• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Бокс 14 Маусым, 2017

Головкин-Альварес жекпе-жегіне бару үшін қанша қаражат керек?

165 рет
көрсетілді

WBA (Super), WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық боксшы Геннадий Головкин (37-0, 33 KO) мен мексикалық Сауль «Канело» Альварес (49-1-1, 34 КО) жекпе-жегіне бару үшін қазақстандықтар қанша қаржы жұмсайды?

Қос боксшының арасындағы жекпе-жек өтетіні ресми түрде хабарланған соң әсіресе, мексикалықтар мен АҚШ-тың өзге қалаларынан келетін америкалықтар жергілікті қонақүйлерге алдын ала брон жасауды қазірден бастап қолға алды. Бұл кездесуді аренада отырып көргісі келетін қазақстандық жанкүйерлердің жоқ еместігі белгілі. Осыған орай, Қазақстан туристік фирмаларынан Головкин-Альварес жекпе-жегіне қазақстандық жанкүйерлердің қанша қаржы жұмсайтынын сұрап біліп едік.

OASIS-1 туристік фирмасы екі күнге арена қасындағы үшжұлдызды қонақ үйді және бокс кешінің ең арзан билетін қарастырған. Жалпы құны 2500 долларды құрайды.

Ал Atlas Travel Agency қызметі өзгелеріне қарағанда қымбатырақ – 4000 доллар. Бірақ бір ерекшелегі туристер Лас-Вегастан бөлек Ыстанбұл, Чикаго қалаларын аралап шығуына мүмкіндік жасайды.

Travel Express туристік фирмасының барып-келу билетінің ең арзан құны 1713 долларды құрайды. Бірақ оған жекпе-жек билетінің бағасы кірмейді. Бұл жердегі қаржының басым бөлігі ұшақ билетіне кетеді. Тікелей рейс болмайтыны белгілі. Сондықтан, Франкфурт немесе Сан-Франциско арқылы ғана қатынайды.

Клиенттер АҚШ-та 14-19 қыркүйек күндері ғана бола алады. «Эконом» пакеті – 1713 доллар, оның ішіне ұшақ билеті, аренаның қасындағы ең арзан отельдердің бірі, виза және сақтандыру куәлігі кіреді. «Стандарт» пакеті аздап қымбаттау – 1985 доллар. Оған New York Hotel & Casino және Monte Carlo Resort and Casino секілді белгілі отельдер қарастырылған. Ғимараттар бокс кеші өтетін аренадан 600 метр қашықтықта орналасқан.

АҚШ-қа жекпе-жек көру мақсатымен баратындар уақыт жоғалтпай, қазірден бастап кіріскені жөн. Себебі, визаға өтініш беру 20 маусымда аяқталады.

Головкин-Альварес айқасы 16 қыркүйек күні Лас-Вегас қаласының T-Mobile аренасында өтеді. Жекпе-жекті HBO телеарнасы АҚШ-та ақылы трансляция жүйесі бойынша көрсетеді. Бұл кездесуге GGG өзінің WBC, WBA (Super), IBF және IBO белбеулерін қойса, мексикалық боксшы The Ring журналының белдігін сарапқа салмақ.  Hoylosangeles.com мәліметі бойынша аренаның ішіндегі билеттің ең арзан құны 100-200 долларды құраса, ең қымбаты ­– 1500 доллар.

Айта кетейік, Геннадий Головкиннің америкалық Дэниел Джейкобспен өткізген соңғы айқасын қазақстандық жанкүйерлер Madison Square Garden аренасынан көру үшін 1380 АҚШ долларын жұмсаған. Оған ұшақ билеті, виза, жекпе-жек билеті және сақтандыру куәлігі кірген болатын.

Дайындаған: Аян ӘБДУӘЛИ, "Егемен Қазақстан"