Алмас Алтынбек, (бәрі «Аңсар» квартеті), Әділ Ахметов (театр және кино актері), Ғалымжан Арыстанбек («Akzhol Serik Dj Bars» командасының президенті), Руслан Сейітов (бизнесмен, команда демеушісі), Рысбек Аташев («Arai» тобы), Равиль Исаков, Әлішер Егембердиев (екеуі де «The Jigits» тобы), Мұқасан Шахзадаев (Халық әртісі), Әділжан Омаров («Ринго» тобы), Күнтуған Солтан («Серілер» тобы) және Ерсұлтан Жасыбай (бірінші санаттағы төреші).

«Алатау» клубының бас бапкер Марат Ісмұратов болса, команданы алаңға бастап шыққан капитан – Мұқасан Шахзадаев.

 

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»