• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
ЭКСПО-2017 15 Маусым, 2017

Тай елінің тартуы

192 рет
көрсетілді

ЭКСПО қалашығын шарлай жүріп, павильондарын алғашқы үштіктің бірі болып тапсырған Таиланд аймағына табан тірегенбіз. «Қолжетімді энергияны» ту еткен тай халқы биоэнергияны адамзат игілігіне айналдыруды көздейді.

Осылайша ең көп энергетика өндіруші және тұтынушы мемлекет ретінде баламалы қуат көздерін дамытуға әлем назарын аудармақ. Соңғы жылдары қант құрағынан биоотын өндіру саласында көш бастап келе жатқан таиландтықтар көрме кезінде қонақтарға қуат қорларын пайдаланудың небір түрлері мен ауаны ластамаудың жолдарын көрсетпек. Оны ауыл шаруашылығы саласында жеткен жоғары нәтижелері арқылы таныстырады.

Көрме залында тайлықтардың өмір салты, түп тарихы мен табиғи байлықтарының энергетикалық әлеуеті ұсынылған. Бірінші бөлім­де Таиландтың кішірейтілген үлгі­сін жеңіл инфографикалар мен дина­микалық демонстрациялар технологиясы арқылы түсіндіреді. Екінші бөлім – мәдени көрсетілім. Сахнада барлық жастағы адамдардың назарын еріксіз аударатын – жарық диодты LED экран. Мұнда тай мәдениетінің түрлі тұстарын тамашалайсыз. «Біз «Таиланд кереметі» деп аталатын тұжырымдама жасадық. Соның аясында, қазақ халқы сауық-сайранды жақсы көретіндіктен, тамаша мәдени іс-шаралар мен ойын-сауықтар ұсынамыз», дейді жоба авторлары.

Павильонда болашақта пайдаға жарайтын қуаттың жаңартылатын көздері және энергия қуаты туралы ақпараттар легі топтастырылған. Тай халқының бір символы және бойтұмары – паланг. Бұл – кәдімгі жүгері. Ол, Король институтының деректері бойынша, болашақ қуатын алға жылжытуға арналған күшті көрсететін «билік», «күш» және «билік үшін әлеует» дегенді білдіреді. 

«Жүгері – Қазақстан халқы үшін де азық-түлік өнімі. Сондықтан жүгеріні пайдалана отырып, жергілікті тұрғындармен байланысты тиімді орнатуға болатыны сөзсіз. ЭКСПО- 2017 көрмесі үшін бойтұмар ретінде жүгеріні таңдаған себебіміз осы», дейді олар.

Көрме барысында паланг болашақ зертханаларды өз «аузымен» таныс­тырады. Ол болашақтың қуатын қалай пайдалану керектігін ерекше хикаямен баяндайды. Мұнда қант құрағы, эвкалипт, резеңке, күріш, жүгері және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қалдықтары, маниока мен пальма сияқты биомасса және биоотын туралы ақпараттар беріледі. Биоотын жасау агрономдардың табысын ұлғайтса, екінші жағынан қоқыс көлемін азайтады екен. Тайлықтар тұрақты энергияның дамуын гүлдеп тұрған ағаш арқылы білдірмек. Ал олардың логотипі Таиланд картасына ұқсайды.

Әрине, көрме кезінде бұл ұлттың ерекшеліктерін де көресіз. Дәл сол жерде тай тағамын ұсынатын мейрамхана мен тай массажы салоны жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта танымал «Муай тай» шеберлері тай боксынан шоу көрсетеді деседі. Ал ұлттық күндерін тойлау Қазақстан мен Таиланд арасындағы дипломатиялық қатынастардың 25 жылдығына сәйкес келіп отыр. Сондықтан атаулы оқиға аясында бірқатар мерекелік шаралар өткізу жоспарланған.

Асхат Райқұл, «Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Ерлан Омаров, 

"Егемен Қазақстан"