Жер – алтын мекеніміз, асыраушымыз, дәулет-қазынамыз. Хакім Абай: «Қара жер адамзатқа болған мекен, Қазына іші толған әртүрлі кен, Ішінде жүз мың түрлі асылы бар», деп сипаттаған. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан: «Адам баласының дүниедегі іздегені – құт-береке» дейтін алтын ойының темірқазығы – қазақтың жері. Ол – таңғажайып ризық-несібеміздің көзі.
Кең-байтақ көсілген жерімізді ұлы хандарымыз, билеріміз, қолбасшыларымыз, сағымға садақ ілдірген баһадүр-батырларымыз, асыл жұртымыз қанын судай ағызып қорғап, ұрпағына аманаттап қалдырды. «Ұлтарақтай болса да ата қоныс жер қымбат» деп, ұлт зердесін сәулелендірді. Ұлы Дала – Ұлт рухының негізі. «Орақ-Мамай» дастанының Орманбет толғауында «Еділ – үйдің есігі, Жайық – үйдің жапсары, Түркістан – үйдің төрі» делінген. Жалпақ, байтақ дала бес мың жылдық тарихы бар киіз үйдің іші тәрізді делінген. Не деген зор мағына сыйғызған ұлы ұғым. Тағы да «Түріктің алтын бесігі – Алтай» (Қошке Кемеңгерұлы).
Әйтеке бидің: «Біз бүкіл қазақ – бір шаңырақ, бір қазан, бір төрелік дастарқан болып, атамекенді түгел қамтиық!» деуінде тұтасып бірігейік, атақонысты жанға, малға толтырайық деген ұлы тілек бар.
Қазақтың мұхиттай шалқыған батырлық жырларында, би-шешендеріміздің сары алтындай сырлы лебіздерінде, ел әдебиетінде нешеме алуан қара жердің тағдырына, кие-қасиетіне, жаратылысына орай айтылған күмістей құлпырған ойтүйіндері жеткілікті. Мына бір керемет тәмсілдің тереңдігіне жүгіну, миға жүгірту абзал. Сырым Датұлының кемел жаратылысын болжап, көсемдік танытқан 95 жастағы Бөкен биден әрі көрікті, әрі ақылды Ақбикеш ару «Тіршіліктегі арманыңыз не?», деп сұрағанда:
«Тіршілікте армандайтыным – таза өлім. Жердің астында да тазалық керек. Лас өлімге қара жер де сестеніп тұрады. Жерден киелі, жерден қасиетті нәрсе жоқ. Жердің үсті де, асты да шалқып жатқан байлық. Олай болса, біз тірлікте де, өлгенде де Жерді бүлдірмеуіміз, ластамауымыз керек. Жер жыламасын, жетімсіремесін. Ойы таза, бойы таза адамдардың өлімі де таза болады. Ал жан ластығы өлгеннен соң қанша жусаң да тазармайды, жердің асты ластанады», дейді аталы сөзі атан түйеге жүк Бөкен би.
«Жерден тажал шыққандай» деген халық теңеуі көп жайтты аңғартады. Жерде тұңғиық сыр бар. Жер – көнбіс әрі сезімтал. Қазақтың жері қанға бөкті, алапат қырғын-сүргіндерді бастан кешірді: экологиялық апаттар, ядролық жарылыстар, ашаршылық қырғыны... Атақонысқа, ата дәстүрге, ата тарихқа, ата тілге, ата кәсіпке бұлт үйірілді, ядролық сынақтан 20 млн гектар жер бүлінді. 180 млн гектардан астам жайылымдық жердің 40 пайызы жарамсыз болып танылды. Республика аймағының 44 пайызы шөл, 23 пайызы шөлейт.
ХХ ғасыр басында Міржақып Дулатұлы «Оян, қазақ!» дейтін зар толғауында: «Кір жуып, кіндік кескен қайран жерлер, Мұжыққа, қош аман бол, барасың ба? Қасиетті бабамыздың зираты, Қалды ғой көшесінің арасында. Моншаға зираттың тасын алып, Ағашын отқа, мұжық, жағасың да», деп күйінді.
Жерді іңкәрлікпен сүю, сұлулығын, салтанатын қорғау, көріктендіріп гүлдендіру – атам заманнан бергі әдептілік пен ізгілікті ұстанған қазақ баласының дағды-машығы еді. Халық әдебиетінің өкілдері: жыраулар, жыршылар, сал-серілер, шежірешілер, дастаншылар ел мен жерді құрметтеуге тәрбиелеген, көркем сезімге бөлеген, санасын жаңғыртқан.
Ыбырай Алтынсарин 1862 жылдың 26 қаңтарында Н.И.Ильминскийге жазған хатында: «Менің ойымша, көңілдің хошы, бақыт дегеннің бәрі де ата-бабамыз өмір сүрген және жерленген жерінде, туған ошағыңның басында жақсырақ, ал қайғы дегеннің қандайы да, тіпті, ажалдың өзі де сол жерде жеңіл болатын сияқты» дейді. Бұл – өндірдей жігерлі жастың кеудесін кернеген мейлінше қуатты, таза патриоттық ой-сезімі. «Жақсыдан сөз шығады жан секілді, тамырдан атқылаған қан секілді!» дегенге дәйек.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасына қатысты өрелі ойлар бабадан мұраға қалған Жер-анамыздың қадірін білуге, бар байлығымызды бағалауға үндейді.
Серік Негимов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор