• RUB:
    5.43
  • USD:
    477.03
  • EUR:
    521.44
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Маусым, 2017

«Маған Жұбановтың өзі бата берген»

444 рет
көрсетілді

Глазбай Алшынбаев – қазақ өнерінде 500-ден астам концертті сахналап, соншама эстрад­алық қойылым мен думанды ойын-сауықтарды кәсіби деңгейде көр­кем­­деп, көрерменге ұсынған қазақстандық белгілі эстрада режиссері.

Рес­пуб­ли­к­алық деңгейдегі мемлекеттік маңызды  мерейтойлық шоу-қойы­лым­дар­­дың қай-қайсы­сында да болсын көркемдеуші,  көзі өткір Алшынбаевтың ре­жиссерлік қолтаңбасы бар. Оның есіміне қазақ өнерінің асқақ тұлғасы кешегі Роза Бағ­­лановадан бастап, қазіргі жас шоғыр дарындарға дейін ілтипат танытып жатуы­­ның сыры да осында. Бүгінде Астанада отау құрған «Қазақ әуендері» АҚ пре­зи­дентінің Алматыдағы ғимаратында ұзақ жыл табан аудармай орынбасар қыз­­метін атқарған Глазбай Алшынбаевтың жалпы «Қазақконцерт» бір­­лес­­ті­гінде шығармашылықпен еткен еңбегіне жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті.  

– Глазбай аға, сіздің өнердегі жолы­ңыз менің білуімше, республика­лық эстрада-цирк студиясы, өнер инсти­тут­тары (Алматы, Мәскеу), «Қазақ­концерт» бірлестігі... болып тізіліп кете беретін сияқты.

– Жо-оқ... мен ауылдан шыққанда малдәрігерлік институтты бетке алып едім. Оны айтпасам болмас. Сәду есімді туған ағам Алматыға мені арнайы алып келіп, жолдастарына шегелеп табыстады. Бес минутсыз мал шаруашылығының маманы болуға дайын тұрғаныма қарамастан, мен пақырдың жүрек қалауым басқада еді. Бала кезден ауыл сахнасының шаңын шығардым. Бар ой-арманымның тек қана биші болу екендігі ағайын-туған, ауылдастарыма мәлім бола тұра, осылай­ша аға «қатыгездігінің» құрбанына айнал­дым. Көңілі жайланған ағам көп аял­дамай ауылға қайтты. Сол күні-ақ бей­таныс Алматыны жаяу шарлап, сұрай-сұрай эстрада-цирк студиясының ғимаратын тауып алдым. 

– Ағасының айтқанын екі етпеуге келісім берген 17 жастағы ауыл бала­сы­­ның алып-ұшқан көңіл күйін көз алдыма елестетіп отырмын... 

– Айтпа, содан не керек... үлкен есік­тен артымнан ит қуып келе жатқан­дай екпін­дей кіргенде, әлдекіммен соқты­ғысып қалдым. Сасқалақтағаным сонша, соқты­ғысқан адамымнан «Қабыл­дау комиссиясы қайда?» деп сұраппын. Алғаш тіксініп қалғанымен, артынша маған сабырмен жол сілтеп, тіпті қай мамандықты қалап келгеніме дейін тәптіштеп сұраған инабатты сол жан... кейін оқуға түскен соң білдім, атақты Ахмет Жұбановтың өзі екен. «Жалындап тұрған бір жас балаға жөн көрсетіп жіберіп едім, сынақтарыңнан өтті ме?» дегенін де кейін естіп, ол кісімен кездескен сайын қатты қысылатынмын. Ұшып-қонып жүріп, халқымыздың ардақты да асыл туған азаматынан өнер жолына алғаш бата алғанымды білмей қалыппын...

– Содан бірден бишілер дайындай­тын бөлімге қабылдандыңыз ба?

