Алдымен «Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы Тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, темір жол көлігі көрсететін қызметтерге қол жеткізуді реттеу тәртібін қолдану туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Аталған тақырып аясында арнайы баяндама жасаған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек осы кезге дейін қол қойылған келісім 2017 жылдың 10 қаңтарынан бастап уақытша қолданылатындығын және екі мемлекет арасындағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт мынадай қағидаларды қарастыратынын атап өтті.
«Біріншіден, тараптардың қазақстандық және қырғызстандық тұтынушылар үшін теміржол көлігі мен инфрақұрылым қызметтері және басқа да инфрақұрылым нысандарына, темір жол тасымалдаушыларына тең құқылы қолжетімділігі қамтылады. Біздің елімізде мұндай талаптар 2014 жылы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт күшіне енген күннен бастап қойыла бастаған болатын. Ал қырғыз тарапы 2016 жылы тиісті өзгерістерді енгізді. Екіншіден, Қазақстан мен Қырғыз арасындағы және тараптармен ЕАЭО туралы Шарттың аясында транзиттік тасымалданатын жүктерді бірыңғай тарифтермен қолдану тәртібі ескерілген», деді Ж. Қасымбек.
Оның түсіндіруінше, бірыңғай тарифтерді қолдану тасымалдау көлемінің ұлғаюын қамтамасыз етеді және бүгінде екі ел арасындағы тасымалдау көлемі өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 14 пайызға өскен.
Инвестициялар және даму министрінен кейін сөз алған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Қазақстан мен Қырғызстанның қарым-қатынасына қатысты төрт бірдей заң жобасын таныстырды. Оның алғашқысы «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Көмек көрсету және оны пайдалануды бақылау тәртібі туралы хаттаманы ратификациялау туралы» құжат болды.
Бұл заң жобасы Еуразиялық экономикалық одаққа Қырғыз Республикасының қосылуына орай, Одақтың кедендік шекарасы сыртқы контурға, яғни қырғыз-қытай, қырғыз-тәжік, қырғыз-өзбек шекарасына ауысуына байланысты туындап отыр. Себебі, осы ретте қырғыз шекарасының инфрақұрылымы сапалы жарақтандыру мен жаңғыртуды қажет етеді.
Сондықтан да Одақтың сыртқы шекарасын бақылау мақсатында мемлекеттер басшылары деңгейінде Қырғызстанға көмек көрсету туралы шешім қабылданып, бұл көмек бұл елдің Одаққа қосылуы жөніндегі «жол карталарында» көзделген іс-шараларды іске асыруға бағытталмақ. «Сіздердің қарауларыңызға «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Көмек көрсету және оны пайдалануды бақылау тәртібі туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы ұсынылып отыр. Хаттамаға 2016 жылы 26 желтоқсанда Санкт-Петербургте қол қойылды. Тәртіпке сәйкес ең алдымен, Көмек бірнеше транштармен беріледі. Әр кезде жеке Техникалық жәрдем көрсету туралы хаттамаларға қол қойылады және ратификацияланады; екіншіден, іс-шаралар тізбесіне Қырғызстанның Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы бойынша «жол картасының» іс-шаралары ғана кіреді; үшіншіден, көмек ақшалай қаражат, жабдықтар, тауарлар мен қызметтер, оқыту формалары арқылы көрсетілуі мүмкін; төртіншіден, Қырғызстан тарапы көмекті пайдаланғаны жөніндегі ұсынылған құжаттардың дұрыстығына жауапты; және соңғы талап, транштардың жүзеге асырылу қорытындысы бойынша оны пайдалануды бақылау қамтамасыз етіледі», – деді Б.Сұлтанов.
Министрдің баяндауынша аталған құжатта көрсетілген Көмек Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасымен регламенттелмегендіктен, енгізілген Хаттама ратификациялауға жатады.
Күн тәртібіне шығарылған келесі құжат «2016 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Көмек көрсету және оны пайдалануды бақылау тәртібі туралы хаттамаға өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы болды. Бұл хаттамамен Қырғыз Республикасына техникалық жәрдем көрсету іс-шараларының тізбесін (шығыстар сметасы) келісуін жеңілдету мақсатында көмек көрсету тәртібіне өзгерістер енгізіледі. Ал өзгерістер нақтылау сипатына ие және ол Қазақстан тарапынан Қырғызстанға техникалық жәрдем көрсету шеңберіндегі жүргізілетін жұмыстарын уақтылы және сапалы іске асыру үшін әзірленді.
Осы күні депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Техникалық жәрдем көрсету туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын да бірауыздан мақұлдады.
2016 жылғы 26 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Еуразиялық экономикалық интеграция жағдайында экономикалық ынтымақтастықты дамыту туралы келісімнің 2-бабын іске асыру үшін техникалық жәрдем көрсету іс-шаралар тізбесі аясында транш сомасы – 7 526 789 АҚШ долларын құрайтын Көмектің 7 млн АҚШ долларға ақшалай формада және 0,5 млн АҚШ долларға оқыту бойынша көрсетілетін қызметтер түрін ұсыну көзделеді.
«Ал берілетін жәрдем арқылы мынадай іс-шаралар қаржыландырылатын болады: 1 286 800 АҚШ долларына кедендік өткізу пункттерін (Достук, Карамык, Маданият) жайластыру; 5 662 149 АҚШ долларына сынақ зертханаларын жаңғырту, сондай-ақ техникалық реттеу саласында оқыту; 577 840 АҚШ долларына көлік саласында зертханаларды жарақтандыру қаржыландырылады. Қаржыландыру көзі – республикалық бюджет негізінде іске асырылады», деді Б.Сұлтанов.
Заң жобасы ратификациялауға жатады және Қырғыз Республикасына жәрдем көрсету мәселесі бойынша құжаттар пакетінде қаралып отыр. Қаржы министрінің таныстыруымен мақұлданған келесі құжат «2016 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Техникалық жәрдем көрсету туралы хаттамаға өзгерістер енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қырғыз Республикасы Үкіметі арасындағы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы болды. Биылғы жылдың 17 наурызында Мәскеуде жасалған Хаттамада бірінші транштың сомасы 41 038 096 АҚШ долларын құрайтыны және салалар бойынша техникалық жәрдем көрсету іс-шаралар тізбесі бекітілетіні көрсетілген. Сонымен қатар, ішкі иіріміндегі тиісті міндеттемелер тараптардың ведомствоаралық деңгейінде бекітілетіні көзделген. Айта кетейік, аталған іс-шаралар кедендік әкімшілендіру рәсімдерін жеделдетуге, бақылау сапасын арттыруға, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың қажетті қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған.
Нұрлыбек Досыбай, «Егемен Қазақстан»