• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Кино 14 Маусым, 2017

Астанада Еуропа елдерінің кинофестивалі ашылды

125 рет
көрсетілді

 14-16 маусым аралығында Астанада Қазақстанда Еуропа күнін атап өту аясында Еуропа кинофестивалі өтуде. Биыл көрермендер назарына Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің үздік кинофильмдері ұсынылады. Фестиваль бағдарламасына Чехия, Австрия, Швеция, Эстония, Испания, Словения, Германия, Франция, Нидерланды, Литва, Румыния, Словакия жəне Латвия елдерінде түсірілген 13 фильм кірді, деп хабарлайдыҚР ЕО өкілдігінің баспасөз қызметі.

Кино туындылары арасында əртүрлі жанрларда түсірілген халықаралық жүлделерге ие болған туындылар бар Атап айтқанда, 1987 жылғы «Оскар» сыйлығының үздік шетелдік фильм аталымына үміткер - "Деревенька моя центральная" фильмі (Чехия), Еуропа киноакадемиясының жүлдегері, 10 "Гойя" сыйлығының иегері - "Миниатюрный остров" (Испания) фильмі, Румыния кинематографистер одағы сыйлығының иегері - "Обезглавленный петух" фильмдері бар. 14 маусым күні фестиваль ашылуында көрермендерге Финляндия, Эстония мен Германия бірігіп түсірген "Фехтовальщик" фильмі көрсетіледі. 2015 жылы аталмыш фильм «Алтын глобус» сыйлығының шетел тіліндегі үздік фильм аталымына ұсынылды, ал 2016 жылы Финляндияның ұлттық «Юсси» киножүлдесінің 2015 жылғы үздік фильмі аталымында жеңімпаз болған.

Шараның ашылу салтанатына Қазақстандағы Еуропалық Одақ өкілдігінің басшысы, Елші Траян Христеа, Финляндияның Қазақстандағы Елшісі Илкка Рэйсанен жəне Эстонияның Уақытша сенімді өкілі Питер Миллер қатысады. «Біздің жыл сайын ұйымдастырылатын еуропалық кинофестивальдеріміз - Еуроодақтың «бірлік - саналуандылықта» ұранының көрінісі. Фестиваль бағдарламасында əртүрлі жанрдағы фильмдер ұсынылған - көкейтесті, өмірдегі ең маңызды мəселелерді қозғайтын, əрі, ең бастысы, қызықты туындылар. Еуропалық кино ондағы əсерлі, өзіндік ерекшеліктерге толы оқиға желісімен жəне баяндалатын оқиғалардың өзектілігімен өзгеше. Кинофестиваль, игі дəстүрге айнала отырып, Қазақстандағы Еуропа күнін атап өту шарасының керемет аяқталуына мұрындық болатынына, сонымен бірге, еуропалық болмыс əлеміне саяхаттауға мүмкіндік беретініне сенімдімін», - деп атап өтті Елші Траян Христеа.

Фестивальдің қорытынды күні, 16 маусымда, қазақстандық режиссер Катерина Суворованың "Завтра море" фильмінің көрсетілімі, сондай-ақ, режиссердің көрермендермен кездесуі өтеді. "Завтра море" деректі фильмі бұрынғы Арал теңізі жағалауы тұрғындарының өмірі туралы баяндайды. Фильм Роберт Бош атындағы неміс қоры тағайындайтын грант жүлдегері болып табылады. Фильмнің тұсаукесері 2016 жылы тамызда Локарно кинофестивалінде өткен болатын. Фильмдер орыс тіліндегі субтитрлермен бірге түпнұсқа тілінде көрсетіледі. Кіру тегін.