– Ауылдың би «жұлдызы» Глазбай бірінші сынақта күллі комиссия мен болашақ бишілерді күлкіге қарық қылды. Сынаққа Алматының би үйірмелеріне бес жасынан қатысқан, кіл буынсыз қыздар келетінін мен қайдан білейін? Қара терге малшындым-ай. Бірақ, бар өнерімді ортаға салдым. Шара Жиенқұлова апам жып-жылы жымиып, өңшең қыздың арасында сынаққа түскен кіл ер балалардың ішінен жалғыз мені шәкірт етіп қабылдады. Ол – өмірімдегі ең бақытты күн еді...

– Сіздің бұл шешіміңізді ауылдағы Сәду ағамыз қалай қабылдады?

– Ол кісінің мінезі тым қатал болатын әрі аудандық милиция бөлімінде істейтін. Жамбасында салбырап жүретін тапанша­сын суырып алып: «Мен ол жүгер­мекті атып тастаймын!» деп әбден ашуға басып­ты. Амал қанша, анам мен ағайындарым­нан асып түсе алма­ды. Ол ол ма, семестр арасындағы дема­лыс­қа барғанда апам­ның нан жаятын ұзын оқтауын арқама төсеп, қолымды қайы­рып, бойымды тіктеп тапжылмай бірнеше сағат бойы жатып алатынмын. Осындай «өнерімді» байқап қалған Сәду ағам: «Қап, күйдірді-ау, мынау,  ә», деп терісіне сый­май булығып, далаға атып шығып кетер еді. Ол кездері ағамның мінезіндегі көңіл күйі маған әсер етпейтін, себебі би атауының ерекше ілім екеніне көзім жете бастаған. Түкпірден келген ауыл бала­сына нағыз биші болу үшін 24 сағат жаттығудың өзі аздық етті. Кешегі Аста­наға келген атақты киножұлдыз Джекки Чанның 17 жыл биші болғанын көпшілік біле ме екен? Мен де сондай сынақтан өттім! Арманыма жеттім. Оқуды бітірген соң екі жылдай Шымкенттің облыстық филармониясында биші болдым. Бірақ, мен әлі де әртіс емес едім.

– Қызық екен, Глазбай аға, неге олай дедіңіз?

– Өйткені, 1969 жылы Құрманғазы атындағы Өнер институтының актерлік факультетіне түсіп, алғашқы дәріс сабағы басталғанда, халық әртісі Хадиша Бөкеева апамыз осылай деген. Ол кісі: «Мына отырған бәрің бірдей әртіс болмайсыңдар. Бірақ, сол салада жүресіңдер», дегені әлі есімде. Алтынбек пен Тұңғышбай, Меруерт пен Кәдірбек шын мәнінде халық әртістері атанды. Ал мен... ұстаз-апамның айтқаны айдай келді, эстрада режиссері болдым. Алғашында өз бетімше талпынып жасаған «Алдаркөсе эстрадада», «Әлемде талай қызық бар» деген эстрадалық қойылымдарым сын­шы­лар тарапынан дұрыс баға алды. Сол мезет­тен бастап ре­жис­серлік қызметке мойын бұрдым. 

– Бірден «жұлдыз» атандыңыз ба? 

– Мәскеуден режиссерлік білімімді ұш­тап, оқу бітіріп келген жылы әуелден бері аң­сарым ауып жүрген жобам еді, «Шәм­­­ші – бақыт құшағында», одан іле-шала «Күлкі атасы – Оспанхан» деген екі бір­­дей қойылымды бірінен соң бірін сахна­лап жі­бер­дім. Олар да шын қуанды, көрер­мен де шат-шадыман. Режисерлік алғаш­қы шы­найы табысқа жеткенім сол шы­ғар. «Жұл­дыздардың» жұлдыздарын жарқы­раттым! 

– Бала кезгі арман болған бидің қызуы жайына қалды десеңізші, биші бола­мын деген жастықтың буы-ау, сірә?!

– Жайына қалды деп айта алмаймын. Әлі күнге дейін сұраныс туып жатса, әлем халықтарына тән билердің түбін түсіремін (күлді). Үлкен өнерге бекзат өнер би арқылы келдім десем, артық айтпайтын шығармын. Ұлымыз Фархат  Есенгүл жеңгең екеуміздің жолымызды қуып, цирк әртісі атанды. Атағы дардай акробат. Өте күрделі трюктер жасайды. Менің бишілік өнерім біздің әулеттегі екінші ұрпаққа осылай жалғасты. Фархат көп жыл Америкада өнер көрсетті. Дүние жүзінде бармаған елі де, жері де жоқ. Екі ұл, бір қыздан 8 немереміз бар. Көбінің көзінен өнерге деген шынайы құмарлықты байқаймын. Ол да бақыт!

– Өнер адамы, оның ішінде сахналық қойылымдар шебері ретінде сіздің де әлемде шарламаған жеріңіз жоқ шығар?

– «Жоқ» дей алмаймын. «Қазақкон­церттің» арқасында дүние жүзінің талай мемлекеттерін шарладым. Қазақстанда тек қана теледидардан көретін Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Испаниядағы біздің әртістеріміздің бір қойылымында алғысын айтып, қолымды қысты. Мұндай тосын сәттер жадыңда мәңгі сақталады. Бірде Жапонияға мемлекеттік делегацияны ол кездегі Премьер-Министріміз Даниал Ахметов бастап барды. Жаз айы еді, жапондықтарға көрсетілген қойылымнан соң Премьер-Министр бізге ризашылығын білдірді. Біз Үкімет басшысын туған күнімен құттықтадық. Сонда біздің Роза Рымбаева қарап тұрмай: «Бүгін біздің режиссеріміздің де туған күні», демесі бар ма. Сөйтіп, Күншығыс елінде туған күнімді күллі делегация болып атап өттік. 

– Сіздің есіміңіз маған Қазақстанда ғана емес, Жер шарында да жалғыз әрі бірегей сияқты болады да тұрады?

– Неге Глазбай дейсің ғой? Біздің ауылдың ең озат комбайншысы, жалғыз орыс Глазов бір трактормен екі комбайн сүйреп астық бастырғаны үшін «Ленин» орденін алған. Мен сол күні туыппын. Әкем еңбектес жолдасының құрметіне ырым жасап, атымды Глазбай қойыпты. 

– Сахна мен стадиондағы немесе үлкен шаршы алаңдағы театрланды­рылған қойылымдардың ауқымы мен тынысы, көлемі жағынан өзіндік ерек­шеліктері болатыны хақ. Осылардың қайсысында шаршайсыз, қайсысына көп күш жұмсап, жүйкеңіз жұқарады?

– Жүйкесі нашар адамдар қандай шаруа­­да болсын құр айқаймен «шар­шап» қалып жатады. Мен ондай қасиет­тер­ден құралақанмын. Қазақша айтқанда, кез келген істі ойнап-күліп жүріп атқарамын. Біздер – өнер адамдарымыз. Дегенмен де, соншама адамның басын құрап, ән мен би шашуын рет-ретімен мүлтіксіз көрер­менге ұсынудың режиссерлік өз құпия­сы, әжептәуір салмағы болады. Сах­наның сыртында жүргенмен де үнемі іске жауапты мемлекет адамдарының наза­рында тұрасың, әрі олар сәт сайын байла­нысқа шығып жатады. Жауапкер­шілік қашан да зор. Осы күнге дейін өз атыма бұл салада бір рет те сын естіп көрмеппін.  

– Сондай іргелі қойылымдардың өзіңіз секілді режиссерлері көрерменге беймәлім, тіпті назардан тыс қалып қояды. Оған налитын кездер жоқ па?

– Жоқ. Қойылым үлкен, мейлі, кіші бол­­сын, әйтеуір, басы-қасында жүрген соң көрер­­меннің ойынан шыққанын сезе­сің ғой енді былай... көрермен қол шапа­лақ­тап, көңілді күліп отырады ғой... Сырт­тай бақы­­лап тұрасың да, «үһ» дейсің! Режиссер үшін мара­паттың да, мадақтың да ең зоры сол. 

– Әңгімеңізге рахмет, еңбегіңіз жансын, Глазбай аға.

Әңгімелескен  Талғат Сүйінбай, «Егемен Қазақстан» Алматы

Суретті түсірген  Нұрманбет Қизатұлы